«2011 жылдың ақпан айында Алматыда өткен ел біріншілігінде қайта қырсық шалды. Алматы қаласының атынан сынға түскен Шыңғыс Бердібековтен 2:1 есебімен ұтылдым да қалдым. Бабым келісіп тұрған сияқты. Бірақ өзіме бағытталған соққыларды байқамай қала беруім жиі қайталанатындай көрінді. Кездесуден соң бірден бапкеріме айттым. Дәрігерге тексертіп көрсек, сол көзім алысты тіпті көрмейді екен. Көзімді тексерген дәрігер «Боксты қоюың керек» деп шорт кесті», деді Ә. Ниязымбетов.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда адамның көзі көрмей қалуы мүмкін екен. Сондықтан спортшы бокспен қоштасу туралы да ойланыпты.
«Бапкерім Марат Жақиев «Әй, бала! Біз бес-алты жарыста қатарынан ұтылсақ та боксты қойғанымыз жоқ. Сондықтан келер күннен үміт үзбейік. Соңына дейін баруың керек» деп қайрады. Ойлана келе, Орынборға барып көзімді емдеттік. Қаржы мәселесінің бәрін бапкерім өзі реттеді», деді ол.
Әділбек Ниязымбетов – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Құрмет орденінің иегері, Бакуде және Алматыда өткен әуесқой бокстан әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері. Жартылай ауыр салмақта 2012 жылы Лондонда, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Жазғы Олимпиада ойындарында күміс медальға ие болды.