ХХІ ғасырдың адамы үшін уақыт – ең қымбат қазына. Ал уақытты тиімді пайдалану ең керекті, ең пайдалы өнерге айналып отыр. Денсаулық сақтау жүйесінде ақпараттық технологияны, мобильді цифрлы қосымшаларды белсенді пайдалану, электронды денсаулық төлқұжатын енгізу және «қағазсыз» ауруханаларға көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру – Мемлекет басшысының жыл басындағы Жолдауында арнайы айтылған мәселе болатын. Яғни мемлекеттік дәрежеде көңіл бөлініп отырған бастама деген сөз.
Батыс Қазақстан облысы медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізуге енгізу қанатқақты режімде 2018 жылдың қаңтарынан басталды. Жоба шеңберінде өңірдегі медицина ұйымдарында «Kazmedinform» медициналық ақпараттық жүйесі, Орал қаласындағы 6 емханада электронды кезекті басқару жүйесі, жедел медициналық жәрдемді басқарудың «АДИС» автоматтандырылған жүйесі енгізілді.
Мобильдік қосымша арқылы дәрігерлердің жұмыс кестесімен танысуға, тұрғылықты жері бойынша тіркелген учаскені анықтауға, дәрігер карточкасын қарауға, облыстың медициналық ұйымдарын қарауға және оларды картадан табуға, дәрігерді үйге шақыруға, дәрігердің қабылдауына жазылуға және қажет болған жағдайда жазылу уақытын өзгертуге болады. Оған қоса Push хабарламалар және дәрігерге бару жөнінде ескерту функциялары бар.
Дәрігердің қабылдауына жазылуға арналған k-vrachu.kz веб-порталында тіркелген учаскені іздеуге, дәрігердің (жалпы, тәжірибелік дәрігер) қызмет көрсететін ауданын қарауға, дәрігерді үйге шақыруға, дәрігердің қабылдауына онлайн жазылуға, дәрігердің кестесін, оның біліктілігін қарауға, дәрігерді бағалауға болады.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында кезекті азайту үшін қаланың барлық емханасында «Электронды табло» электронды кезекті басқару бағдарламасы енгізілген. Қаланың 6 емханасында және «Деркөл» дәрігерлік амбулаториясында «Казмединформ» медициналық ақпараттық жүйесімен интеграцияландырылған электронды кезекті басқару жүйесі жұмыс істеп тұр.
Қазіргі таңда өңірдегі 121 нысанның 105-і қағазсыз қызмет көрсетуге көшірілген.
Облыстық жедел медициналық жәрдем қызметі онлайн режімінде жұмыс істеуі үшін ситуациялық орталық орнатылып, автоматтандырылған жүйе жаңғыртылды. Қалалық жедел жәрдем стансасы 32 дана мобильдік АРМ планшеттермен 100% қамтылған. Ал облыс бойынша 138 дана санитарлық автокөлік түгелімен GPS-мониторингке қосылған.
Тағы да сандарды сөйлетсек, өңірдегі медициналық ұйымдар компьютерлік техникамен 100% жарақталған, бұл дегеніңіз − 4500-дей компьютер! Қай салаға да ауадай қажетті құралға айналған бұл техниканы жаңартып отыруға облыс басшылығы жыл сайын көңіл бөліп келеді. Тіпті «Батыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау басқармасын цифрландыру жөніндегі жол картасы» атты арнайы бағдарлама әзірленіп, оның орындалуын облыс әкімінің орынбасары қадағалайды.
Әрине проблема да жоқ емес. Соның бірі – орталықтан шалғай елді мекендердің интернетпен толық қамтылмауы. Бүгінде 383 медициналық мекеменің 120-сы интернет желісіне қосыла алмай отыр. Бұлар негізінен алыстағы шекаралас аудандардың медициналық, фельдшерлік-акушерлік пункттері. Таяуда өңірде болған Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова шекаралық елді мекендерді сапалы байланыс, интернет жүйесімен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін республикалық деңгейде жұмыс атқарылып жатқанын айтқан болатын. Ендеше кешікпей бұл түйткілдің де түйіні тарқатылар.
– Орал қалалық №3 емханасы бір кезекте 100 науқасты қабылдауға арналғанымен, толық қуаты 320 пациентті бірден қабылдауға жетеді, – дейді емхана директоры Сандуғаш Кеңесова. – Облыс орталығының тарихи аумағында орналасқан мекеме 46 500 адамға қызмет көрсетеді.
Бір ерекшелігі осы аумақта 11 мектеп, 10 балабақша, 4 колледж, бір мемлекеттік университет орналасқан. Сонда бұл емханаға балабақшаның 1639 тәрбиеленушісі, 6837 оқушы, 8212 студент қаралады. Емханада қызмет ететін 305 дәрігердің иығындағы жауапкершілік жүгін бағамдай беріңіз.
Өңірдегі барлық медициналық мекеме сияқты №3 емхана да жыл басынан бастап қағазсыз құжат жүргізуге көшкен. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Дәрігерлер де, науқастар да денсаулық сақтау саласына жаңа жүйенің, ақпараттық технологияның енуін қуана құптап отыр.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы