Үшінші мәрте үштіктен көріндік
Алматыда аяқталған әлем чемпионатында қазақстандық допты хоккей шеберлері қола жүлдеге қол жеткізді
«Медеу» мұз айдынында допты хоккейден өткен 32-ші әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Азия аумағында тұңғыш рет өткізілген бұл чемпионаттың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын шетелдік мамандар мен спорт журналистері тұшынып айтты. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы қола жүлдеге ие болды.
Алматыда аяқталған әлем чемпионатында қазақстандық допты хоккей шеберлері қола жүлдеге қол жеткізді
«Медеу» мұз айдынында допты хоккейден өткен 32-ші әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Азия аумағында тұңғыш рет өткізілген бұл чемпионаттың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын шетелдік мамандар мен спорт журналистері тұшынып айтты. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы қола жүлдеге ие болды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Швеция құрамалары арасында бендиден өткен әлем чемпионатының жартылай финалдық ойынын тамашалады.
Бұған дейін Швеция құрамасымен болған жартылай финалдық кездесу өте тартысты әрі шиеленісті өтті. Қос команда да ақтық сынға өту жолында барын салды. Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ біздің жігіттер шведтерге жіберіп алған әуелгі есесін қайтара алатындығын танытып, жігерлі ойын өрнегін көрсете білді. «Медеуді» басына көтере айғайлаған жанкүйерлерін жерге қаратпауға бекінгендей. Толассыз жауған қар толарсаққа жетсе де, осы жолы Швеция құрамасын қалайда жеңуге бекініп шыққан мінез анық байқалды. Бірінші таймда екі команда қарсыластарымен бір-бір голдан алмасып, ойын тең есеппен аяқталды. Бұл күні қардың тоқтаусыз жауғанына байланысты әдеттегідей 45 минуттан екі тайм ойналмай, бендиде рұқсат етілген ережеге сай жарты сағаттан үш тайм ойнауға тура келді.
Екінші таймда алаңдағы жағдай аса тартысты басталды. Ойынның екінші бөлігінде қазақстандықтар қарсыластар қақпасына бір доп енгізіп алға шықты. Көп ұзамай пенальтиден үшінші голды да сәтімен соқты. Қарсыласына қарымта соққы беріп шебер ойын өрнегін көрсетудің орнына шведтер бармақ басты, көз қысты әрекеттерге дейін барғанын айта кеткеніміз жөн. Үшінші таймда шведтер алғашқы бұрыштамасын сәтті пайдаланып, біздің қақпаға гол соқты. Есеп айырмасы «минимумға» дейін қысқарып, айдындағы ойынның көрігі қызды. Шабуылға түбегейлі көшкен скандинавиялықтар қорғанысты ұмытып, опық жеді. Соңғы ысқырыққа 12 минут қалғанда Никишовтің шәкірттері төртінші голын соқты. Ал ойын бітуге санаулы-ақ секундтар қалғанда бұрыштамадан берілген кезекті доп Қазақстан құрамасының қақпасына енді. Матчтың негізгі уақыты 4:4 есебімен тең аяқталып, жеңімпазды анықтау үшін ойын овертаймға ұласты.
«Алтын доп» қақпа торында тулап жатқанға дейін жалғасатын овертаймда жанкүйер күткендей жаңалық болмады. Шешуші сәтте екі команда да бір-біріне беріспей, тең дәрежеде ойын жүргізді. Ойын соңынан берілетін 12 метрліктердің сериясында сәттілік қонақтар жағында болды.
Қазақстандық допты хоккей шеберлері үшінші мәрте қола жүлдеге қол жеткізді. Бірақ бұл жолы қазақ жұрты мұз үстіндегі мін мен сынды өз көздерімен тамашалап, өз көңілдерімен көкейге түйді. Төрешілер тарапынан жасалатын қысастық пен түрлі айланың куәсі болып, өз елінің намысы үшін ақ қар, көк мұзда «Медеуге» ағылды. 10 рет әлем чемпионы атанған Швеция секілді елмен бір деңгейде ойнау, кей ретте басымдық таныта білу – ерлікпен пара-пар іс. Біздің жігіттеріміз мұндай ойыны үшін тек мақтауға лайық. Бұл допты хоккейден қатысып отырған соңғы чемпионатымыз емес. Алда әлі талай жарыстар мен сын сағаттар бар. Шын мықтыны шынайы танитын кез әлі талай туады. Осы жолы да қазақстандық бендишілер өз өнерімен талай елді тәнті ете білді. Әсіресе, Швеция құрамасымен болған қарымта кездесу спорт тарихында «шведтерді састырған күн» ретінде атап өтуге әбден тұрарлық.
Расында, мұндай ойынды қазақстандық бендишілерден көбі күтпеген еді. Бұл ойын нағыз финалдағы ойын сияқты өтті. Бірақ, қонақтар жағынан кеткен бір әттеген-айды да айта кетпеске болмайды. Сол күні бендиден Қазақстан бапкерлері Швеция құрамасының үстінен шағым түсірді. Оның себебі, қонақтардың ойынға қосылмаған Даниэль Моссберг деген ойыншысын матчқа тіркетпей, ешкімге ескертпей айдынға шығарғаны болды. Мұндайға біздің бапкерлер жол бере ме, құрама бапкері Алексей Никишов пен федерация өкілдері жеделғабыл Швеция тарапының өрескел қателік жібергенін айтып, Халықаралық бенди федерациясына шағымданды. Аты дардай бұл ұйым, өкінішке қарай, біздің шағымымызды ескермей, шешімді Швецияның пайдасына шығарды.
Осы оқиғаға байланысты өткен арнайы жиында FIB басшылығы Қазақстанның шағымын қарастырып, Швеция құрамасына айыппұл салды. Сөйтіп, тізімдегі жоқ ойыншыны матчқа қосқан Швеция бар болғаны 2500 еуро төлеммен құтылды. Міне, осыдан кейін Скандинавия өкілдері финалға жолдама алып, онда Ресей құрамасын 5:4 есебімен жеңіп, 11-ші рет әлем чемпионы атанды. Ал біздің ел жартылай финалда ресейліктерден 6:4 есебімен жеңілген Финляндияны үшінші орын үшін өткен матчта 10:5 есебімен ұтып, қола жүлдені иеленді.
Сөйтіп, Алматыда бір жетіге созылған әлем чемпионаты аяқталды. Бұл бәсеке, шыны керек, біздің Швециямен болған кездесудегі қателіктер және Халықаралық бенди федерациясы басшылығының соған байланысты бұрыс шешім қабылдағаны болмаса, өте жоғары деңгейде өтті. Енді бізді биыл тағы бір бенди бәсекесі күтеді. Әлем чемпионаты кезінде осы жылдың соңында, яғни желтоқсанда Алматы төрінде бендиден Азия чемпионатының өтетіні белгілі болды. Бұл туралы Қазақстан бенди одағының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.
Суреттерді түсірген Юрий БЕККЕР.