Бұл шараға орталықтың бас директоры Мұхитдин Төлепбай, «Нұр Отан» партиясы Қапшағай қалалық филиалының төрағасы Ержан Нұрпейісов жəне Қапшағай қаласындағы Ауған соғысының ардагерлері қатысты.
«Біз барлығымыз патриотпыз! Патриот болу дегеніміз – өз Отаныңды шын жүрегіңмен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету», деп сөз бастаған кешегі жауынгер, бүгінгі халық қалаулысы өзінің балалық шағы мен әскери өмірі туралы әңгімеледі. Ауған даласында көрген қиян-кескі тірліктен айтқан естеліктері балаларға бейбіт күннің берекесін ұқтырғандай болды.
«Сендер бақыттысыңдар, – деді Халық Қаһарманы, – бейбіт елде өмір сүріп жатырсыңдар, болашаққа деген сенімдерің зор. Алдарыңда өркениетті өмірдің есігі ашық. Өз тарихын, өз тілін білмейтіндер патриот бола алмайды. Мәңгілік елдің мәңгілік тілін сақтаңдар. Ең бастысы – Отанды сүю, тарихты құрметтеу керек. Сендерге айтар өсиетім осы!».
Тәуелсіз елдің бүгінгі жасы патриот болуы керектігін айтып, 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қазақстандық жас патриоттар академиясының» тынысымен танысып, дән риза болды. Белсенді оқушыларға «Қазақстанның жас патриоттары» төсбелгісін тапсырды. Кездесу барысында биылғы Елбасының Жолдауында көтерілген мәселелер де айтылып, ұстаз мәртебесін көтеру, оқушылардың мұғалімдерін құрметтеуі, қадір тұтуы, қоғамда оң көзқарас қалыптастыру да әңгіме арқауына айналды. 2019 жылғы Жастар жылы бойынша да тағылымды талқылау жасалды. Себебі орталықта еңбек ететін қызметкерлердің дені – жастар. «Жастар қашанда мемлекет саясатының басында тұрады, қандай да бір жаңа бастама болса, жастар оны қолдап жүзеге асырады. Сондықтан жастардың бойында азаматтық пен қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, әлемдік және отандық мәдениет жетістіктерін оқып үйренуге, инновацияларды меңгеруге қабілеттері жетеді», деген қаһарман қазаққа оқушылар өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Сұраққа жауап беру сәтінде ол балаларды кітап оқуға, оны оқып қана қоймай, өз өміріне қажетті серік етуге, спорттың түрлі салаларымен айналысуға, өнерді, қазақи болмысымызға тән мұраларды танып білуге, отандық және әлемдік әдебиет мұраларын бағалауға шақырды.
Кездесу соңы Халық Батыры Бауыржан Момышұлының «Жастарымыз отаншыл болсын ... Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырлармен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе сол адам патриот, отаншыл болады» деген түйінді сөзімен қорытындыланды.
Бұдан кейін «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының басшысы М.Төлепбай Бақытжан Ертаевқа алғыс хат тапсырды.
Гүлнар ҚҰЛЖАНОВА,
«Балдәурен-Қапшағай» РОСО әдістемелік бөлімінің меңгерушісі
Алматы облысы