Раушан 108 килоны жұлқып және 115 килоны серпе көтерді. Қоссайыстағы нәтижесі – 223 кило. Осы нәтиже жерлесімізге «В» тобында бірінші орынды иелену үшін жеткілікті болды. Екінші орынды 220 (98+122) килолық көрсеткішпен бельгиялық Анна-Мари Ванбеллинген еншілесе, түркіменстандық Айсолтан Тойчиева үшінші сатыға табан тіреді. Оның нәтижесі – 219 кило (98+121). Алайда бұл спортшылардың бұл жарыста жеңіс тұғырына көтерле алмайтыны анық. Өйткені, «А» тобында кіл мықтылар шығады. Араларында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған сақа спортшылар да бар. Және де олардың тапсырыс берген салмақтары да өте зор.
Санаулы сағаттардан кейін ерлер арасындағы 102 кило салмақ дәрежесіндегі бәсекелер басталады. Бұл сайыста Қазақстанның намысын Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2015 жылғы әлем чемпионы Александр Зайчиков қорғайды.
Ертең әйелдер арасындағы +87 кило салмақтағы тартысты тамашалаймыз. Біздің қос жерлесіміз – Айзада Муптилда мен (+87 кило) мен Александра Аборнева (+87 кило) «С» тобында бақ сынайды. Сонымен қатар, 109 кило салмақтағы Ибрагим Берсанов та ортаға шығады. Ал чемпионаттың соңғы күні аса ауыр салмақтағы Елдос Сайлау сайысқа түседі.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»