Енді емхана медициналық ақпараттық жүйені енгізудің қанатқақты жобасына қатысып, ауруларға одан сайын қолайлы жағдай туғызып отыр. Осыдан бірнеше ай бұрын емхананың кіреберісінде ұзыннан ұзақ созылған тіркеу орны болатын. Онда қараторғайдай қатарласып отырған кіші медицина қызметкерлері келушілерге қызмет көрсететін. Олар адамдардың ауру деректері жазылған карталарын жағалай қойылған шкафтарда әліпби бойынша орналастырылған тізімнен іздеп тауып, қолына ұстатады. Сырқаты жанына батып тұрған адамдар медбике картасын тапқанша күтетін. Кейде тіркеу орнынан әлгі карточка табылмайды, содан айқай-шу да болмай қалмайтын. Медбике кезектегі иіріліп тұрған адамдарды тастай сала, жүгіріп кетеді, әлгі картаны дәрігер кабинеттерінің бірінен тауып әкеледі, таппаса қайтадан карта арнайды. Олақтығын ұсақ-түйектің ығына қоятын қазекем флюрографияға түскен пленкасының қайда қалғанын білмейтін кезі аз емес. Енді осы әңгіменің барлығы да емхананың тарихына айналды. Біз келгенде бұрынғы бір қабырғаны алатын шұбалаң тіркеу орны елеусіз ғана бір бұрышқа ығысыпты. Емхананың кіреберісі жадырап, кеңи түскен.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстардың жемісі айшықты көрініп отырған емхана алдымен компьютерлермен жабдықталды. Қазір мұнда 135 су жаңа компьютер жұмыс істеп тұр. Бұл емхананың «Қағазсыз аурухана» жобасы шеңберінде емделушінің амбулаторлық картасын қағаздан толық электронды нұсқаға көшіруге мүмкіндік берді.
– Әзірше біздің емхананың өзінде 11 мыңнан аса диспансерлік есепте тұратын аурулардың, белгілі мерзімде медициналық-сараптамалық комиссиядан өтіп тұратын мүгедек жандардың және бес жасқа дейінгі балалардың медициналық картасының қағаз нұсқасы да сақталады. Олардың жеке картасының электронды нұсқасы да бар. Бұл уақытша, кейін цифрландыру ісі толық жүргенде мұның барлығы да тек электронды нұсқада қалады, – дейді №4 қалалық емхананың бас дәрігері Маргарита Бисенова.
Қазір емхана дәрігерлері сырқат жанды отырғызып қойып, оның картасын аударыстырмайды. Емделушінің жеке куәлігіндегі жеке сәйкестендіру нөмірін салғанда бағдарламадан оның барлық ауру тарихы, қандай ем алғаны, қандай дәрі-дәрмек пайдаланғаны, алынған медициналық талдаулардың нәтижесі шығып тұрады. Ауру жанның дәрігерге келіп көрінуіне кететін уақыт бұрынғыға қарағанда 3 есе қысқарған. Бас дәрігер Маргарита Бисенованың айтуынша, бұрын дәрігер ауруды 15 минут қарауы тиіс болса, соның кем дегенде жартысы қағаз жазумен кететін. Қазір істің жіптіктей болып ширай түскенін тек дәрігер ғана емес, емделушілердің өзі де байқады. Дәрігеріне келген аяғы ауыр Әйгерім Елтаева қалтасынан телефонын алды да, оған орналастырған DamuMed қосымшасын көрсетті.
– Мен бұрыннан осы емханада тіркеудемін. Дәрігерге баратын болсам, мына қосымша арқылы үйде отырып-ақ қашан баруым керектігін анықтаймын, ауырғаным туралы анықтама аламын, лабораториялық талдаулардың нәтижесін білемін. Өте ыңғайлы. Ал бұрын дәрігерге баратын күні түске дейін уақытымыз кететін, – дейді Ә.Елтаева.
Қазір №4 емханаға қаладағы 73 115 тұрғын тіркелді. Соның ішінде 69 мың адамға электронды медициналық денсаулық төлқұжаты жасалды. Тіркеу қызметінің қызметкерлері 40 пайызға қысқартылып, олар қазір емханадағы басқа жұмыстарға ауыстырылды. Қысқарған ешкім жоқ.
– Медицина саласын цифрландыру ең алдымен осы саладағы жұмыстардың мөлдірлігін қамтамасыз етеді, сосын уақытты барынша үнемдейтін болады. Уақытты үнемдеу дәрігерге де, пациентке де өте тиімді. Артық уақытта дәрігер науқасқа көбірек көңіл бөлетін болады, адамдар өзін аурудың алдын алуға бағыттайды. Демек, үнемделген уақыт денсаулыққа қызмет етеді, – дейді Республикалық электронды денсаулық орталығы облыстық филиалының директоры Андрей Соловьев.
Бұл жұмыс облыс бойынша да қарқын алып келеді. Бүгінде өңірде 121 форманың 64-і электронды нұсқаға көшірілді. Андрей Николаевичтің айтуынша, цифрландыру ісі тез жүріп, нәтиже беру үшін адамдардың компьютерлік сауаты көтерілуге тиісті. Облыста 546 компьютер және цифрландыру тәжірибесін үйрету бекеттері жұмыс істеп тұр. Телефондағы мобильдік қосымшаны 2 миллионға жуық адам қолдана бастады. Бірақ бұл емханаларға тіркелген адамдардың 10,8 пайызы ғана. Осы кезге дейін 10 миллионнан астам медициналық электронды төлқұжат толтырылған. Алдағы уақытта емханалар мен ауруханаларда цифрландыру ісі қарқын алу үшін оларды компьютермен қамтамасыз ету ісі жалғасып жатыр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ