Қазақстан • 08 Қараша, 2018

Алматыда техникалық және кәсіптік білімдегі бизнесті дамыту талқыланды

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы Техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындары жанындағы бизнес клубтарының жұмыстарын ұйымдастыру бойынша өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Халықаралық бизнес академиясы колледжі мен ALMA University мамандарының ұйымдастыруымен колледждер және мектептердің басшыларына арналған дөңгелек үстел өтті.

Алматыда техникалық және кәсіптік білімдегі бизнесті дамыту талқыланды

Студенттер арасында кәсіпкерлікті дамытуды мақсат етіп отырған шара аясында Халықаралық бизнес академиясы колледжінің директоры Альфия Хисматуллина Кәсіпкерлік және бизнес бойынша Үйлестіру орталығының жұмысымен таныстырып өтті. Альфия Әнуарқызының айтуынша,  бизнес-клубтарды құрудың мақсаты студенттік ортада кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау, бизнес жоспарлау саласының әліппесі мен тәжірибесін қатар меңгеру, тұлға болып қалыптасу, бизнес клубтар мүшелерінің жоспарларын құруға және дамытуға көмектесу, жастар арасында белсенді өмірлік ұстанымын, әлеуметтік-жауапты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, салауатты өмір құндылықтарын насихаттау болып табылады.

Алматы қаласы Білім басқармасы Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің жетекшісі Әсет Мұханбетов студенттердің кәсіпкерлікке икемделуі оқу орны қабырғасынан басталатындығын жеткізді. Қазірден бағыт-бағдарын айқындап үйренген жастар ертеңгі күні үлкен бизнестің деңгейіне шығады.

Ал Алматы қаласы бойынша «Атамекен» ҰКП бөлім басшысы Вера Цзин «Кәсіпкерлердің жаңа буынын бүгінгі Қазақстан нарығына лайықты мамандар етіп тәрбиелеуміз қажет. Сондықтан да студенттердің кәсіпкерлік білімін жылдан-жылға арттыра беруге тиіспіз» деп атап өтті.

Алматы қаласы «Рухани жаңғару» Жобалық офисінің жұмыстары барысымен таныстырған  А.Сахова, Л.Жанұзақова оқу орындарымен бірлескен жұмыс жоспарларынан хабардар етті.

Арнайы пән бойынша, яғни кәсіпкерлікке баулитын ұстаз Наталья Вострикова өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіпкерлікті оқытудағы бірқатар маңызды әдістерді ортаға салды. Оқу-тәжірибе барысында студенттерді салаға бейімдеудің өзіндік ерекшеліктері бар екендігін жеткізді.

Халықаралық бизнес академиясы колледжі Кәсіпкерлік және бизнес мектебінің жетекшісі Сәбит Тасжарғанов жеке кәсіп құрудағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру, кәсіпкерлікті дұрыс жоспарлау, оны жүзеге асырудағы маңызды шарттарға байланысты шеберлік сағатын өткізіп, мектептің алдағы жоспарларымен бөлісті.

Ағымдағы жылдың 21-23 қараша күндері аталған колледжде «Мен -кәсіпкермін» VІІІ қалалық экономика ойындары өтеді. Оған Алматы қаласындағы кәсіптік білім беру саласындағы барлық оқу орындарының студенттері қатыса алады.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20