Қазақстан • 09 Қараша, 2018

Журналист неге деректі бұрмалайды?

602 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кент мемлекеттік университетінің профессоры, журналист Карл Айдсвог «Журналистика міндетін орындамағанда, ақылға қонымсыз әрекеттер болады», дейді.

Журналист неге деректі бұрмалайды?

Америкалық ұстаз осы пікірдің растығын дәлелдеу үшін өз еліндегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған талай мақаланы мысалға келтіретіні бар. Мақтаулы CNN мен BBC-дің журналистері қай жерде мүлт кететінін, оның әсері қандай екенін профессор нақты дәлелдермен көрсетіп отырады.

Айдсвог мырзаның сөзін келтіруіміз бекер емес. Таяуда әлеуметтік желіден «Еуразия» телеарнасының елге атышулы болған шоу-бағдарламасынан үзінді көзімізге шалынды. Жүргізуші бір сөзінде мифке айналған өтірікті тікелей эфирде айта салды. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік. Шоу тақырыбы – аралас неке төңірегінде болатын. Сөзбе-сөз келтірейік:

«Сендер кімсіңдер? Қазақтың қызын тек қазақ алу керек деп айтатындай. Қазір XXI ғасыр. Әрқайсының өзінің таңдауы бар. Өздерің білесіңдер, Қазақстанда 1 жігітке 6-7 қыздан келеді. Яғни, бір ғана адам отбасын құрып, шаңырақ көтере алады. Қалған алты қыз болашақ ана атанғысы келеді, отбасын құрғысы келеді. Олар не істеуі керек?»

Жаһандану дәуірін және қазіргі үдерісті ескере отырып, аралас некенің қаупі туралы сөз қозғау негізсіз. Қысқаша айтқанда, аралас неке – әркімнің өз таңдауы. Қазақстан азаматтарына Ата заңымыз толықтай еркіндік бергендіктен, біреудің таңдауына араласудың жөні жоқ. Сондықтан жоғарыда айтылған бағдарламаның жүргізушісін бұл тұрғыда кінәлаудан аулақпыз. Біздің айтқымыз келгені – тіпті басқа мәселе – «Қазақстанда 1 жігітке 6-7 қыздан келеді» деген пікір жөнінде.

Кейінгі кезде елімізде әр жігітке 8 қыздан келеді деген әңгіме жиі айтылып жүр. Мұны атқамінер ағаларымыздан бастап, журналистер қостаудан жалығар емес. Бір мысалды жоғарыда келтірдік. Азаттық радиосы былтыр «Қазақстанда 1 жігітке – 7-8 қыздан келеді екен. Осы ретте неке агенттіктері, қалыңдықтарға алыс-жақын шетелден күйеу жігіт іздеп әлек» деп мәлімет таратты.

Телеарнаның да, сайттың да ақпараты шындыққа жанаспайтынын математикадан хабары бар кез келген оқырман анық түсінеді. Өйткені мұндай пропорция рас болғанда, Қазақстанда 2 миллион еркек, 16 миллион әйел болу керек еді. Қарапайым логикаға салып көргенде, деректің бұрмаланғанын байқау қиын емес.

Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, еліміздегі 18 миллионнан астам тұрғынның 9,4 миллионы – «нәзік жанды», 8,8 миллионы – ер адам. Яғни айырмашылық 600 мың адам. Алайда оған тереңірек үңіліп қарасаңыз, шынайы жағдайдың тіпті басқаша екеніне көз жеткізуге болады.

Мәселен, елімізде 15 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны 5 миллионнан асады. Оның 2,6 миллионға жуығы ұлдар болса, 2,4 миллионы қыздар. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сай, 2017 жылы туған 390 262 сәбидің 51,7 пайызы – ұл, 48,3 пайызы қыз бала екен. Бұл үдеріс жыл сайын көбеймесе, азайып отырған жоқ.

Сондай-ақ 16-62 жас арасында да ерлердің үлесі басым (5,4 миллион еркек, 5,3 миллион әйел). Бір қызығы, пайғамбар жасынан асқаннан кейін ақсақалдарымыздың саны әжелерімізге қарағанда күрт кеміп кетеді екен. Жоғарыдағы 600 мың айырмашылық осы жерден шығады.

Бұдан бөлек, 2009 жылы жүргізілген Ұлттық санақтың қорытындысына сүйенсек, елімізде 2,1 миллионға жуық некеге тұрмаған ер адам болған. Ал әйелдер арасында шаңырақ көтермегендер саны 1,8 миллионмен шектелген. Бұл тұрғыдан алып қарағанда да бойдақ жігіттердің көптігіне көз жеткізуге болады.

Деректерді сөйлеткенде тоғызыншы территориядағы демографиялық мәселенің тіпті басқаша екеніне көз жеткіздік. Қысқаша айтқанда, шетелге қалыңдық жіберу былай тұрсын, өзімізге қыз жетпей жатыр. Ендеше, «әр жігітке 7-8 қыздан келеді» деген өтірік екені айтпаса да түсінікті.

Жоғарыда келтірген бағдарламаның жүргізушісі сөзін қуаттау үшін күйеусіз қалған 6 қыздың тағдырына алаңдау қажет екенін айтқан болатын. Алайда қате деректі дүйім жұртқа таратып, онымен қоймай сол арқылы өз пікірін қалыптастыруы әділдікке жата ма? Егер ресми деректер өзімізге қыз жетпей жатқанын дәлелдесе, неліктен әр 7 қыздың алтауы отбасы бақытын көре алмайды деп алаңдауымыз қажет? Әлде, «бір жігітке 8 қыздан келеді» деген пікірді қоймай айтып жүретіндердің көздеген басқа мақсаты бар ма? Деректерді бұрмалаудың астарында не жатыр? Өзге ұлт өкіліне тиюге үгіттеудің жымысқы амалы емес пе бұл?

Журналистің міндеті шынайы ақпарат беру екені белгілі. Тұрғындар «журналист халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегенге имандай сенеді. Онда айтылған әрбір деректі сенімді ақпарат деп есептейді. Ендеше, жүргізуші әр сөзіне мән беріп, деректерді бұрмаламау қажет екені айтпаса да түсінікті.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»