Футбол • 08 Қараша, 2018

«Астана» соңғы сәтте жеңіске жетті

340 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Астана» футбол клубы Еуропа лигасының топтық турниріндегі кезекті ойынында чехиялық «Яблонец» командасынан басым түсті.

«Астана» соңғы сәтте жеңіске жетті

Ойын алма-кезек шабуылмен басталды. Матчтың 18-минутында жартылай қорғаушы Бахтиер Зайнутдинов айып алаңына пас берді. Ұрымтал тұстан шыға келген Педро Энрике допты қақпаға дәл бағыттады. Есеп 1:0.

Алайда бірінші таймда елордалықтар басымдықты ұстап тұра алған жоқ. «Яблонец» клубының ойыншылары бұрыштама добын теуіп, қарбалас сәттің бірінде Б.Зайнутдинов допты байқамастан өз қақпасына кіргізіп алды. Бұдан кейін есеп өзгермей, бірінші кезең тең аяқталды.

Екінші таймда да командалар жеңіске жетуге барын салған. Ойын бітуіне 2 минут қалғанда «Астана» клубының қорғаушысы Евгений Постников гол соғып, командасын жеңіске жетеледі. Осылайша, матч 2:1 есебімен аяқталғанына қарамастан, үш голды да астаналықтар соқты.

«К» тобының төртінші турынан кейін «Астана» клубы 8 ұпаймен топ бастап тұр. Дәл қазір осы топтағы қалған екі команда – жергілікті «Динамо» мен «Ренн» Киевте шеберлік байқасып жатыр.

Келесі тур ойындары 29 қарашада өтеді. «Астана» өз алаңында киевтік «Динамомен» күш сынасады. Ал соңғы турда, 13 желтоқсанда елордалық команда «Реннмен» кездеседі.