Білім • 22 Қараша, 2018

Президенттік олимпиададан олжалы оралды

642 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарашаның 13-16 күндері Теміртау қаласында Республика мектептерінің 11-сыныптарында оқитын жас интеллектуал оқушылар арасында жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша Президенттік  11-ші олимпиада өтті. Олимпиадаға 14 облыстан және Республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 157 оқушы қатысып, бақ сынасты.

Президенттік олимпиададан олжалы оралды

Аталған жарыста Астана қаласының Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінен қатысқан 11 «А» сынып оқушысы Жұмахан Нұршат оза шауып, жүлделі 2-орын және күміс медаль иегері атанды.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше олимпиаданың алғашқы аймақтық кезеңіне 2461 оқушы қатысқан. Қатысушыларға берілген тапсырмалар жиынтығы жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес даярланған. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша еліміздің барлық аймақтарының 407 мектеп бітіруші on-line режимінде өткізілген олимпиаданың қашықтық кезеңіне қатысып, олардың 161-і жарыстың қорытынды кезеңіне жолдама алған.

«Бұл олимпиада негізінен 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы екеуінен өтіп, жүзден жүйрік, мыңнан мықты шыққандар республикалық жарысқа жолдама алады. Осы жолғы сайыста өзіме қиын болды. Себебі, бұл олимпиада болса да ҰБТ сияқты тексеру жағы да, бақылаушылар да қатал. Сынақты негізгі 4 пән бойынша тапсырдық. Олардың ішінде физика, математика, химия, биология бар. Айта кететін тағы бір жайт, бұл олимпиада тек мектеп бітіруші түлектерге арналған. Мен өзім физика-математика пәнін таңдап, болашақта осы салада мұғалім болсам деген ойым бар. Маған ұнаған тағы бір нәрсе бұл олимпиаданың Теміртау қаласында өтуі. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын осы шаһардан бастаған. Бұл біздің болашақ өмірімізге үлкен сенім мен серпін берді. Бұл жетістік тек менің ғана жетістігім емес. Осы белесті ұстаздарымның берген білімінің, жақындарымның артқан үмітінің, мектебімнің маған деген сенімінің арқасында бағындырдым. Ең бастысы жеңіс емес. Мен Президенттік олимпиадаға қатысып еліміздің болашағы болатын дарынды балалармен танысып, өзіме көп дос таба білдім. Білім жолын қуған әрбір оқушы үшін бұл сөзбен айтып жеткізе алмайтын қуаныш. Бұл менің және менің ұстаздарымның 11 жылғы еңбегі. Ендігі бұл жетістік тек бастамасы ғана деп ойлаймын. Болашақта ұстаз деген ұлы атқа ие болып, білікті маман атанып, егеменді еліміздің болашағы үшін үлкен үлесімді қосамын. Білім мен ғылымнан жеткен жетістіктеріме ата-анамның және туыстарымның қосқан үлесін айтпай кете алмаймын. Сол жандардан қаныма сіңген оқуға деген ынта мені жігерлендіреді. Ал ол кісілердің бала Нұршаттың білімге деген құштарлығын байқап, маған демеу бола білгеніне алғысым шексіз», дейді Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Жұмахан Нұршат.

Қазылар алқасының шешімі бойынша алтын медальдар және І дәрежелі дипломдармен 8 қатысушы, ІІ дәрежелі дипломдар және күміс медальдармен 12 қатысушы, ІІІ дәрежелі дипломдар және күміс медальдармен 18 қатысушы марапатталған.