Қайсар Әлім 55 жыл бойы қазақ журналистикасының қазанында қайнады, соның ішінде «Егемен Қазақстанда» да қызмет етті, әдеби шығармалары да оқырманын тапты. Қайсардың қазақ әдебиетіндегі қарымды қаламгер Әзілхан Нұршайықовпен 34 жыл бойы жазысқан хаттары эпистолярлық жанрдағы елеулі шығарма болып табылады. Сонымен қатар ол – журналистика көзмайын тауысып оқуды, маңдайтерін сүртіп жүріп жазуды қажет ететін мамандық екенін замандастарына дәлелдеген, еңбекқорлығы кейінгіге үлгі болатын қаламгер.
Кеште алдымен Қайсар Әлім туралы арнайы жасалған деректі фильм көрсетілді. Қостанай облысы Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қаламгерді құттықтап, иығына шапан жапты. Арқалық қаласы, Амангелді, Жанкелдин аудандары әкімшіліктерінің өкілдері де қаламгерге туған жердің сәлемін жеткізді.
Осы кешке арнайы келген белгілі экономист ғалым, профессор Сайлау Байзақов інісіне риясыз тілегін айтса, ақын Қорғанбек Аманжол Қайсар Әлімнің шығармаларына арнайы тоқталды.
– Міржақыптың сүйегін алып келуі, Кейкі батырдың бас сүйегін әкелуге қатысуы сияқты қоғамдық-азаматтық істерді атқара жүріп, оны мөлдірете жазып, оқырманға жеткізуін, басқа публицистикалық, әдеби шығармаларын былай қойғанда, Әзілхан Нұршайықовпен 34 жыл ұдайы хат жазысуы – үлкен еңбек, қазақ әдебиетінде эпистолярлық жанрды Қайсекең шегеледі деуге негіз салады, – деді Қорғанбек Аманжол.
Мұнан кейін сөз алған Қайсар Әлімнің қостанайлық әріптестері, ақын Жолбарыс Баязид, жазушы Ғұмар Ахметчин және тағы басқалар оның публицистикасы мен маңызы жоғалмайтын, уақыт шежіресі болып қалатын шығармаларға жоғары баға берді.
Кеш соңында Қайсар Әлім өзін қаламгер ретінде қанаттандырған Қостанайға келіп, жерлестерімен қауышқанына, мерейтойына орай оқырмандарымен кездескеніне ризашылығын білдірді. Қазаққа ірі ақындар мен ғалымдарды берген құтты жер – Қызбелі туралы тебірене сөйледі. Жүрегінде туған жерге деген махаббатты алақанында аялаған шырақтай сөндірмей ұстау адам рухының жоғарылығы мен тазалығын білдірсе керек. Ал 1965 жылы жас Қайсар күнделігінің бірінде: «Бір түсінетінім – сағыныш деген жан дерті екен, сол дертті шақыратын аңсарлы ауылың екен. Ие, Жаратылысы бөлек ауылым менің!» деп жазыпты.
– Туған жер дегенде алдымен Қызбелді айтамын. Қостанайда қанша ауыл бар, соның біріндей ғана кішкене менің Қызбелімнен Алаштың қаншама арыстары түлеп ұшқан. Міржақып Дулатов, Сейдәзім Қадырбаев, Әлмағамбет Қасымов, Асқар Закарин, әлемге белгілі академиктер Фазылхан Бәйімбетов, Сайлау, Сәбит Байзақовтар – менің ауылымның мәңгі мақтаныштары! Мен Қостанай өңірінде болып жатқан жаңару, рухани жаңғыруларға, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың басшылығымен соңғы жылдары жүзеге асып жатқан экономикалық табыстарға қуанамын. Сіздермен қауышу қаламгер үшін бақыт, соны мен де сезініп тұрмын», деді қаламгер жерлестеріне.
Кешті облыстық филармонияның әншілері Манапбек Қадіров пен Талғат Молдағалиев әнмен өрнектеп отырды. І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері Қайсар Әлім шығармаларынан үзінділер орындады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ