Қазақстан • 08 Қараша, 2018

Теңге – елдің экономикалық тәуелсіздігінің нышаны

373 реткөрсетілді

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­­да­рында Ұлттық Банк­тің басқарма төрағасы қыз­метін атқарған Ғалым БАЙНАЗАРОВ жақында «Еге­мен­­ Қа­зақстан» газеті­нің оқыр­мандарымен ұлт­тық валюта – теңгені ай­на­­лым­­ға енгізу туралы естелік­­­терімен бөліскен еді.

Қазақстанда ұлттық валюта «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу тура­лы»­ Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің 1993 жылғы 12 қарашадағы №1399 Жарлығымен 1993 жылғы 15 қарашада ай­налымға енгізілді. Кейіннен, яғни 1998 жылдан бастап, 15 қа­­раша кәсіби мереке ретінде «Ұлт­­тық валюта – теңге күні және Қазақстан Республикасының қар­жы жүйесі қызметкерлерінің мерекесі» болып белгіленді.

Биыл экономикалық тәуел­сіз­дігіміздің нышаны, Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің ай­налымға енгеніне 25 жыл болады. Аталған айтулы мереке­мен қар­жыгерлерді, банк қыз­мет­керлерін және барша отандас­тарымызды шын жүректен құт­тықтаймыз!

Тарихи тұрғыдан алғанда шамалы кезең ішінде еліміз тұтас дәуірге барабар жолдан өтті. Ұлт­тық валюта елдің эконо­мика­лық тәуелсіздігін қамтамасыз етті, оны айналымға енгізу арқылы ауқымды нарықтық қайта құруға жол ашылды. Бүгінде елімізде заманауи нарықтық экономика құрылды. Қазақстан әлемдік достастықта көптеген елдер үшін сенімді әріптес бола отырып, өзінің дербес жолымен даму үстінде. Осы орайда теңгенің пайда болу тарихын тағы бір еске алайық.

Өз жолымен

Тоқсаныншы жылдардың басында не болғаны көпшіліктің есін­де шығар:  кезінде КСРО-ның қуатты экономикасы түрлі себептермен күйреуге жақын болды. Барлық одақтық республи­калар 1990-1991 жылдары тәуелсіздігін жариялап, КСРО құрамынан шық­қан соң, Одақ тарап кетті. Алайда банк жүйесі бір мезетте құлдырай алмады, әлі де ортақ валюта – рубль арқылы бірыңғай төлем жү­йесі болды. Ұлттық валюталар әлі қолданысқа енбеген кезең еді. Бал­тық жағалауы республикаларын қоспағанда, бұрынғы одақтас республикалардың аумағындағы ақша жүйесін КСРО Мемлекеттік банкі 1991 жылдың соңына дейін басқарды. Ал 1992 жылдан бас­тап Ресей Федерациясының Орта­лық Банкі (бұдан әрі – РФ ОБ) бас­қарды. Соған қарамастан, бірыңғай қаржы-бюджет жүйесі 1991 жылдан бастап құлдырай бастады, жылдың екінші жартысында одақ­тық бюджет іс жүзінде жұмыс іс­теуін тоқтатты. Одақтық бюджеттен дотациялар, салықтардың одақтық бюджетке келіп түсуі тоқ­татылды. Әрине біз, банкирлер, рубль аймағының да ерте ме, кеш пе, күйрейтінін күттік. Жү­йе­лік қаржы дағдарысы басталды, бұл ауқымды экономикалық дағдарысқа ұласты. Жаппай төлем жасамау дағдарысы пайда болып, экономикадағы жағдай тез нашарлап кетті.

Дәл осы кезеңде, 1992 жыл­ғы қаңтарда мен Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық Мемлекеттік Банкі­нің (ҰМБ) басқарма төрағасы бо­лып тағайындалдым, жедел жә­не стратегиялық сипаттағы көп­­теген жинақталған проблема­ларды шешуге тура келді. Уа­қыт­­ты жоғалтпай ақша-кредит қа­­тынастары саласындағы жаңа басқару жүйесін құру бойынша шұғыл шараларды қолдану қа­жет болды, бұл жүйе неғұрлым тиімді жұмыс істейтін өнеркәсіптік кешендерді және аграрлық секторды қолдау мен сақтау бойынша қажетті шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріп, бірыңғай рубль аймағының толық күйреуіне жол бермес еді. Алдағы бүкіл қай­­­та құрудың басты мақсаты − Қа­зақстанның банк жүйесінің дер­бестігін, еліміздің тәуелсіз мем­лекет ретінде өзінің ұлттық валютасымен бұрынғы Орталықтың араласуынсыз өз ақша-кредит сая­сатын жүргізе алуын қамтамасыз ету болды.

«Теңге» жобасы туралы

1992-1993 жылдары ҰМБ алдында тұрған барлық міндеттердің ішінде ұлттық валютаны дайын­дау және оны айналымға ен­гізу жобасы ең жауапты әрі шұ­­ғыл міндет болды. Ұлттық ва­лю­таны дайындау Қазақстан Рес­­­публикасының Президенті Н.Назарбаевтың маған ҰМБ бас­қарма төрағасы ретінде берген алғаш­қы тапсырмалардың бірі еді. Бұл ірі әрі кешенді жоба болатын. Оны іске асыру банк жүйесінде ауқымды реформаларды жүзеге асыруды, бұрын Қазақстанда бол­маған ақша нарығының жаңа инфрақұрылымын құруды талап етті. Бұл ретте инфрақұрылымның бүкіл объектілері ұлттық валютаны айналымға енгізген сәтке дейін құрылуға тиіс болатын.

Жобаны іске асыру барысында біз көп қиындықты еңсердік. Ең алдымен, жоба аса құпия болды, тиісінше, ол өте қатаң құпия ре­жімде жүзеге асырылуға тиіс еді. Жобаның құпия болуына Қа­зақстанда 1992 жылдың басында дер­бес банк жүйесі қалыптаспауы да негіз болды. Іс жүзінде елімізде КСРО бұрынғы Мембанкінің бұ­рынғы филиал желісі жұмыс іс­теді, оны Мәскеудегі бас офисі басқаратын. Бұдан басқа еліміз­дің аумағында әскери-да­лалық банк­тердің, бұрынғы Одақ­тың қорғаныс кешені кәсіп­орын­дарының біртұтас жүйесі және Қа­­­зақстанның бүкіл экономикасы Ресеймен және бұрынғы КСРО-ның басқа республикаларының эко­номикасымен тығыз байланыс­ты болды. Олардың барлығы да бірыңғай валюта – Кеңес Одағының рублін пайдалануын жалғастырды.  Бұрынғы Одақтың экономикасы түпкілікті бөлінген жоқ еді, барлығы қалыптасқан өндірістік байланыстарды, дәстүрлі өткізу нарықтарын жоғалтпауға тырыс­ты. Бұрынғы Одақ республикалары үкіметтерінің тарапынан жаңа ортақ ақша жүйесі туралы түрлі интеграциялық бастамалар көтерілді, алайда тәуелсіздік жағдайында банкирлердің ортасында оны іске асыруға ешқандай сенімділік болмады. Осы жағдайда ұлттық валютаны құрумен ашық айналысу іс жүзінде мүмкін болмады. Сондықтан ҰМБ жобаны жалғыз өзі, қатаң құпияда, қалың жұртшылық, депутаттық корпус, Министрлер Кабинеті ар­қылы атқарушы билік және бар­лық құ­қық қорғау органдары тарапынан қажетті көмексіз жүзеге асыруға мәжбүр болды. Бұл ҰМБ-ның іс-қимыл еркіндігін тежеді. Осыған орай ҰМБ жұртшылық және депутаттық корпус тарапы­нан көп­­теген орынсыз сынға ұшы­рады. Жоғарғы Кеңес депутаттары ұлттық валютаны енгізу қажет­тілігі туралы мәселені ара-тұра көтеретін, ал мен ұлттық ва­лютаны дайындау жұмысының жүзеге асырылып жатқанына қа­рамастан, жұртшылыққа және Жоғарғы Ке­ңесіне бұл мәселе бойынша қа­былданып жатқан шаралар туралы ашық айта алмадым. Ол кезде, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ҰМБ Парламентке – Жоғарғы Кеңеске бағынды. Сондықтан де­пу­таттық корпустың ішінен «Тең­ге» жобасының іске асырылу барысы туралы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы С.Әбділдин және Қаржы және бюджет жө­ніндегі тұрақты комитеттің төр­ағасы С.Тәкежанов білді. Ал қал­ған адамдарға «Теңге» жо­басы белгісіз еді. Қазақстан Пре­­­­зиденті Н.Назарбаев елдің Ви­це-президенті Е.Асанбаевты «Тең­ге» жобасының жалпы үй­лес­тірушісі етіп тағайындады. Тиісінше, ҰМБ Е.Асанбаевпен тығыз жұмыс істеді, оның қаты­суымен ағымдағы мәселелер тал­қыланып, тиісті шешімдердің жо­балары пысықталды. Е.Асан­баев және ҰМБ Мемлекет басшысына жобаның іске асырылу барысы туралы тұрақты түрде хабарлап отырды, ал Президент соңғы нұс­қасында қажетті шешімдер қа­былдап, ҰМБ-ға тұрақты қолдау көрсетіп отырды. 

Дизайн және өндіріс

«Теңге» жобасы ҰМБ үшін мүлдем жаңа жұмыс болды. Біз­де банкноттар шығару, валюта нарығы, валюталық резервтер ешқашан болған жоқ. Соған сәйкес дайын мамандар да болмады, қаражат та жеткіліксіз еді. Мемлекет басшысы «Теңге» жобасын аяқтау мерзімін 1993 жылғы 1 сәуір деп белгіледі. Шешімдерді өте қысқа мерзімде қабылдау қажет-тін. 1992 жылғы ақпанда біздің сұратуымызға орай Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Франция және Голландия банкнот фабрикаларынан валюта­ шы­­­ға­руға ұсыныстар келіп тү­­­се бастады. Жобаны орын­дай­­­тын фирманы таңдау қа­жет­ болды. Осы мақсатта мен, М.Тұрсынов, Е.Қожамұратов және Т.Сүлейменов банкнот өн­дірі­сін зерделеу үшін 1992 жылғы наурызда Ұлыбританияға, сәуірде Францияға бардық. Фирмалардың баға ұсыныстарын мұқият зерделеп, талдау нәтижесінде, технологияны, шығарылатын банкноттар сапасын зерделеп, 1992 жыл­ғы сәуірде Ұлыбританияның «Харрисон мен ұлдары» деп ата­­­­латын фирмасы жобаның орын­­­даушысы ретінде айқын­дал­ды. Банкнот өндірісінің көп­теген мәселелері бойынша ке­ңесшіміз болған фирмамен ын­тымақтастығымыз басталып кетті. 

Жұмыс барысында банкнот өн­дірісі ерекше және қымбатқа шы­ғатын өндіріс екендігі белгілі болды. Жоба миллиондаған қаржыны талап етті, оның ішінде банкноттар дизайнының шығыны жалпы шығынның кемінде 30-35%-ын құрады. Қаражатты үнемдеу мақсатында біз фирмаға банкнот дизайнын өз күшімізбен, Қазақ­стан суретшілерінің қа­ты­­суы­мен дайындағымыз келе­тінін хабарладық. Валюта дизайнын дайындау Т.Сүлейме­нов басқарған Қазақстан дизайнер­лерінің одағына тапсырылды. Жұмыс тобының құрамына 6-7 қазақстандық суретші кірді. Олар Үкіметтің жабық режімдегі, тиісті күзеті бар саяжайларының бірінде жұмыс істеді. Бір айдың ішінде ұлттық валюта дизайнының төрт нұсқасының нобайы дайын болды. Бірінші нұсқада банкноттар нобайында қазақтың ою-өрнегі басым еді. Екінші нұсқада банкноттар америкалық долларға, үшіншісі бейне ультразаманауи түрде берілген Голландия ва­лю­тасына ұқсас болатын. Төр­тінші нұсқада портреттер салынды. Осы төрт нұсқаның ішінде қа­зақ мемлекеттігінің не­гізін қа­­­лаушылар, қазақтың бел­­гілі мә­­дениет және ғылым қайрат­керлерінің портреттері са­лынған дизайн таңдап алынды. 

1992 жылғы қыркүйекте «Хар­рисон мен ұлдары» фирмасы ұлт­тық валютаның жоба күйіндегі даналарын дайындады. Оны Мем­лекет басшысы мақұлдады және тапсырысты орналастыруға рұқсат берді. Дизайн нобайының нұсқасын өнеркәсіптік нұсқаға ауыстырудың күрделі процесінен кейін 1992 жылдың бірінші жартысында банкноттардың барлық номиналдары бойынша өнеркәсіптік дизайны өндіріске жіберілді. 1992 жылғы желтоқсанның ортасында Лондонда мен «Харрисон мен ұлдары» фирмасында банкнот­тардың өнеркәсіптік үлгілеріне қол қойдым, содан Қазақстан бан­кноттарының өндірісі бас­талып кетті. Ал 1993 жылғы наурыз­дың соңына қарай Қазақстанның ал­­­ғашқы ақшасын шығару аяқ­талды. Теңге жоғары сапалы болып қана қоймай, оның қорға­ныш деңгейі де жоғары болды. Кей­бір номиналдардың 18-ге дейін қорғаныш элементі болды. «Хар­рисон мен ұлдары» фирмасы біздің ұлттық валютамыз – теңгені дайындағаны үшін Ұлыбритания Королевасы жыл сайын үздік сапалы өнім үшін беретін медальмен наградталды.      

Қазақстанға жеткізу 

1993 жылғы сәуірде валютаны Англиядан елге тасымалдау бас­талды. Банкноттар ұшақпен тек түнгі уақытта ғана жеткізілді. Ол кезде Лондонға дейін тоқтамай ұшу техникалық тұрғыдан мүмкін болмады, ұшаққа жанармайды Қазақстан аумағында ғана құю қажет болды. Жасыру үшін ерекше жүк осы мақсатта ағылшын тілін – халықаралық навигация қызметтерінің тілін меңгерген, таңдап алынған ұшқыштардың екі экипажымен екі жолаушылар ұшағында тасымалданды. Банкноттар «құпия» деген грифпен «Үкіметтік арнайы жүк» ретінде шағын металл контейнерлерде тасымалданды және оларға кедендік тексеру жүргізілмеді. Жүкке ҰБ-ның әскери қару алып жүруге құ­қығы бар қызметкерлері ғана ілесіп жүрді. Олар күзетті, тиеуді және соңғы қабылдау орнына дейін жеткізуді қамтамасыз етті. Әрине мұндай жүкті тасымалдау тасымалдаушылар және кедендік бақылау жүйесі үшін әдеттегідей болған жоқ, соған байланысты бірнеше рет қалыптан тыс жағдай да орын алды. Бір күні Ақтау қа­ласындағы әуежайда ұшаққа жа­нармай құю кезінде қолында қаруы бар кеден қызметкерінің бірі «үкіметтік жүкті» кедендік тексеруден өткізуді талап етіп, біздің көлігімізді кешіктірді. Тағы бір жағдай Ресей аумағында болды. Жанармай қорын дұрыс есептемеген экипаж Ақтау әуежайына жете алмай, РФ шекаралық қа­лаларының біріндегі әуежайға қонуға мәжбүр болды. Екі жағ­дайда да орын алған жағдайды сәт­ті шеше алдық. Контейнерлерді ашу құқығынсыз қабылдауды және сақтауды ҰМБ-ның Тараз қаласындағы резервтік жерасты сақтау орнының қызметкерлері жүзеге асырды. Осылайша ұлттық валютаны шығару және оны Қазақстанға ешбір қиындықсыз жеткізу 1993 жылғы мамырдың басында аяқталды. 

Теңгені енгізу алдындағы жағдай 

Болашақ ұлттық валюта жұмыс істейтін қаржы нарығының негізгі инфрақұрылымдық объектілері бұрын Қазақстанда болған жоқ. Оның бәрі Мәскеуде, яғни басқа елдің меншігінде қалды. Оларды Қазақстанда іс жүзінде жоқ жерден жасау қажет болды. Банк жүйесінің барлық инфрақұрылымы өте қарқынды, ҰБ-ның меншікті кірістері есебінен, бюджет қара­жатын және сырттан қарыз алмай құрылды. 1993 жылдың бірінші жартысының соңына қарай Қа­зақстанның валюта биржасы, Бағалы қағаздарды шығару фабрикасы, Теңге сарайы, Алтын валюта резервтері, Алтын валюта резерв­теріне арналған мемлекеттік сақтау орны және халықаралық төлем жүйесі құрылып, жұмыс істей бастады. 

Барлық инфрақұрылымдық жобаларды 1993 жылдың бірінші жартысында іс жүзінде аяқтай отырып, ҰБ ұлттық валютаны енгізуге және осы бағыттағы кез келген оқиғаның өрбуіне дайын болды. Бірақ оқиғалар болжанғанға қарағанда, біршама өзгеше өрбіді. Ұлттық валютаны енгізу түрлі себептер бойынша кейінге қал­дырылды. Республиканың үкіметі рубль аймағын сақтау саясатын жүргізе отырып, ТМД елдерінің үкі­меттерімен және РФ ОБ-мен көптеген келіссөз жүргізді. Осы жұмыстардың барысында әр­түрлі үкіметаралық көпжақты және екіжақты келісімдер жасал­ды. Өкінішке қарай бұл ке­ліс­сөздер мен келісімдердің елеулі оң нәтижелері болмады. 1993 жыл­­дың бірінші жартысында Балтық елдері, сондай-ақ Украина, Беларусь, Қырғызстан, олардан кейін Өзбекстан мен Түрікменстан ұлттық валюталарын айналымға енгізді. Ресей 1993 жылдың басында өз валютасын енгізуге кү­шейтілген дайындықты бастады. Республиканы қолма-қол банкноттармен қамтамасыз ету күрт нашарлады. Бұл жалақы мен әлеуметтік төлемдерді төлеу кезінде көптеген іркілістерге алып келді. Жағдай өте күрделі еді. Әлі есімде, 1993 жыл­ғы тамызда, бір ай ішінде мен және орынбасарларым Қазақстанға жұмысшыларға жалақы беру, халыққа әлеуметтік төлемдер тө­леу үшін қажетті қолма-қол ақ­ша беру жөніндегі бір ғана өті­нішпен РФ ОБ басшылығымен кездесу үшін Мәскеуге 17 рет бар­дық. 1993 жылғы шілде айы­ның ортасында Ресейдің Эко­номика министрлігінде Ресей мен Қазақстанның бірінші вице-премьерлері басшылық жа­саған үкіметтік делегациялары арасында экономика, қаржы ми­нистр­­лерінің және орталық банк­тер бас­шыларының қатысуымен рубль ай­мағына байланысты мә­селелерді талқылау бойынша ке­зекті кездесу өтті. Осы кездесуде Ресей тарабы бізге бұрынғы рубль аймағының тоқтатылатыны, ал жаңа рубль аймағына Қа­зақ­станның қабылданбайтыны туралы ашық мәлімдеді. Бірыңғай рубль аймағын сақтау бойынша жүргізілген жұмыс мүлдем тығырыққа тірелді. Ресей 1993 жыл­ғы 26 шілдеде өз валютасы – РФ мемлекеттік нышаны бар рубльді айналысқа енгізді. Сонымен қатар Ресей өз аумағында қыркүйек айы­­­­нан бастап 1961, 1991, 1992 жыл­­дардағы Кеңес рубльдерінің және Ресейдің 1992 жылғы рубль­дерінің, сондай-ақ КСРО мен Ресей ОБ монеталарының айналыста жүруі тоқтатылатынын жариялай отырып, ТМД рубль аймағынан шықты. Ресейдің жаңа рубль ай­мағына өзінің ақша-кредит жүйе­сін құра алмаған, әлі азамат соғысы жүріп жатқан Тәжікстан ғана жіберілді.

Қазақстан Үкіметі рубль айма­ғына кіру идеясынан бас тартпай, осы бағыттағы жұмысты жалғастырды. Алайда Мәскеу қойған талаптар біз үшін іс жү­зінде тиімсіз болды. Қазақстан жаңа рубль аймағына кіру үшін кемінде 700 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі жинақталған алтын валюта резервтерін Ресейге толық беруге, бюджет тапшылығының деңгейін келісуге және ортақ рубль негізінде РФ ОБ ақша-кре­дит саясатына бағынуға тиіс­ болды. Қазақстан үшін бұл іс жүзінде экономикалық тәуелсіздік­тен толық бас тартуды білдірді. Уақыт өтіп жатты, келісімге қол­ жеткізілмеді, ал қолма-қол ақ­шамен қамтамасыз ету қарқынды түрде нашарлай бастады. 1993 жыл­ғы қыркүйектің басынан бас­тап РФ ОБ Қазақстанға қолма-қол ақша беруді толық тоқтатты. 1993 жылғы тамыздың соңында бұрынғы Одақтың кеңес рублінен бас тартқан барлық республикасы өздерінің ұлттық валютасын енгізді. Қазақстан 1993 жыл­ғы қыркүйектен бастап іс жү­зінде жоқ мемлекеттің кеңестік ақша белгілерін пайдалануды жал­ғастырып отырған жалғыз ел бол­ды. Осыған байланысты Қа­зақ­станның аумағына бүкіл экономиканы түбегейлі бұза отырып, ешкімге қажеті жоқ кеңестік ақша белгілерінің шектен тыс әкелу қаупі туды. Қолма-қол ақ­шамен қамтамасыз ету кезінде қалыптасқан жағдайдың күрт нашарлауы, сондай-ақ кеңестік ақша белгілерінің Қазақстанның аумағына жаппай «тастаудың» басталуы туралы 1993 жылғы қыр­күйекте мен Қазақстан Рес­пуб­­­ликасының Президенті Н.Назарбаевқа жан-жақты баяндадым. Ұлттық валютаны енгізу жө­ніндегі мемлекеттік комиссияны құ­ру туралы шешім қабылдауды сұ­радым, бұл кезде ұлттық валюта дайындалып қойған еді. Осы ұсынысты 1993 жылғы қазанның басында ел Үкіметі қолдады. Шешуші сәт басталған кезде (1993 жылғы қыркүйектің соңы), Президент бастаманы өз қолына алып, Министрлер Кабинетіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұлттық валютаны енгізу бойынша жұмысты бастауға тапсырма берді.

Айырбастау 

Ұлттық валютаны енгізу 1993 жылғы 15 қарашаға белгіленді. Ұлттық валютаны енгізу алдында (12 қараша) Мемлекет басшысы теледидар мен радио бо­йынша тікелей эфирде ұлттық валютаны енгізу туралы хабармен Қазақстан халқына Үндеу жолдады. Ол миллиондаған теледидар көрермендерінің алдында тамаша дизайны және үздік сапасы бар валютаның барлық номиналын көрсетті. Мемлекет басшысының Үндеуінен кейін мен теледидар мен радио бойынша тікелей эфирде КСРО Мембанкі мен Ресей Банкінің 1961-1992 жылдардағы үлгідегі қазынашылық және банк­тік билеттерін ұлттық валюта тең­геге айырбастау тәртібін жарияладым.

Рубльді ұлттық валютаға айыр­бастау 15 қарашада сағат 8-де бас­талды және үш күн ішінде рубль мен теңге қатар қолданылуға тиіс еді. 1993 жылғы 18 қарашадан бастап ұлттық валюта Қазақстан аумағында жалғыз заңды төлем құралы болды. Валюталарды айыр­бастау өте жауапты, техникалық жағынан өте күрделі іс-шара болды. Ақшаны айырбастау процесі осы процеске қатысқан адамдардан күш-жігерін толық жұмылдыруды, жоғары атқарушылық тәртіпті талап етті. Біз сағат сайын ҚҰБ-ның төменгі құрылымдарының, банктердің басшыларымен байланыста болдық, ақша айырбастау жөніндегі жағдайды қадағалап отырдық және ақша айырбастау процесінде туындаған түрлі проб­лемаларды шеше отырып, 30-дан аса жедел нормативтік нұсқаулар шығардық. Ақша айырбасталған күндері бухгалтерлік аппарат,­ кас­салық қызмет көрсету және инк­ассаторлық қызмет қызметкер­леріне жүктеме бірнеше есе өсті. Жоғары жауапкершілік пен кәсіби қасиеттерін көрсете отырып, ақша айырбастауға тартылған банк жүйесінің әр қызметкері тәулігіне өз жұмыс орнында 14-16 сағат бойы жұмыс істеді. Бұл ретте ақша айырбастау ісіне менің орынбасарларым М.Тұрсыновтың, А.Дудкиннің, Н.Абдуллинаның, барлық облыстық басқарма бастықтарының, ҚҰБ аудандық құрылымдары, екінші деңгейдегі банктер басшыларының және негізгі жүктемені көтерген және тапсырылған бүкіл халықтық іске жауапты басқа да көптеген адамдардың қосқан үлесін ерекше атап өтуге болады. Ақша айырбас­тау қорытындысы бойынша 1961-1993 жылдар үлгісіндегі 950,6 млрд қолма-қол рубльдер айналыс­тан алынды. Банк жүйесіне тән жоғары тәртіптілік пен жұмысты нақты ұйымдастыру нәтижесінде ақша айырбастау ешбір оқиғасыз және халықтың, заңды және жеке тұлғалардың шағым-талабынсыз үш тәулік ішінде жүзеге асырылды.

Заманауи жағдайдағы теңге 

Қазақстан Республикасы Ұлт­тық Банкінің қызметі әрдайым қаржы саласында және жалпы алғанда ел экономикасында тұ­рақ­­тылықты қамтамасыз етуге бағытталған. 1992-1993 жылдары бұрынғы Одақтың барлық рес­публикаларының аумағында гиперинфляция өршігені баршаға мәлім. Осы екі жылда Қазақстанда ин­фляцияның деңгейі 5125, 

3%-ға жетті, тауарлардың бағасы 52 есе өсті. Бағаның өсуін ешкім қа­­­­да­ғалай алмады, инфляция кі­рісті және өндірістің айналым қаражатын толығымен сіңіріп ал­ды десек те болады. Осындай ауыр жағдайда Ұлттық Банктің күш-жігері және қалыптасқан жағдайға барабар оның кре­диттік саясаты арқылы негізгі өнер­кә­сіптік орталықтарды, энер­ге­тика, агроөнеркәсіптік ке­шен­­нің базалық салаларының кә­сіпорындарын сақтап қалу, олар­ды шарасыз банкроттықтан құт­қару мүмкін болды. Кейіннен ҰБ-ның дербес жұмыс істеуі гипе­­ринфляцияны тоқтатуға кө­мектесті, 1995 жылдың соңына қарай ол екі таңбалы цифр­мен­ есептелді, ал 1998 жылы оның деңгейі небәрі 1,9%-ды құра­ды. Бірте-бірте банк жүйесін бас­қарушылардың жаңа буыны өсіп шықты және көптеген халық­аралық сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанның қаржы және банк жүйесі ТМД елдері ішінде ең үздігі атанды. 

Қазіргі кезде реттеушінің аты­на теңге бағамы, кредиттеу мөл­шерлемесіне қатысты сын айтылып жатады. Алайда  барлығы да Ұлттық Банкке байланысты емес. Мысалы, өнеркәсіптік өндірістегі  құрылымдық ауытқу, әлемдік ре­зер­втік валюталардың күшеюі, энер­гия тасымалдағыштардың ба­ғасын болжай алмау, барлық жерде болып жатқан сауда және валюталық соғыстар бар, бұлар нарық субъектілерінің іскерлік және кредиттік белсенділігін те­жейді. ҰБ қабылдаған банктік қызметтерді пайдаланушылардың құқықтарын қорғауды күшейту, банк жүйесін капиталдандыру,­ уытты кредиттерді жою, ин­фля­ция­ны басу, банктер мен қаржы институттарының кредит­тік бел­сенділігін арттыру жөніндегі ша­ра­ларды қолдау қажет. ҰБ бас­шылық етуімен заманауи банкинг жүйесі құрылуда, көрсетілетін қыз­­меттерді цифрландыру, қашық­тық­тан қызмет көрсету және т.б. жасалуда. Қазіргі кезде банк жүйесі бұрынғысынша экономиканың қаржылық тірегі болып отыр, ал ұлттық валюта – теңге, өзінің тарихи миссиясын орындай отырып, еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің негізгі кепілі болып қалуда.

Бетті дайындаған Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Таушық ауылы 80 жылдығын тойлады

Аймақтар • Бүгін, 16:35

Абай дүкені – Бельгияда

Руханият • Бүгін, 16:32

Герольд Бельгерге көше берілді

Қазақстан • Бүгін, 15:57

Ең қысқа әңгіме. Риза Исаева

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 15:50

Ең қысқа әңгіме. Нұрбике Құдайбергенова

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 15:45

Ең қысқа әңгіме. Дәурен Дариябек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 15:39

Ең қысқа әңгіме. Назерке Саниязова

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 15:37

Ең қысқа әңгіме. Ақылбек Шаяхмет

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 15:22

Ең қысқа әңгіме. Алдаберген Кемпірбай

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 13:00

Ең қысқа әңгіме. Еркеғали Бейсенов

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 12:42

Ең қысқа әңгіме. Көгедай Шәмерхан

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 12:39

Ең қысқа әңгіме. Жасұлан Серік

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 12:37

Ең қысқа әңгіме. Ақжол Қалшабек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 12:28

Ең қысқа әңгіме. Нұрбек Нұржанұлы

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 12:24

Сағынайдың бейіті табылды

Аймақтар • Бүгін, 10:52

Ақмоланың астығына сұраныс мол

Аймақтар • Бүгін, 10:22

Күлкі керуені № 7

Руханият • Бүгін, 10:20

Аталмай неге қалсын Мұса аты?!

Руханият • Бүгін, 10:01

Жақсы дәстүр жалғасады

Руханият • Бүгін, 08:49

Алаштанушы ғалымның белесі

Руханият • Бүгін, 08:47

Игілікті еңбек иесі

Қоғам • Бүгін, 08:46

Намазалы Омашұлы: Ел шежіресі

Руханият • Бүгін, 08:42

Тараз шаһарындағы тамаша түн

Аймақтар • Бүгін, 08:39

Тұңғыш Тіл форумы өтеді

Қоғам • Бүгін, 08:36

Патриархтың орындалған парызы

Руханият • Бүгін, 08:33

Кедергісіз келешек

Қоғам • Бүгін, 08:31

Жошы ханға ескерткіш орнатылады

Руханият • Бүгін, 08:24

Қазақтардың атқа міну мәдениеті

Қазақстан • Бүгін, 08:22

Еуроны сатып алушылар көбейді

Экономика • Бүгін, 08:20

АQR: 14 банкті «сауықтыру» керек пе?

Экономика • Бүгін, 08:15

Ұқсас жаңалықтар