Тарихшы-ғалымдар мен жазушылардан, өнер майталмандары мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған тарихи-танымдық экспедиция мүшелерін Алматы облысы Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы Саят Жұрынов бастап жүрді. Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы игі шара Ұзынағаштағы Шынәсіл мешітінде батыр мен одан тараған даңқты ұрпақтарының аруағына арнап Құран оқудан басталды.
Қарасай Алтынайұлының кіндік қаны тамған Суықтөбе баурайына ат басын бұрған сапарлаушы топты Шиен ауылының азаматтары құрметпен қарсы алды. Өтеп батыр кесенесінің түбінде ауыл ақсақалы Сапарбек Нұрқасымов әңгімені тарих қойнауынан бастады.
Игі шараның тарихи-танымдық маңызы экспедиция мүшелері Суықтөбе баурайындағы қыруар қазба жұмысы жүргізілген аумаққа жеткенде қыза түсті. VІІ ғасырдан бүгінге тәбәрік болып қалған Қастек бекінісі туралы сол жерде белгілі тарихшы Асқар Селебаев жаугершілік замандағы батыр ұрпақтарының жанқиярлық ерліктерін алға тарта сөйледі. Танымал археолог Арнабай Нұржановтың бекіністің қазба жұмысындағы тірнектеп жиған зор еңбегіне баға берді.
Жазушы Нұрдәулет Ақыш, Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Сұраншы батыр» ғылыми орталығының жетекшісі, ғалым Сәуле Рысбаева, жазушы-кәсіпкер, Халықаралық Жамбыл қорының президенті Манарбек Ізбасар көпшілік алдында толғай-толғай әңгіме шертті. Батырлар мен ақындар еліне әдейі ат басын тіреген жолаушының міндетті түрде Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі музейіне мойын бұрмай өтпейтіні бар. Қонақтар бұл жолы да жақсы дәстүрден ауытқымай белгілі үш тұлғаның басына барып тәу етті, тарихи музейдің жаңадан қосылған деректерімен танысты.
Келесі күнгі сапар Қарасай ауданында жалғасты. Аудан әкімі Жандарбек Далабаев экспедиция мүшелеріне батыр атындағы ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен Президент Жолдауына қатысты аймақта нақты атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар туралы тебірене сөз қозғады. Қонақтар Қарасайдың кенже ұлы Көшек батыр туралы тарихи әңгімеге кеңінен қанықты. «Атамекен» музей кешенінде, Елбасы оқыған мектепте, аудандағы Батырлар музейінде болды.
Тарих беті Қарасай батыр туралы жаңадан туындаған бейне- жазбалармен, фотосуреттермен, тарихшы ғалымдар айтқан тың деректермен толықты.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ