Қазақстан • 20 Қараша, 2018

Қайырымды қала тұрғындары тегін дүкен ашты

661 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қайырымдылықтың үлкен кішісі болмайды. Анығында, шын көңілмен берілген бір жұтым су да, мұқтаж жанға ұсынған бір үзім нан да қамкөңілдің жанына ізгілік нұрын себе алса болғаны.

Қайырымды қала тұрғындары тегін дүкен ашты

Қоғам нарықтық заманда қатігезденіп кетті деп күстаналағанмен адамдар арасында жақсылық жасауға асығатын жандар аз емес. Сондай жекелеген азаматтардың  игі бастамалары бір арнаға тоғысып, үлкен бастауларға айналып жатқаны қуантады. 

Міне сондай игілікті жобалардың бірі ретінде Шымкент қаласында мұқтаж жандар үшін «IZGILIK» деп аталатын тегін дүкен ашылды. 

Аталған дүкен күн көріс деңгейі төмен отбасылар мен жетім-жесірлерді азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуді мақсат еткен.

Мұнда тек материялдық көмек көрсетіліп ғана қоймай, жұмыссыз азаматтарды қабілетіне қарай жұмысқа үйретеді. Осылайша олардың қоғамда өз орнын табуына септігін тигізеді.

«Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жұмыс бастаған бұл әлеуметтік үйден мұқтаж жандар аптаның 6 күнінде қажетті заттарын тегін алуына мүмкіндік бар. Ол үшін өзімен бірге жеке куәлігін, әлеуметтік аз қамтылатын топ екендігін анықтайтын құжатын алып келсе жеткілікті.

Дүкеннің ішкі ережесі бойынша айына бір мұқтаж жан тек бір ғана киімге ие болмақ. Азық түлікті де отбасындағы адам санына қарай шамалап алып кете алады. Ал, дүкен сөрелеріндегі заттар қайырымды қала тұрғындарының күнделікті осы әлеуметтік үйге алып келген тартулары. Айналасына қарайласқанды азаматтық парыз санайтын жандар Шымшаһардағы Елшібек батыр көшесінде орналасқан  88 үйге ат басын бұрып, қажетті тұрмыстық заттарды әкеліп өткізуге болады.

-Тек киім-кешек таратып қана қоймай, қыстың көзі қырауда жаурамас үшін отыны жоқ жанұяларға көмір түсіріп беруді  жоспарлар отырмыз. Әрине, бұл уақытша ғана көмек. Дегенмен, осындай сауапты істерді көптеп ұйымдастыру арқылы қоғам назарын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек жандарға аудару. Тіпті, еңбекке қабілеттілігі жоқ ағайынға қайырымдылық қор арқылы баспанамен амтамасыз етуді қолға алдық. Осы жылы кәсіпкерлердің қаржылай қолдауымен 2 үй сатып алдық. Алдағы уақытта соны үйсіз-күйсіз жүрген отбасыларға табыстайтын боламыз»,  дейді «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының басшысы Асқар Мәуленов.

Дүкен ашылған 10 күн ішінде 250 отбасыға киім-кешек, 50-ден астам жанұяға әлеуметтік, тұрмыстық заттар үлестірілген. Алдағы уақытта дүкен желілерін аудандардан ашып, ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созуды жоспарлап отыр екен. 

Кейде күнделікті қоқыс жәшігінің қасында үйіліп жатқан жамау-жасқаусыз киім-кешек пен қалта толы ақ нан қалдықтарын көргенде қайырымдылыққа мойыны бұрылмай жүрген адамдардың қылығына іштей ішің ашиды. «Өзінен артылғанды далаға тастағанша неге мұқтаж жандарға үлестірмеді екен?», деген сұрақ туындайды...

Мүмкін бұл жандар «керексіз» заттарын кімге берерін білмей жүрген шығар. Ендеше, Сіз  сол жандарға «IZGILIK» деген дүкеннің мекен-жайын көрсетіп жіберсеңіз, соның ізі де қайырымдылыққа парапар іс болмақ. 

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»