Халықаралық деңгейде өткен жиынға «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының төрағасы, ақын Олжас Сүлейменов қатысты. Форумда сөз алған мәртебелі мейман Қазақстандағы антиядролық қозғалыстың басталуына 1989 жылдың 19 қазанында Қарағанды кеншілерінің жаппай ереуілге шығуы мұрындық болғанын атап өтті. «Енді, міне, 30 жыл бұрынғыдай Қарағанды, ҚарМТУ өзге облыстардың ішінде алғашқы болып, бұл форумды ұйымдастырып отыр», деді О.Сүлейменов.
Антиядролық қозғалыстың белсендісі, АТОМ жобасының құрметті елшісі, суретші Кәріпбек Күйіков өткен күндерді еске алып, өзінің туған жерінде жасалған сынақ жарылыстарынан қарапайым халықтың қандай зардап шеккенін айтты. «Ондаған жылдар бойы жасалып келген ядролық сынақтар қазір тыйылса да, адамдар әлі күнге дейін жарылыстардың зардаптарын ойлап, қатты уайымдайды», деді ол. Сөзінің аяғында ол бүгінгі жастардың эстафетаны қолға нық алып, аға буын өкілдері бастаған істі лайықты жалғастырарына сенім білдірді.
Жиын барысында сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Т.Сүлейменов, Павлодардағы «Самал» сауықтыру орталығының директоры З.Багненко және басқалар мазмұнды баяндама жасады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ