Бұл – еліміздегі он үшінші ұлттық парк. Қазақстан Үкіметінің 2018 жылғы 27 маусымдағы №382 қаулысымен құрылған парктің ауданы 143 550,5 гектарды құрап отыр. Жалпы, Үржар ауданының жер бедері едәуір күрделі. Ауданның солтүстік жағын Тарбағатай жотасының батыс сілемдері Қарауылтөбе, Ақтас (1316м) және Ақшәулі (1618м) таулары алып жатса, оңтүстік жағын Тарбағатай жотасының оңтүстік ұсақ шоқылы беткейі мен Алакөл ойысының солтүстік бөлігі, ал оңтүстік-шығыс бөлігін Бармақ құмы мен Қосай шағылы, Көрпебай (568м), Бақты (1273м), Арқарлы және Арасан таулары алып жатыр. Осыған байланысты ауданның жер бедері солтүстік-шығыстан оңтүстік батысқа қарай едәуір еңіс келеді. Аудан аумағында Тарбағатай жотасының ең биік жерлері Атбас тауы (2263 м) мен Тастау (2992м) таулары және Тікжолдана, Қызасу, Ақшоқы, Кіші Сырғанақ асулары орналасқан. Кен байлықтарынан құрылыстық тастар мен кірпіштік саздар бар.
Жаңа ұлттық парк 6 түрлі кластерлік жер телімдерінен тұрады. Тарбағатай тауларының оңтүстік баурайы мен Үржар, Қатынсу, Еміл өзендерінің алқабын қамтып, соның ішінде Барқытбелдің Зайсан мен Тарбағатай ауданындағы бөліктері, Көкпекті ауданындағы Құлынжон қорықшасы жаңадан құрылған парктің бақылауына өтті.
Парктің ерекшелігі, онда өсімдіктердің өзге аумақта кездеспейтін яғни, «Қызыл кітапқа» енген 35-тен астам түрі бар. Тарбағатай жотасы далалы және шөлді аймақта орналасқандықтан мұндағы өсімдіктер жамылғысы басқа таулы аймақтарға Солтүстік Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Алтай тауларына қарағанда айтарлықтай ерекшеленеді. Онда бүгінге дейін флораның 1640 түрі анықталған. Яғни, дәрілік өсімдіктердің кең таралған бірқатар түрі, атап айтқанда, шырғанақ, мия, итмұрынның бірнеше түрі, шүйгін және т.б. өсімдік түрлері бар. Тарбағатай жотасында кездесетін кейбір дәрілік өсімдіктерге толығырақ сипаттама берілген. Сондай-ақ жотада айтарлықтай кең таралған дәрілік өсімдіктер қатарында Альберт раушаны, итшомырт, шырғанақ және орал миясының маңызы мен аса бағалы дәрілік қасиеттері жайлы деректер және де өсімдіктердің таралу ерекшеліктері мен химиялық құрамына, ғылыми медицина мен халықтық медицинада қандай ауруларға дәрілік мақсатта пайдаланылатыны жайлы толық мағлұматтар берілген.
Ұлттық парктің омыртқалы жануарлар фаунасы да бай. Алдын ала алынған деректер бойынша, бұл 376 түрді қамтиды, оның ішінде өлкедегі 19 балықтың түрі, қосмекенділердің екі түрі, бауырымен жорғалаушылардың 23 түрі, құстардың 272 түрі, сүтқоректілердің 60 түрі мемлекет қамқорлығына алынды. Сондай-ақ парктің қорғауында мемлекет аумағында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген жануарлардың 40 түрі, яғни бауырымен жорғалаушы 1, құстардың 33 түрі және сүтқоректілердің 6 түрі ерекше қорғауға ие болмақ.
Осы ретте Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының бұйрығымен Әлібек Тоқтаубекұлы Тоқымтаев «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры қызметіне тағайындалды. Ол 2004 жылдан бері Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи қорығының директоры қызметін атқарған болатын.
Табиғи парктың ашылуы аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешуге де септігін тигізді. Бүгінде аудан көлемінде 140-қа жуық адамды жұмыспен қамтыды. Мекеме директорының айтуынша, келешекте 200-ден астам адам жұмыспен қамтылатын болады.
– «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық паркінің негізгі мақсаты – биологиялық және ландшафттық алуантүрлілікті сақтап қалу, арнайы экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар табиғат қорғау мақсаттары үшін мемлекеттік табиғи резервтік қордың бірегей табиғи кешендерін және объектілерін пайдалану. Бүгінде мемлекеттік ұлттық табиғи парктің алға қойған мақсаты іске асуы, жоспары орындалуы үшін табиғаты тамаша, көрінісі әсем жерлерімізге кордондар салынуда. Келешекте туристер тамсана тамашалайтын, келушілер легі толастамай жататын күн туып, туризм саласынан қаржы табудың жолдары да қарастырылуда», дейді парк директоры Әлібек Тоқымтаев.
Қазіргі кезде мекемеге қажетті 2 дана ГАЗ 33081 өрт сөндіру көлігі, 2 дана УАЗ 390995-04 автокөлігі, 4 дана УАЗ хантер 409050 техникаларымен жабдықталды. Қасиетті Барқытбел баурайындағы Үржар ауданында ұлттық парктің ашылуы – Қазақстанның көрікті де көркем табиғатын қорғап, көздің қарашығындай сақтауға зор мүмкіндік береді. Табиғатқа қажеттілікті өтеу объектісі емес, жанды нәрсе атаулының біртұтас тіршілік ортасы ретінде қарайтын мезгіл жетті. Бұл жайында заманымыздың ғұлама ғалым Жан Дорст былай деп жазған болатын: «Адам бойында жабайы табиғатты сақтау үшін ұмтылуға қажетті объективті себептер жетіп-артылады. Алайда, түптеп келгенде, табиғатты тек сүйіспеншілік қана құтқара алады. Адам бұл дүниеде сұлулықсыз өмір сүре алмайтындықтан, қоршаған ортаны сәл де болса сүйіп, қастерлей білген жағдайда ғана, табиғат өзіне төнген қауіп-қатерден құтылады».
Зухра НҰРЖАНҚЫЗЫ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы