Парламент • 08 Қараша, 2018

Сенат бірқатар келісімдерді ратификациялады

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды, деп хабарлайды Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Сенат бірқатар келісімдерді ратификациялады

Сенат Қазақстан мен Ресей  арасындағы «Туймазы – Омбы – Новосибирск-2» және «Омбы – Павлодар» магистральдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісімді ратификациялады.

Құжаттың мақсаты қазақстандық тараптың («ҚазТрансОйл» АҚ) 141728 тонна мөлшеріндегі және ресейлік тараптың («Транснефть – Урал» АҚ – «Транснефть» ЖАҚ-ның еншілес қоғамы) 62048 тонна  мөлшеріндегі технологиялық мұнайға меншік иесі құқықтарын растау болып табылады. Келісім бүгінгі күнде іс жүзінде бар мұнайдың аталған ұйымдарға тиесілігін заңды түрде бекітеді, ал құжатта көрсетілген кесте мұнайды меншік иелеріне беру үшін қажетті азаматтық-құқықтық және ұйымдық рәсімдерді жеңілдету мен барынша төмендетуге мүмкіндік береді.

Палата Қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер болып табылатын есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын, атыс қаруын, оның негізгі бөліктерін, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды беру тәртібі туралы хаттаманы ратификациялады.

Хаттама құзыретті органдардың өзара іс-қимыл жасауын, қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер болып табылатын заттарды қылмыстық процесте пайдалану үшін оларды беру туралы сұрау салуларды ресімдеу және орындау тәртібін, сондай-ақ сұрау салуды орындаудан бас тарту негіздерін айқындайды.

Сонымен қатар ол жоғарыда тізбеленген заттай дәлелдемелерді Хаттамаға қатысушылардың мемлекеттік шекаралары арқылы алып өту туралы ережені, олардың сақталуын және қайтарып берілуін қамтамасыз ету тәртібін бекітеді.

Хаттама есіткілердің заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың алдын алудағы, оларды ашу мен тергеп-тексерудегі ынтымақтастықты жандандыра түсуге ықпал ететін болады.

Отырыста Қазақстан Үкіметі мен Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің арасындағы Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Қызыл Крест Комитеті Өкілдігінің мәртебесі, артықшылықтары және иммунитеттері туралы келісім де ратификацияланды.

Қазіргі уақытта ХҚКК-нің әлемнің 90-нан астам елдерінде өз өкілдіктері бар, ол олармен екіжақты келісімдердің деңгейінде қарым-қатынас жасайды, бұл елдерде де ХҚКК-нің халықаралық құқық субъектілігі мойындалады.

Құжаттың қабылдануы ХҚКК тұрақты кеңсесінің ашылуы үшін қажетті жағдайларды жасауға, оның ішінде құқық субъектілігін мойындауға, артықшылықтар мен иммунитеттер беруге, салықтардан босатуға, үй-жайларына баса көктемеуді қамтамасыз етуге және ХҚКК мандатына сәйкес Қазақстанда оның қызметін жүзеге асыруға жәрдемдесетін болады.

ХҚКК өкілдігін ашу Мемлекет басшысының көпжақты дипломатия хабын құру туралы бастамасын іске асыруға ықпал етеді.

Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді. Дариғи Назарбаева есірткі әсері бар «Трамадол» дәрісін дәрігердің рұқсатынсыз сатуға тыйым салу туралы; Бірғаным Әйтімова мен Дариға Назарбаева мұғалімдер мен дәрігерлерге тұрғын үйді жеңілдікпен бөлу қажеттігі және арнайы экономикалық аймақтардағы отандық кітап шығару, кино өндірісі мен баспахана қызметтерінің жұмысы; Әбдәлі Нұралиев Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы ауылдарды газдандыру; Ерболат Мұқаев Жалпақтал (Батыс Қазақстан облысы) су қоймасының құрылысын республикалық бюджет есебінен қаржыландыру; Мұратбай Жолдасбаев ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларын қаржыландыру туралы сауалдар жолдады.