Аймақтар • 22 Қараша, 2018

І Алматы халықаралық Мәдени форумы басталды

927 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласында тұңғыш рет «Орталық Азия халықтарының мәдениеттер диалогы» атты І Алматы халықаралық Мәдени форумы өз жұмысын бастады.

І Алматы халықаралық Мәдени форумы басталды

Форум Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен биылғы жылдың  наурыз айында өткен Орта Азия мемлекеттері басшыларының І Саммиті аясында өткізіліп отыр. Форумның мақсаты – Орталық Азия мәдениеті мен өнерінің тарихын қастерлеу, мәдениеттегі қазіргі заманғы үрдістер, ұлттық мәдениеттердің келешегі, мәдениеттерді заманауи үрдістердің тақырыбына айналдыру, жаһанданудың әсерінен ұлттық мәдениеттердің болашағына қатысты барлық қауіп пен қиындықтардың алдын-алуға шақыру.

Қазақстанның бейбітшілікке, діни келісімге, халықаралық мәдениетаралық диалог, мәдениет пен үйлесімге бағытталған және Елбасының бастамасымен осы жылдың наурыз айында өткен І Халықаралық мәдени форумның тұңғыш рет елімізде өткізілуінің терең мәні бар. Орталық Азия – ерекше аймақ. Оның аумағында көп ғасырлық өркениеттер мен көптеген діндер мен наным-сенімдер, көшпелі және отырықшы мәдениеттер түйісті. Ұлан ғайыр мекеннің алып жотасын ұлы Жібек Жолы көктеп өтті. Тарихи шығу тегіне қарай бұл мемлекеттер, оны мекендеген халықтар батыс және шығыс өркениеттерінің түйісінде маңызды рөл атқарды. Аймақтағы бес мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстанды, олардың тарихи және әлеуметтік, саяси дамуында көптеген ортақ мәселелер біріктіреді. Осы ортақ мүддені бірлесе талқылап, бір-бірімен еркін пікір алмасу үшін Қазақстаннан белгілі қоғам қайраткері, мәдениеттанушы М.Әуезов, Қырғызстаннан С.Раев, Өзбекстаннан Р.Сүлейманов, Г.Ходжакулиева, Тәжікстаннан М.Бабаджанова, Е.Ниези, Ресейден А.Таиров, тағы басқа Орта Азияның танымал ғалымдары, мәдениеттанушылары мен тарихшылары, саясаттанушылары қатысып, әлемдік өркениеттің дамуына арналған мұраны зерделеудің бірегейлігі мен тарихи-мәдени құндылығын арттыра түсуге байланысты ой өрбітті.

Форум жұмысына қатысқан Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты өкілі Нұрбек Боранбаев: «Қазіргі кезеңде ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі халықтардың тарихи-мәдени өзара байланыс дәстүрлерін, еуразиялық жақындастығының өзіндік ерекшелігін зерттеуде Мәдени форум үлкен маңызға ие. Орталық Азия тарихы және мәдениеті бірнеше жүздеген жылдар бойына Шығыс өркениетімен тығыз байланысты дамыды. Мәдениет – бүкіл адамзаттың тарихында жасалған материалдық және рухани байлықтың жиынтығы. Мәдениет сананың, білім мен тәрбиенің, қоғамның жаңа сатыға биіктеуінің дәрежесін көрсетеді. Бұл сызықтардың бойында Орталық Азияда мәдениеттердің өзара тоғысуы жүріп жатты. Аймақтың бірегей құбылысы ретінде қалыптасты. Мәдени әртүрлілік және мәдениетаралық диалог жаһандық және ұлттық кеңістіктегі тұрақты дамудың кепілі болып табылады» деді.

Ал форумның өтуіне тікелей қолдау көрсетіп отырған Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Данияр Әлиев «Боралдай Сақ қорғаны» тарихи кешенінің аясында алдағы жылдары жалпы Орта Азия мемлекеттері үшін Сақ мәдениетінің орталығын құру жоспарланып отырғанын, оның 2021 жылы халықтың игілігі үшін ұсынылатынын айтты. Екінші үлкен атқарылатын жұмыс, осы уақытқа дейін әртүрлі қоғамдық бірлестіктердің қарауында болып келген Алматыдағы Райымбек батыр кесенесі былтырдан бастап Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қарамағына өтіп, келер жылы кешенді музей болып қайта жобаланатынын жеткізді. Үшіншісі, «Қазақфильм» аумағынан заманауи этнолэнд жасақтау. Бұл шаралардың бәрі де қазақ мәдениетін алыс-жақынға таныстыру жолындағы игі қадамдар.

Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов форумның халықаралық маңызына кеңірек тоқталып, Жібек жолы бойындағы елдердің мәдениеті өзара диалог құруға ниетті ғалымдар тұрғанда ешқашан үзілмейтінінен үмітті екенін білдірді. Мәдениеттанушының пікірінше, мәдениеттердің ықпалдастығы – жеке тұлғалардың қарым-қатынасынан арта түседі. Өйткені Орталық Азияның геосаяси кеңістігінде асықпай, байыппен шешуді қажет ететін өткір тұрған маңызды мәселелер жеткілікті. Бұл жағдайда аймақтағы мемлекеттердің ынтымақтастығын қамтамасыз етуде бауырлас елдер арасындағы мәдени диалог аз рөл атқармайды.

Екі күнге созылатын форумда Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің ұлттық қолданбалы өнерінің көрмесі ұйымдастырылып, ал кешкісін форум қонақтары атақты өнер шеберлерінің қатысуымен этникалық гала-концертті тамашалайды. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ