Фестиваль шеңберінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жарық көрген «Жаужүрек Мың Бала», «Анаға апарар жол», «Құнанбай», «Оралман» және «Жаңғақ тал» фильмдері көрсетілді.
Фестивальдің ашылу салтанатында Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Дәулет Батырашев сөз сөйлеп, румын аудиториясын отандық киноиндустрия өнімдерімен таныстыру шарасы екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының дамуына және халықтары арасында рухани жақындасуына ықпалын тигізетінін айтты.
Фестивальге әйгілі отандық актер Асылхан Төлепов қатысып, көрермендерге «Жаужүрек Мың Бала» фильмінің түсірілуі туралы айтып берді. Актер бұл іс-шара румын көрермендеріне қазақ халқының тарихы, мәдениеті және дәстүрімен жақын танысуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ фестивальге жергілікті тұрғындар, қоғамдық қайраткерлер, үкімет, іскер және академиялық орта өкілдері, сондай-ақ, Клуж-Напока қаласында оқып жүрген қазақстандық студенттер қатысты. Олар Қазақ кино фестивалі қаланың мәдени өмірінде ерекше құбылыс болғанын айтып, Румынияның Бірігуіне жүзжылдық мерейтойы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.
Айта кетсек, Қазақ киносының фестивалі Румынияның тағы да бір ірі қаласы – Констанцада өтті. Бұл көрсетілімде «Қазақ хандығы: Алмас қылыш», «Сталинге сыйлық», «Біржан Сал» және «Жат» фильмдері халық назарына ұсынылды.
Констанца муниципалитетінің және облыстық әкімшіліктің өкілдері, екі елдің халықтарын жақындастыру мақсатында осындай мәдени іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті. Румын мәдениет қайраткерлері Қазақстан мен Румыния әртістерінің қатысуымен бірлескен қойылымдар өткізу туралы ұсыныстарын айтты.
Шараға румындық іскерлік орта, бұқаралық ақпарат құралдары, қазақ диаспорасы өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Отандық фильмдермен шабыттанған румын көрермендері қазақстандық режиссерлердің жұмысының жоғары деңгейін баса айтып, қазақстандық кино мектебін ерекше бағалады.
Естеріңізге сала кетейік, Румынияда Қазақ киносының бірінші фестивалі 2017 жылы қарашада айында өткізіліп, Қазақстан мен Румыния арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25-жылдық мерейтойына орайластырылған болатын.