Қоғам • 15 Қараша, 2018

Электронды сақтандыру полисі енгізіледі

1065 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Заң талаптарына байланысты 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастап көлік құралы иелерінің азамат­тық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтан­дыру полисінің қолданыстағы үлгісі электронды сақтандыру полисіне алмастырылады.  

Электронды сақтандыру полисі енгізіледі

Бұл қазақстандық жүргізу­шілер үшін өте тиімді болмақ. Өйткені жаңа жылдан бас­тап қазіргідей қағаз түріндегі сақтандыру полисін үнемі алып жүрудің қажеті болмай­ды. Неге десеңіз, Әкім­ші­лік кодекске енгізілген өзге­рістерге сәйкес, қағаз түрін­дегі сақтандыру полисі талап етілмейді және оның жоқ­тығы үшін айыппұл са­лын­байды. Алайда бұл жүр­гізу­шілердің азаматтық-құ­қық­тық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полисі енді көлік иелеріне керек емес екен дегенді білдірмейді. Ол бұрынғыша өте қажет болады. Тек бұл халық пен бизнес үшін сақтандыру бағасын арзандатып, сақтандыру төле­мін алуды жеңілдету мақ­сатында қолданыстағы үлгіні электронды сақтандыру полисіне алмас­тыру дейміз. Сөйтіп міндетті және ерікті сақтандырудың барлық түрі бойынша электронды сақ­тандыру жасасуға жол ашылады. Жаңа жылдан кейін электронды сақтандыру жүйесі жүзеге асқан соң сақ­тан­дыру полисі онлайн арқылы рәсімделеді. Бұл қазіргі дәстүрлі түрде­гі­дей сақтандыру компа­ния­сы­на бармай-ақ, интернет арқылы (ұялы телефон немесе компьютермен) сақтандыру­шы компаниялардан сақтан­дыру полисін алуға қатыс­ты мәлімет білуге болады. Содан кейін арада  сақтандыру туралы келісімшарт жасалып, сақтандыру компания­сы шотына тапсырыс берушінің төлемі түскен соң, олар элек­тронды сақтандыру жасал­ғаны туралы мәліметтерді сақтандырудың бірыңғай деректер базасына қосады. Деректер базасында жеке немесе заңды тұлға­лар­дың келісімшарты, яғни құжаты тіркеліп, оған бірегей нөмір беріледі. Міне, осы біре­гей нөмірлі құжат электронды полис деп аталады. Бұл электронды полис жеке адамның электронды поштасына да жіберіледі. 

Сөйтіп жаңа жылдан бастап әкімшілік полиция қызметкері  жүргізушіден қағаз түріндегі сақтандыру полисін талап етпейді. Ал жүргізушіге менде электронды сақтандыру полисі бар деп дәлелдеудің қажеті жоқ. Өйткені енді оны әкімшілік полиция қызметкерінің өзі дәлелдейді. Сондықтан электронды сақтандыру полисін уақытылы талапқа сай алған жөн. Дегенмен егер талап етілсе, сақтандырушы компания жүргізушіге азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру туралы полистің қағаз түріндегісін де шығарып бере алады. Бірақ қағаз түріне қарағанда, оның электронды түрінің ешуақытта жоғалмайтындығы және оны ешкімге көрсетіп дәлелдеудің де керек еместігі – артықшылығы дейміз.

Александр ТАСБОЛАТ,

«Егемен Қазақстан»