Талай ұрпақтың эстетикалық талғамын тәрбиелеген бұл шырайлы шығармалар орыс мәдениеті тарихында ойып отырып орын алатын «Күміс ғасыр балеттері» топтамасындағы топжарған жауһарлар қатарына жатады. Сөз реті келіп тұрғанда аталмыш ағымға аз-кем анықтама бере кеткеніміз жөн секілді. Алтын ғасыры аяқталып, аптығы басылған Ресей руханияты XIX ғасырдың аяғында дағдарысқа ұшырап, баяғы даңқынан айырыла бастады. Міне, осындай құндылықтар құлдыраған тұста К.Станиславский, В.Немирович-Данченко сияқты тұлғалар орыс мәдениетін қайтадан өрге сүйреп, екінші тынысын ашты. Ойын-сауық орнына айнала бастаған киелі сахнаның өңі кірді. Мәскеу көркем театрының (МХТ) қабырғасы қаланып, сүбелі пьесалар репертуар қорын байытты. Сондықтан да осынау қайта өрлеу кезеңі «Күміс ғасыр» деп аталады.
Елді елеңдеткен жаңашыл бағыттар балет сценасын да қамтыды. Ондай оңды өзгерістер негізінен білікті маман М.Фокиннің есімімен тығыз байланысты екенін айтуға тиіспіз. Ол буынсыз бишілерді бастап барып атақты меценат С.Дягилев ұйымдастырған Париждегі Орыс маусымына қатысып, үлкен абыройға бөленді. Сондағы әртістердің ішінде А.Павлова, В.Нижинский, Т.Карсавина, Е.Гельцер тәрізді таланттары тас жарған тарландар болғанынан да хабарымыз бар.
Театрдың баспасөз қызметі алдын ала таратқан ақпараттарда «Шопениана» мен «Шехерезада» көпшілік көңілін көншітетінін алға тартады. Өйткені ұстыны берік өнер ұжымының шығармашылық мүмкіндігі өте жоғары. Аңызға айналған хореография мен Виктор Караре, Анатолий Нежный қатарлы хас шеберлер әзірлеген көрнекі сценографиялар көздің жауын алады. Декорацияларда сол заманның поэтикалық рухы көрініс тапқан. Костюмдер Миландағы «Институто Марангони» академиясының түлегі Арасель Досмұратова мен дарынды суретші Елена Нецветаева-Долгалеваның эскиздерімен тігілген.
Қалған қызықтың бәрін 30 қарашада «Астана Операға» келіп, өз көздеріңізбен көргендеріңіз дұрыс, қадірлі өнерсүйер қауым.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»