Қазақстан • 09 Қараша, 2018

«Ақылды» кен алаңы

671 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кен алаңындағы өндірістік процестер ақпараты  онлайн режімде  «Ембімұнайгаз» АҚ-тың Атыраудағы орталығына және Астана қаласындағы бас кеңсесіне бір уақытта түсіп тұрады. Бұл ақпараттар талданады, бақылауға алынады және қажет жағдайда шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді.   

«Ақылды» кен алаңы

Өндіріс саласын цифрлан­дырудың бұдан басқа да ұтымды тұстары көп. Екі жыл бұрын «Ембімұнайгаз» АҚ «Уаз» кен орнында «Интеллектуалды кен алаңы» жобасын іске қосқан еді. Соның нәтижесінде электр энергиясын пайдалану көрсеткіші, ұңғымаларды жөндеу шығыны, жерасты жөндеу жұмыстары айтарлықтай азайды. Енді оператор мамандар бұрынғыдай жаздың аптап ыстығы мен қыс­тың қақаған суығында ұңғы­ма­ларды тексеріп, істен шыққан жағдайда кен алаңдарын аралап жүрмейді. Бәрі автоматты түрде және қашықтықтан жүзеге асады. Қондырғыларға түсетін ауыртпалық азайғандықтан, көп бұзылмайды. Қауіпсіздік те сақталады, яғни диспетчерге дабыл келіп түссе, апатты жағдай бола қалса, жабдық автоматты түрде тоқтатылады. 

Елбасы халыққа Жолдауында «Индустрияландыру жобасы жаңа технологияларды енгізуде көшбасшы болуы тиіс», деп атап өткен болатын. «Интеллектуалды кен алаңы» жобасы өткен жылы «Прорва» кен орнында қолға алынса, биыл бұл қатарға «Жаңаталап» қосылды. «2024 жылға дейін компанияның 12 кен алаңына жоба таратылады. Мұндағы мақсат – мұнай өндіру процестерін оңтайландыру, өндіріс барысында туындаған проблемалар бо­йынша  жедел шешім қабылдау және талдау», дейді  өндірісті автоматтандыру және ақпарат технологиясы департаментінің директоры Болат Нысанбаев.

 «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ ақ­па­раттық технология ТПАБЖ департаментінің дирек­торы Талғат Махамбетов: «Интел­лек­туалды кен алаңы» жобасының басты бағдары «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ өндіру­ші активтерінде өндірісті басқарудың қазіргі заманғы кешенді жүйесін құру, – дейді. − Бүгінде Ембіде жобаны Прорва тобы кен орындарын­да кеңейту, Өзенде МГӨЦ желісі­нің жедел есебін алуды қайта жаңарту, «Қазгермұнайда» кен орындарын автоматтандырылған жүйеде бақылау және басқару, «Қаражанбасмұнайда» мұнай айдау цехтарында сұйықтық балансын есепке алуды автоматтандыру жүйесі орындалуда. «ҚМГ БӨ» АҚ-да 2017 жылы Талдау және шешім қабылдау орталығы құрылып, бұл барлық өндірістік ақпаратты шын мәніндегі режімде қамтамасыз ететін аудио-видео жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Интеллектуалды кен алаңы» жобасының периметрі «ҚМГ БӨ» АҚ-тың басым кен орындарынан алынатын мұнай-газ қорының 90%-дан астамын қамтиды».

«Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбековтің айтуынша, әлемдік мұнай-газ сала­сы интеллектуалды кен алаң­­дарын құруға алдағы бес жыл­да 1 млрд доллар қара­жат жұмсауды жоспарлап отыр. Ембінің «Цифрлы кен ала­ңы» жобасы өткен жылы IX бүкіл­ресейлік «Мұнай-газ сала­сын­дағы 10 үздік ІТ-жоба» бай­қауында үздік деп танылды. Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген жоба жұмысымен  тамыз айында Атырауға келген сапарында танысып, оң бағасын берген болатын. Инновациялық жобаның игілігі көп екенін тәжірибе көрсетіп отыр. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ