Аймақтар • 08 Қараша, 2018

Мүмкіндіктер толық пайдаланылмақ

316 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толық іске асыру, саладағы еңбек өнімділігін көтеру және экспорттық өнімдердің үлесін өсіру міндетін қойғаны мәлім.

Мүмкіндіктер толық пайдаланылмақ

Өңірдегі ауыл шаруашы­лығы саласының қызметкерлері жылдың басты бағдарламалық құжатын талқылау кезінде ой желісін осы тұстан сабақтады. Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев атап көрсеткендей, жыл сайын аграрлық секторды одан әрі дамыту үшін облыстық бюджеттен 13-15 миллиард теңге қаражат бөлінеді. Бұл қомақты сома қайтарымсыз емес. Бұған ауыл шаруашылығы өнімдері артып келе жатқаны айқын айғақ.

Айталық, биылғы 9 айда аймақтағы ауыл шаруашылы­ғы құрылымдары 157 мил­лиард теңгенің өнімін шығарған. Мұның өзі өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға жоғары. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш тағы да өседі деп күтілуде. Сонымен бірге аталған кезеңде салаға 15 миллиард теңгенің инвестициясы тартылғаны да тәуір нәтиже болмақ. Ал экспорттық өнім бойынша облыста негізінен ет экспортындағы белгілен­ген меже артығымен орын­далып келеді. Әйтсе де мұның өзі табыс шегі болып қала алмаса керек. Сонымен бір мезгілде экспорттық өнім аумағын ұлғайту шаралары аясында, оның географиясын көршілес Өзбекстан және Араб елдерімен кеңейту шаралары белгіленген. 

Ақтөбе – мал шаруашы­лығын өркендетуге өте қолай­лы өңір. Ендеше өңірдің бұл бағыттағы әлеуеті мен мүм­кіндігін одан әрі өсіру жол­дарын іздестірудің еш артықшылығы жоқ. Қазіргі кезде өңірде мал басының өсу көрсеткіші 5-7 пайыз төңі­регінде. Әйтсе де мұны 10-15 пайызға дейін көтеруге то­лық мүмкіндік бар. Оның бас­ты жолы – асыл тұқымды мал санын көбейту және мал азығы базасын ұлғайту. Жол­­дауда қойылған басты мін­дет­тердің бірі де осы. Тағы бір айта кетерлік мәселе, бүгін­гі таңда облыстағы агро­құ­рылымдардың дені ұсақ шаруашылықтар. Одан түсетін табыс пен пайда төмен екенін тәжірибе көрсетіп келеді. Сон­дай-ақ ұсақ шаруа­шы­лықтарға қаржылай көмек берудің тиімсіздігі де айқын көрінуде. Бұл мәселенің саны бар да, сапасы күмәнділеу ауыл шаруашылығы коопера­тивтеріне де қатысы бар. Сон­дықтан да оны ірілендіру мен әлеуетін арттыру ісі де алдағы уақыттың еншісіне тимек. Бір сөзбен айтқанда, мем­ле­кеттің бір теңгесін бел­гілі бір уақыт ішінде 1,5-2 теңге әкелетіндей есеп жасалып, соған сәйкес тиянақты іс тындырылуға тиіс. Сонда ғана экономиканың үнемділігі мен тиімділігіне қол жеткізуге болады. 

Жолдаудағы басты міндет­тер­дің бірі – жалақы мөл­шерін өсіру. Облыста 6200 шаруашылық субъектілері бар. Онда 32 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы – 78 мың теңге. Бұл агроөнеркәсіп кешені қыз­мет­керлерінің жалақысы төмен екенін көрсетеді. Ендеше оны өсіру мәселесі өткір қойылуға тиіс. Өңірде бұл мәселе 1 жел­тоқсанға дейін шешімін тауып, жалақы мөлшері 10-15 пайызға дейін өсірілмек. 

Ауыл шаруашылығы қыз­мет­керлері салалық кәсіп­одағы Ақтөбе облыстық фи­лиа­лы­ның төрағасы Тұрақ­­бай Сұлтанғалиев Мем­лекет басшысы тарапынан агро­өнер­кәсіп кешенінің әлеуе­тін арттыруға басымдық беріл­­гені үлкен серпіліс ту­ғыз­­ғанын атап көрсетті. Ол жұ­мыс берушілер мен жұмыс­шылар тарабы арасында әлеу­меттік-экономикалық және еңбек кепілдіктері бойынша 62 ұжымдық шарт жасал­ғанын алға тартты. Салалық кәсіподақ төрағасы Жолдауда айтылған тапсырмалар мен мін­деттер жүзеге асқан жағдай­да ауыл шаруашылығы қызмет­керлерінің жай-күйі жақсара түсетінін жеткізді. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ