Қазақстан • 15 Қараша, 2018

Елбасы Словакия Республикасының Премьер-Министрі П. Пеллегринимен кездесті

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Словакия арасындағы қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Елбасы Словакия Республикасының Премьер-Министрі П. Пеллегринимен кездесті

Мемлекет басшысы Словакия Премьер-Министрінің бұл сапары мемлекетаралық байланыстырды одан әрі нығайтуға және экономиканың түрлі салаларындағы ықпалдастықты тереңдетуге серпін беретінін атап өтті. 

«Елдеріміз арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Сапарыңыздың барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевпен кездесу өткіздіңіз. Сізбен бірге Қазақстанға бизнес өкілдері де келіпті. Осы сапарыңыз өзара байланыстарымызды дамытуға жаңаша жол ашады деп ойлаймын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

П. Пеллегрини еліміздің әлемде мемлекетаралық диалог орнату ісіндегі маңызды рөлі жөнінде айтты.

«Қазақстанның халықаралық қатынастар саласындағы беделі зор. Көптеген халықаралық мәселелерді шешу жолындағы Қазақстанның тұрақтандырушы рөлін жоғары бағалаймыз», — деді Словакия Республикасының Премьер-Министрі.

Сонымен қатар, П. Пеллегрини екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды өркендетудің маңыздылығын атап өтіп, агроөнеркәсіп және индустрия секторларында, көлік-логистика саласында, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясында ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айтты.