Қос ел арасындағы стратегиялық әріптестік байланыстарды нығайту жөніндегі алғашқы форум 2003 жылы Омбы қаласында өтіп, содан бері мұндай іскерлік кездесулер шекаралас аймақтарда жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл жолы күн тәртібіне «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістері» атты өзекті тақырып шығарылды.
Бірінші күні әмбебап теннис орталығында Қазақстан–Ресей туристік көрмесі ұйымдастырылып, салтанатты шараның ашылуына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ресейдің туризм жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы Олег Сафонов, облыс әкімі Құмар Ақсақалов, ұлттық компаниялардың жетекшілері, іскер топтар, министрліктер мен ведомостволардың жауапты өкілдері, кәсіпкерлер, туроператорлар қатысты.
Министр өз сөзінде Қазақстан мен Ресей арасында өзара сенімге, достыққа негізделген ықпалдастық стратегиясының нығая түскенін, оның ішінде туризм кең ауқымдылығымен сипатталатынын, бүгінде елдің бәсекелестік қабылеттілігін айқындайтын шешуші факторға айналғанынатап өтті.
Қ.Сафонов екі ел арасында достыққа, түсіністікке құрылған қарым-қатынастың стратегиялық маңызына тоқталды.
Қ.Ақсақалов форумға қатысушыларды айтулы оқиғамен құттықтап, солтүстікқазақстандықтарға зор сенім артылған үлкен мәртебе екенін тілге тиек етті.
Форумға қатысушылар көрмені аралап, онда қойылған экспонаттармен танысты. Туристік компаниялар өз өнімдері мен қызмет түрлерін, инвест жобаларын ұсынды.
БАҚ өкілдерімен өткен брифингте «Kazakh Tourism ҰК» басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев, Ресейдің туризм жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы Олег Сафонов, облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек туризмнің сұранысқа ие заманауи түрлеріне серпін беру, ауқымды потенциалдық мүмкіншіліктерді ұтқырлықпен пайдалану, туристік өнімдерді өткізу, жарнамалау,талапқа сай безендіру мәселелері жайлы баяндады.
Форум шеңберінде «Туризмді дамытудағы кәсіпкерліктің белсенді рөлі», «Туризм саласын цифрландырудағы қазіргі трендтер», тағы басқа тақырыптар бойынша панельдік сессиялар ұйымдастырылып, ой-пікірлер алмасылды.
Форумның екінші күні екі мемлекет президенттерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтеді. Бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған құжаттар қабылданады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы