Астана мен Алматы тұрғындары 2018 жылғы желтоқсан айында арнайы белгіленген бірқатар халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) барып, оң және сол қолдарындағы екі саусағының таңбаларын тапсырулары керек. Қазақстандықтардың саусақ таңбасын жинау кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ. Ел үкіметі электронды цифрлық қолтаңбаны осы биометриялық деректермен алмастыруды ойластыруда.
«Біз мұны пилоттық режимде биылғы жылдан бастап ендіруге кіріспекпіз. Бастау үшін екі қала – Астана мен Алматы таңдап алынды. Желтоқсан айында егжей-тегжейін хабарлаймыз: азаматтар белгілі бір ХҚКО-ларға барып, өз қалауы бойынша жеке басының биометриялық деректерін тапсыра алады. Біз бүгінде екі биометриялық көрсеткішті анықтадық. Оның бірі – адамның кәдімгі фотобейнесі болса, екіншісі оң және сол қолдарындағы екі саусақтың таңбасы болады», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов.
Мемлекет осы арқылы елдегі және кейін шетелге кететін барлық азаматтардың саусақ таңбасына қол жеткізеді. Ал бұдан қарапайым адамға келер қандай пайда бар? Барлық ХҚКО-лардың үстінен қарайтын, әрі мемлекеттік қызметтер көрсетуді орталықтандыруға жауапты «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясының басшысы саусақ таңбаларын тапсырған адамдар болашақта өздерімен бірге ешқандай құжат тасымай, осы табиғат берген «қолтаңбасы» арқылы кез келген жерде мемқызмет алу мүмкіндігін иеленетінін айтады.
«Олар осы параметрлері арқылы авторизацияланып, электронды мемлекеттік қызметтер ала алады. Осыған қажетті құрылғылар қоғамдық қолжетімділік пункттерінде, электронды үкімет порталында, сондай-ақ ХҚКО-ларда болады», – деді Абылайхан Есенұлы. Ол қазір eGov порталынан қызмет алу үшін авторизацияланудан өту, жеке тұлғаңызды сәйкестендіру талап етілетінін еске салды.
Мәселен, ЭЦҚ немесе бір реттік пароль енгізу қажет. «Авторизация процесі үшін биометриялық параметрлер пайдаланылатын болады. Ал мекенжайлық анықтама, соттылығының жоқтығы туралы анықтама және басқа да халық арасында кең танымал қызметтер үшін авторизация қалады. Сізге SMS-пароль келеді, оны енгізесіз де, мемлектеттік қызметке қол жеткізесіз. Бірақ ол заңнамаға өзгерістер енгізілгенше солай болады. Бүгінде заңнаманы өзгерту бойынша жұмыс жүргізілуде. Содан кейін қазақстандықтарға өз биометриялары көмегімен де мемқызмет алуына жол ашылады», – деді мемкорпорация басшысы.