Жалпы ауыл шаруашылығының еліміздің экономикасында алар орны ерекше. Сол себепті де Елбасы бұл саланы ұдайы басты назарда ұстап, оның жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасап келеді. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын» арттыру атты Жолдауында да Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыруды алдымызға міндет етіп қойды. Соның ішінде еңбек өнімділігін және қайта өнделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтуді және алдағы үш жыл ішінде аталған саланы дамытуға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырды. Осы мақсаттардың нәтижелі жүзеге асырылуына «Нұр Отан» партиясы да тікелей мүдделі.
Ақмол ауылына арнайы келген Мәулен Әшімбаев «Шаңырақ» басқарушы компаниясына қарасты жұмыртқа қорабын дайындайтын цехтің, құс етін өндіретін зауыттың және шұжық шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Бұл өндіріс ошақтарының барлығы да заман талаптарына сай жаңа, цифрлы технологиялармен жабдықталып, табиғи таза, сапалы өнім шығарып отыр. Кәсіпорынның өнімдері Астана қаласы және Ақмола облысымен бірге Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларына жеткізіледі. Тіпті алыс-жақын шетелдерге де экспорталатынын атап өткен жөн.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары кәсіпорын қызметкерлерімен кездесіп, оларды ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтады. Сондай-ақ ол Жолдауда айтылған ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты басымдықтардың маңызына тоқталып өтті.
– Бүгінде Елбасының бастамасымен ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында да осы салаға цифрлы технологияларды енгізіп, білікті мамандар тартуды және қомақты қаржы бөлуді тапсырды. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, экономикамыздың дамуындағы негізгі сала ретінде қалыптасуына мол мүмкіндік береді. Осылайша Мемлекет басшысы Қазақстанның әлемге тек шикізаттар мен минералды ресурстар экспорттайтын ел ретінде ғана емес, сондай-ақ сапалы, табиғи таза, дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін де шығаратын мемлекет ретінде де танылуын қамтамасыз етуді алдымызға мақсат етіп қойды. Бұл – бізді бәсекеге қабілетті, дамыған 30 елдің қатарына бастайтын маңызды қадам, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары осындай игі істерді жүзеге асыруда партия филиалдары мен бастауыш ұйымдары белсенді жұмыс істейтінін жеткізді.
– Елбасының сенімді тірегі және еліміздің жетекші саяси күші ретінде «Нұр Отан» партиясы ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған барлық бастаманы жүзеге асыруға атсалысып, осы саладағы жұмыстарды қоғамдық бақылауға алады. Осылайша нұротандықтар Президентіміздің барлық стратегиялық бағдарламасын орындауға өз үлестерін қосады, – деді Мәулен Әшімбаев.
«Шаңырақ» серіктестігі тауық еті, шұжық және жұмыртқа өндірісі бойынша еліміздегі алдыңғы қатарлы өндіріс ошақтарының бірі. Кәсіпорын басшысы Денис Плужниктің айтуынша, мекеме Астана қаласын құс еті өнімдерімен қамтуда маңызды рөл атқарып отыр. Тіпті елордамыздағы құс етінен тағам дайындайтын әлемге әйгілі асхананың өзі осы «Шаңырақтың» өнімдерін тұтынады екен. Сондай-ақ кәсіпорын басшысы мекеменің «Нұр Отан» партиясымен тығыз байланыс орнатқанын да атап өтті.
– Компанияда бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Барлық партиялық іс-шараларға белсене қатысып тұрамыз. Биыл партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жаңа жобаларды жүзеге асыруға да өз үлесімізді қостық. Соның нәтижесінде ауылымызда ІТ-сынып ашылып, жергілікті балалардың заманауи мамандықтарды игеруіне мүмкіндік туды, – дейді Денис Плужник.
Сапар соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев компанияның белсенді қызметкерлеріне партия атынан алғыс білдіріп, арнайы марапаттады.