Әрине өңірлік театр сахнасында қойылып жатқан спектакльдердің барлығын жауһар демейміз. Бірақ кейде сол нөпірдің арасынан бағзыдан қалыптасқан қасаң қағида мен сеңдей сірескен стереотипті бұзып, түнекті жарып шыққан сәуледей жарқ ете қалатын жақсы қойылымның сирек те болса куәсі болу – үлкен олжа. Күні кеше ғана С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында режиссер Бек Киікбайдың қолтаңбасымен көрерменге жол тартқан жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Ешкім де кінәлі емес...» драма-абсурдының премьерасы бізге осындай ой салды.
Иә, өз қазанында өзі қайнап, өзеннің баяу ағысындай жайбарақат қана томаға-тұйық тіршілік кешіп жатқан өңірлік театрлардағы тыныштықты бір бұзса тек өнер бұзады. Көркемдікпен көмкеріліп, сұлулықпен суарылған сергек те саф өнер.
Бізді қуантқаны – С.Сейфуллин театры ұжымының өзгелер салған сүрлеудің кезекті жолаушысы болудан қашып, басқа театрлар ен салмақ тұрмақ әлі сиясы да кеуіп үлгермеген жаңа пьесаны сахналауға батыл қадам жасауы дер едік. Бағыты да, тіпті жанры да қазақ көрермені үшін тосындау бұл туынды былтыр VІІІ республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты көркем шығармаларға арналған жабық бәйгеде «Театрларға арналған отбасылық құндылықтарды айшықтайтын ең үздік пьеса» аталымында топ жарған болатын. Бірақ бәйге алған шығармалардың да өз режиссері мен актерін күтіп драматургтің тартпасында шаң басып ұзақтау жатып қалатыны бар ғой. «Ешкім де кінәлі еместің» бұл тұрғыдан келгенде жолы болды деп айтуға толық негіз бар.
Сәтті қойылымның басты тірегі – жақсы пьеса, талантты труппа және шебер режиссер десек, осы үштағанның үздік шығармашылық тандеміне біз премьера күні Қарағанды театры сахнасында куә болдық. Режиссері драматургін түсінген, суреткер ойын актерлері ұққан жақсы жұмыс көрушісін де бей-жай қалдырмады.
Жалпы, қарттар үйінің түйткілді мәселелері кезінде қырғыз драматургі Бексұлтан Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» (қазақ тіліне аударған Әшірбек Сығай) қойылымына арқау болып, көрермен ықыласына бөленсе, бүгінгі драмада Роза Мұқанованың қолтаңбасы көңіл қуантты. Жанрын абсурд деп анықтаған пьесасында автор оқиғаны нақты бір драмалық сюжетке құрмай, басты планға адамның жанын, ішкі мұңы мен сырын шығарады. Сол арқылы қарттар үйін мекен еткен «сақалды жетімдердің» көңіл толқынысын түрлі оқиға ауанында жан-жақты таразылап, мың түрлі мінездер мүсінін түзуге басымдық берген. Бір қарағанда қойылымда қарапайым күйкі тірліктің түйткілдері сөз болғандай сезіледі. Алайда ішкі мазмұнына бойлап, сөз астарына үңілген көрермен қарттар мінезі арқылы мүсінделген бүгінгі қатыгез қоғамның мозайкасын көреді. Сөйтіп қарапайым оқиға күллі адамзаттық сипатқа ие болып, философиялық фабула биігінде сарапталады.
Шымылдық ашылған сәтте актерлер сахнаға үш аяқты велосипедпен шығады. Негізгі оқиға желісі балабақшада өрбиді екен деп, бірден ойыңызды балдырғандар әлемінің алуан ахуалына ыңғайлай бергеніңіз сол еді, үш аяқты велосипедтің үстіндегі кейіпкерлер тіпті де бала емес, көпті көріп, кексе тартқан қариялар болып шыға келеді. Істеген әрекеті баланікі болғанымен, айтар сыры мен мұңы – тіпті де сәбидің еркелігі емес, қатыгез қоғамның боямасыз қалыбынан тарқатылады. Сәби фонында берілген қарттар бейнесі қандай дәрменсіз болса, ақылман ақсақалын бейшара күйге түсірген қоғам сондай аяусыз. Осылайша автор бала мен қарттар әлемін контраста беру арқылы оқиғаның өзегін өткірлендіріп, қайшылықты қалыңдатады. Өмір өтпестей көрінгенімен, уақыт-ағзамның алақанында адам ғұмыры қас-қағым ғана сәт екен. Балалық пен қарттықтың шекарасы тіпті де бөлінбейтін көрінеді. Сөйтіп қойылым сан саққа шашыраған ойыңызды «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген өмірдің өз пәлсапасына әкеп тірейді.
Драматургтің бұл ойын режиссер Бек Киікбай ұтқыр дамытып әкете алған. Спектакльде ол мықты метафоралар мен сәтті символикаларға батыл барады. Өмірдің бар мәнін – қойылымның басынан аяғына дейін тоқтамайтын велосипед дөңгелегімен параллель ала отырып, ұтымды шендестіреді. Сахна суретшісі Ұлан Несіпбайдың ойы да режиссер қиялымен сәтті үндескен. Талантты тандем қойылым кілтін шексіздіктен іздепті. Аппақ түске боялған аппақ әлем бірде сәби жөргегіндей тазалықты көз алдыңызға әкелсе, бірде ғарыштық шексіздік пен тұтастықты бедерлейтіндей. Сахна декорациясын барынша минимализмге құрып, актер жанын неғұрлым бастапқы планға шығаруға екпін түсірген. Соның нәтижесінде біз Дина Зайытова есімді талантты актрисаның тыңғылықты ізденісіне куә болдық. Драмасынан гөрі трагедиясы басым спектакльді жұп-жұмыр күйінде ұсыну өз алдына, сол салмақты ойлы бейне биігінде бедерлей алу да орындаушысынан есепсіз жігерді талап етеді. Осы сенімнің жауапкершілігін актриса шынайылықпен шебер астасқан ішкі тереңдігімен сәтті еңсерді.
Қойылымдағы режиссердің тағы бір батыл шешімі – музыкадан бас тартуы дер едік. Адамның жүрек дүрсілі мен демінен артық қандай ұлы музыка болуы мүмкін?!. Спектакльге келген көрермен тыныштыққа бөккен әлемнен күйкі тірлікпен қарбаласып жүріп естуден қалған жүрек үніне құлақ түріп, қас-қағым сәттік өмір мәнін өзгеше ұғынғандай бола ма, әйтеуір, бұл тыныштықтың әсері сұмдық ыстық.
Шеберлік деңгейі абсурд дейтін ауырлау жанрда сынға түскен шығармашылық құрам аталған жауапкершіліктің салмағын жете түсініп, жан-жақты ізденгені сахнада жасалған жұмыстан айқын көрінді. Қарағандылық көрерменді екі күн бойы өнер әлемінің қуанышына кенелткен қойылым театр репертуарына қосылған сәтті спектакльдердің бірі болады деп сенеміз.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»