15 Қараша, 2018

Алтай аймағымен алыс-беріс нығаяды

437 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Петропавл қаласында өткен ХV өңіраралық ынтымақтастық форумының аясында облыс әкімі Даниал Ахметов Ресейдің Алтай Республикасының басшысы Александр Бердниковпен екі аймақ арасында бірқатар саладағы әріптестікті нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойды.    

Алтай аймағымен алыс-беріс нығаяды

Аталған құжат Шығыс Қазақ­стан мен Алтай Республикасының сауда-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, ақпараттық, көліктік, сондай-ақ ауылшаруашылығы салаларындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бе­реді. «Алтай – біздің ортақ үйі­міз. Алтай тек Қазақстан мен Ресей­ді ғана емес, Моңғолия мен Қы­тай­ды да біріктіреді. Біздің бір­лескен туристік бағыттарымыз бар. Енді шекарадан кедергісіз өту мәселесін шешкеніміз жөн. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біз Абай, Әуезов, Дос­тоевский, Шукшин секілді ұлы тұлғалардың шығармашылығын насихаттайтын, Қазақстан мен Ресей­дің әдеби, поэтикалық және фило­софиялық үндестігін көр­се­тетін бірнеше маршрут әзірледік», деді Д.Ахметов журналистерге берген сұхбатында. Сондай-ақ аймақ басшысы бүгін­де Шығыста емдеу-сауық­тыру туризмін дамытуға бағыт­талған бағдарлама әзірленіп жат­қанын, өңірде оқиғалы туризм саласын қолға алу жоспарда бар екенін жеткізді. 

Өз кезегінде Алтай Рес­пуб­­ликасының басшысы ресей­ліктер қазақстандықтарға туризм саласында жан-жақты қызмет түр­лерін көрсетуге әзір екенін айтты. «Біздің қазақ­стандық әріп­тес­терімізбен байланысымыз мығым. Алтай − сіздер үшін де, біз үшін де киелі мекен, қастерлі ұғым. Кезінде дәл осы Алтай же­рінде Түркі қағанатының негізі қа­ланған екен. Сондықтан бұл түр­кітілдес ұлттардың қай-қай­сысы үшін де атажұрт деуге болады. Мұзтау тауының бір жартысы Шығыс Қазақстан облысына қарайды. Демек, шығыс­қазақ­стандықтармен мүддеміз де, құн­дылықтарымыз да бір. «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халық­аралық конституциялық кеңесінің аясында «Алтай – ал­т­ын жүзік» атты туристік жоба әзірленді. Төрт мемлекет аума­ғын қамтитын бұл жобаның қаты­су­шылары Қытайдағы көлді, Бұқтырма су қоймасын, Ресей аумағындағы Алтайдың сұлу­лығын тамашалай алады»,  деген Александр Бердников шығысқазақстандық инвесторларды әріптестікке шақырды.

Форум аясында ұйым­дас­ты­рыл­­ған «Қазақстан мен Ресей­­дегі туризмді дамыту­дың жаңа тə­сіл­дері мен үрдіс­тері» ат­ты көрмеде Шығыс Қазақ­стан­ның туристік әлеуеті, археоло­гия саласы,  туризмнің емдеу-сауық­тыру, экологиялық және басқа да түрлері, брендтік өнімдері таныстырылды. Соны­мен қатар Шығыс Қазақстан облысының туристік ақпараттық орталығы мен Алтай аймағының туристік орталығы ақпараттық ынтымақтастық жө­нін­дегі мемо­рандумға қол қойды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы