Жеңілістің кермек дәмі
Допты хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында тұңғыш жеңілістің дәмін татты. Әлемнің он мәрте чемпионы Швеция командасымен арада өткен тартысты ойында ел жігіттері небәрі бір гол соғумен шектелді.
Допты хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында тұңғыш жеңілістің дәмін татты. Әлемнің он мәрте чемпионы Швеция командасымен арада өткен тартысты ойында ел жігіттері небәрі бір гол соғумен шектелді.
Швеция құрамасымен өткен кездесу 1:9 есебімен аяқталды. Қазақстандықтар бірінші минуттардан ашық айқасқа көшкен болатын. Алайда, шведтер өз мүмкіндіктерін мүлт жібермей, өз қақпасын қамалды қорғағандай асқан шеберлікпен сақтай білді. Айта кету керек, Алексей Никишовтың шәкірттері қанша тырысқанмен, қарсыластардың қорғанысын бұза алмады. Бірінші тайм 0:5 есебімен аяқталып, қазақстандықтар екінші таймда бір гол соғып еді. Қарымта ретінде қонақтарымыз біздің бір добымызға 4 доппен жауап қайтарды.
Норвегия мен АҚШ командаларынан басым түскен қазақстандық хоккейшілердің бағын алаңдағы төрешілер де байлағандай болды. Сапасыз төреліктің сызы біздің жігіттердің ойын мәнеріне психологиялық әсер болып тиді деуге негіз бар. Одан өзге, бұл жолы Қазақстан құрамасының жігіттері «ә» дегенде алғашқы таяқтастасы жақсы болғанымен, ойын басталған алғашқы он минуттан кейін тізгінді қолдан шығарып алды. Денис Максименко жіберген қателік үшін төреші тағайындаған пенальтиді швед Стефан Эриксон сәтті пайдалана білді. Алғашқы соққыдан кейін-ақ күш алып кеткен қарсыластар біздің құраманың қақпасын бірінші таймның соңына дейін тек қақырата соғумен болды.
19-шы минутта Эриксон екінші добын түсіріп еді, енді біздің жігіттер оталады деп отырғанда, 23-ші минутта Хельмюрт Қазақстан құрамасының қақпасына тағы бір допты тоғытты. Бұған дейінгі ойындарда жеңімпаз болған біздің жігіттер шведтермен болған бәсекеде де барын салды. Амал жоқ, әлем чемпионының аты – әлем чемпионы. Оның үстіне допты хоккейден он мәрте чемпиондық атақты бермей келе жатқан тәжірибелі қарсыластың ойын өрнегі ерекше екендігін де мойындау керек. Шведтің сұр мергені Андерсон 28-ші минутта төртінші допты, ал Микельссон 42-ші минутта бесінші допты соғып, бірінші таймда-ақ ойын тағдырын шешіп тастады. Шведтер өздеріне берілген жеті мүмкіншілік – айып доп соғу сәтінің бесеуін өз пайдаларына тиімді қолдана білді. Одан кейінгі ойында қарсыластар өз қақпасын көздің қарашығындай қорғауға көшті.
Екінші таймды қарқынды бастаған швед құрамасы алғашқы минуттарда-ақ біздің қақпаға екі допты сүңгітіп үлгерді. Тек біздің Вячеслав Бронниковтың 57-ші минутта соққан жалғыз голы қазақстандық хоккейшілердің қарымта соққы беруге қауқарлы екенін көрсетті. Бронников осы чемпионат басталғалы қанжығасына бесінші голды байлап қана қойған жоқ, әлемдік додада бет қаратпай жүрген әйгілі команданың қақпашысы Андрес Свенсонның өзін жер қаптырды.
Қалай десек те, әлемдік допты хоккей біріншілігіне лайықты да шебер құраманың келгенін біздің жігіттер таныта білді.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.