Театр • 22 Қараша, 2018

Астана Операда «Күміс ғасыр балеттері» көрсетіледі

533 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкірегі ояу көрерменге классикалық туындылардың небір үздік үлгілерін ұсынып үлгерген «Астана Опера» театры тағы бір тамаша премьераға қызу дайындық үстінде екенін естіп білдік. Бұйырса, осы айдың аяғында балет труппасы әлемге әйгілі М.Фокин хореографиясындағы Н.А.Римский-Корсаков пен Ф.Шопен музыкасына қойылған «Шехерезада» және «Шопениана» спектакльдерін сахнаға шығарады. Белгілі балетмейстерлер, Ресейдің халық әртістері Алтынай Асылмұратова мен Андрис Лиепа кезінде кеңінен танымал болған қойылымды Қазақстанда қайта жаңғыртпақ.

Астана Операда «Күміс ғасыр балеттері» көрсетіледі

Талай ұрпақтың эстетикалық тал­ғамын тәрбиелеген бұл шырайлы шығармалар орыс мәдениеті тарихында ойып отырып орын алатын «Күміс ғасыр балеттері» топтамасындағы топжарған жауһарлар қатарына жатады. Сөз реті келіп тұрғанда аталмыш ағымға аз-кем анықтама бере кеткеніміз жөн секілді. Алтын ғасыры аяқталып, аптығы басылған Ресей руханияты XIX ғасырдың аяғында дағдарысқа ұшырап, баяғы даңқынан айырыла бастады. Міне, осындай құндылықтар құлдыраған тұста К.Станиславский, В.Немирович-Данченко сияқты тұл­ғалар орыс мәдениетін қайтадан өрге сүйреп, екінші тынысын ашты. Ойын-сауық орнына айнала бастаған киелі сахнаның өңі кірді. Мәскеу көркем театрының (МХТ) қабырғасы қаланып, сүбелі пьесалар репертуар қорын байытты. Сондықтан да осынау қайта өрлеу кезеңі «Күміс ғасыр» деп аталады.

Елді елеңдеткен жаңашыл бағыттар балет сценасын да қамтыды. Ондай оң­ды өзгерістер негізінен білікті маман М.Фокиннің есімімен тығыз байланысты екенін айтуға тиіспіз. Ол буынсыз бишілерді бастап барып атақты меценат С.Дягилев ұйымдас­тырған Париждегі Орыс маусымына қатысып, үлкен абыройға бөленді. Сондағы әртістердің ішінде А.Павлова, В.Нижинский, Т.Карсавина, Е.Гельцер тәрізді таланттары тас жарған тарландар болғанынан да хабарымыз бар. 

Театрдың баспасөз қызметі алдын ала таратқан ақпараттарда «Шопе­ниана» мен «Шехерезада» көпшілік көңілін көншітетінін алға тартады. Өйткені ұстыны берік өнер ұжымының шығармашылық мүмкіндігі өте жо­ғары. Аңызға айналған хореография мен Виктор Караре, Анатолий Нежный қатарлы хас шеберлер әзірлеген көр­некі сценография­лар көздің жауын алады. Деко­рация­ларда сол заманның поэтикалық рухы көрініс тапқан. Костюмдер Миландағы «Инс­титуто Марангони» академиясының тү­легі Арасель Досмұратова мен дарынды суретші Елена Нецветаева-Дол­галеваның эскиздерімен тігілген. 

Қалған қызықтың бәрін 30 қара­шада «Астана Операға» келіп, өз көз­деріңізбен көргендеріңіз дұрыс, қадірлі өнерсүйер қауым. 

Талғат БАТЫРХАН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45