«2001 жылы Қазақстанға келген соң Жаңаөзенде жаттығып жүрдім. Жеңіс Жарылғапов боксқа деген талабымды одан әрі ұштай түсті. Арада жарты жыл өткенде Марат Жақиевтің қол астына апарып табыстады. 2012 жылы Олимпиада жүлдегері атанғанымда Ж.Жарылғаповқа Қазақстанға Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді», деді Ә.Ниязымбетов.
Спортшының айтуынша, бала күнінде ол жасөспірімдер мен жастар арасында айтарлықтар нәтиже көрсете алмаған.
«Үнемі барған жарысымда ұтылатынмын. Әкем күнде таңғы бес жарымда жүгіруге оятады. Үйдің тоғызыншы қабатына баспалдақпен бірнеше рет жүгіріп шығамын. Әкемнің маған айтқан бір айтқан сөзі: «Бокстың соңына дейін баруың керек», деген сөз болды. Мен үшін 2001 жылы әкем Ақтаудағы 23 мектепте 12 мың теңге айлыққа жұмыс істеді», деді ол.
Тұрмыстың қиындығына қарамастан, Әділбек спорт жаттығуынан қол үзбеген.
«Бокстың нанын жеу үшін біз отбасымызбен келер күннен үміт үзбедік. 20 жасыма дейін далаға шықпадым. Тәртіпке қатал қарайтын әкем тіпті сабаққа да бармай-ақ қой деп рұқсат берді. Ақтау мен Ақшұқыр аулының арасында бірнеше шақырымды тоқтамастан жүгіремін. Далада соққы жұмсап дайындаламын. Арасында ағаммен футбол ойнаймын. Жаттығу кезінде қасымда әкем, шешем, ағам, тіпті қарындасым еріп жүрді. Барлығы менің тілеуімді тілеп, боксшы болып қалыптасуыма көп еңбек сіңірді», деді Ә.Ниязымбетов.