Қазақстан • 08 Қараша, 2018

Әлем кубогы Алматыда өтеді

390 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әне-міне дегенше жазғы спорт бәсекелері аяқталып, қысқы спорт түрлерінің шымылдығы түрілмек. Жыл басында Оңтүстік Кореяда өткен қысқы Олимпия ойындарынан кейін спортшылар құрал-саймандарын сайлап, халықаралық додаларда бақ сынауға сақадай-сай отыр. Олардың арасында қазақстандық саңлақтар да бар. Осы ретте қазақстандық спортшылар алдағы уақытта қай спорт түрінен қандай байрақты бәсекелерге қатысатын жарыс кестесі ұсынылып отыр. 

Әлем кубогы Алматыда өтеді

Коньки спорты

Коньки спортынан әлем кубогы Жапонияда басталып, АҚШ-та өз мәресіне жетеді. Халықаралық конькишілер одағы (ISU) жариялаған күн­тізбе бойынша алғашқы кезең 14-18 қараша аралығында Жа­понияның Обихиро қаласында өтеді. Бес кезеңге созылатын әлем кубогының үшеуі Еуро­па, екеуі Азия құрлығында ұйым­дас­тырылады. 1-кезең – Жапо­ния (16–18 қараша), 2-кезең – Қы­тай (23–25 қараша), 3-кезең – Гер­мания (7–9 желтоқсан), 4-кезең – Нидерланды (14–16 желтоқсан), 5-кезең – Норвегия (1–3 ақпан).
Былтырғы әлем кубогында қазақ­стандық конькишілер ара­сында ең үздік нәтижеге Ека­терина Айдова қол жеткізді. Ол 1000 метрлік сайыста 131 ұпай жинап, 12-орынға табан тіреген. Командалық жарыс бойынша Қазақстан құрамасы 9 және 12-орын иеленген-ді. 

Шаңғы жарысы

Шаңғышылар биылғы мау­сымды 25 қараша күні Фин­лян­дияның Рука қа­ласынан бас­тайды. 23 кезеңге жалғасатын байрақты бәсеке 2019 жылдың 24 наурызында Канаданың Квебек қаласында өз мәресіне жетеді. Сондай-ақ осы аралықтағы негізгі жарыс әлемнің 10 еліндегі 18 қалада өтеді. Олардың арасында Лиллехаммер, Осло (Норвегия), Давос (Швейцария), Дрезден (Германия) және тағы басқа ірі қалалар бар. 

Өткен маусымда қазақстандық шаң­ғышы Алексей Полторанин Италия, Финляндия және Сло­ве­нияда өткен 15 шақырымдық қашықтықта топ жарды. Сонымен қатар бір рет күміс жүлде, бір рет қола медаль иеленді. Әлем кубо­гы­ның қорытындысы бойынша Полторанин 796 ұпай жинап, әлемдегі ең үздік 7 шаңғышының қатарынан көрінді. 

Фристайл (могул)

Фристайлдың могул түрінен әлем кубогы 2018 жылдың 7 жел­тоқ­санында Финляндияның Рука қаласында басталып, 2019 жыл­дың 3 наурызындағы Алматыдағы Шымбұлақта аяқта­лады. Шымбұлақ – тұңғыш рет әлем кубогын қабылдайды. Мұ­ның өзі Қазақстанның могул спортынан бәсі биік екенін білдіреді. Өйткені былтырғы маусымда ерлер арасында отандасымыз Дмитрий Рейхерд төрт рет екінші орын, үш рет қола жүлде алса, Павел Колмаков бір рет үздік үштіктің қатарынан көрінді. Ал қыздар арасында Юлия Галышева бір реттен алтын, күміс, қола жүлде иеленді. Сондай-ақ 2018 жылғы Олимпия ойындарында қола жүлдеге қол жеткізді. Биылғы әлем кубогы жарысы Қытай, Канада, АҚШ және Жапонияда өтеді.

Шорт-трек

Шорт-тректен әлем кубо­гының алғашқы кезеңі 2 қараша күні Канаданың Калгари қа­ласында басталып, отандасымыз Абзал Әжғалиев 500 метрлік бәсекеде финалға дейін алқынбай жетіп, күміс медальды иеленді. Ол Канадада 40.136 секунд нәтиже көрсетіп, Қазақстанның жаңа рекордын тіркеді. Сонымен қатар Абзал былтырғы маусымда дәл осы қашықтықта да күміс жүлде алған. Ал 1000 метрде Нұрберген Жұмағазиев мәреге үшінші келіп, қоланы қанағат тұтқан-ды.

Жалпы шорт-тректен 2018-2019 маусым алты кезеңнен тұ­рады. Ең қызығы, әлем кубо­гы­ның үшінші кезеңі тұңғыш рет Қазақстанда, 7-9 желтоқсан күн­дері Алматы қаласында өтеді.

Биатлон

Биатлон спортынан 2018-2019 мау­сымындағы әлем кубогы жарысының алғашқы кезеңі 2018 жылдың 2–9 желтоқсан ара­лы­ғында Словенияның Поклю­ка қаласында басталып, 18–24 нау­рызда Норвегияның Холмен­кол­лен қаласындағы 9-кезең­мен аяқталады. Әлем кубогы­ның биылғы кестесі мынадай: 2-кезең – Аустрия (10–16 жел­тоқ­сан), 3-кезең – Чехия (17–23 жел­тоқсан), 4-кезең – Германия (7–13 қаңтар), 5-кезең – Германия (14–20 қаңтар), 6-кезең – Ита­лия (21–27 қаңтар), 7-кезең – Канада (4–10 ақпан), 8-кезең – АҚШ (11–17 ақпан). Ал әлем чемпионаты Швецияның Эс­терсунд қаласында 7–17 наурыз ара­лығында өтеді. 
Айта кетейік, былтыр Шве­цияның Эстерсунд қаласында өткен әлем кубо­гы­ның алғашқы кезеңіндегі аралас эстафетада отандастарымыз Максим Браун мен Галина Вишневская мәре сы­зығын үшінші кесіп, биатлон спортындағы алғашқы қола жүл­дені ел қоржынына салған еді.

Мәнерлеп сырғанау

Мәнерлеп сырғанау спортынан жылдың негізгі ірі турнирлері тамыз айында бас­талды. Бүгінге дейін Lombardia Trophy, U.S. International Figure Skating Classic, Skate America және Skate Canada секілді халықаралық бәсекелері өтті. Қазақстандық спортшылар арасынан Элизабет Тұрсынбаева үш халықаралық турнирге қатысып үлгерді. Словакияда өткен Ondrej Nepela Trophy-2018 турнирінде екі бағдарлама бойынша 192.30 ұпай жинап, екінші орыннан көрінсе, араға 20 күн салып Финляндияда ұйымдастырылған Finlandia Trophy бәсекесінде күміс жүлдегер атанды. Бұл турнирде отандасымыз 200,74 ұпай жинады. Ал Skate Canada турнирінде бесінші орын иеленді.

Алдағы уақытта отандық мәнерлеп сырғанаушыларды Alpen Trophy (Аустрия), Trophée de France (Франция), Golden Spin (Хорватия), Гран-при жарысының финалы (Канада), Төрт құрлық чемпионаты (АҚШ), әлем чемпионаты мен командалық әлем чемпионаты (Жапония) күтіп тұр.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»