Мыңжылдықтар тоғысқан алмағайып тұста тәуелсіздігін алған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан қатарлы түркі елдері бүгінде өз жолдарын айқындап, іргесі бекіген дербес мемлекеттерге айналды. Бұлардың ішінен Қазақстан таңдаған жол көптеген сарапшылардың қызығушылығын туғызып отырғаны жасырын емес. Әлбетте, осы орайда түркі дүниесінің бүгінгі кемеңгері, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша еңбегін атап өткеніміз абзал.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 25 жыл ішінде сыртқы саясатта және халықаралық аренада көптеген игі істер мен жобалардың бастамашысы болды. Осыдан 30 жыл бұрын КСРО құрамындағы Қазақстан 104 континентаралық зымыраны бар, әлем картасындағы үш ірі ядролық қару орталығының бірі болса, бүгінгі таңда әлемдегі бейбітшілікті жақтайтын интеграциялық үдерістердің іргелі орталығына айналды. Кезінде Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құру мәселесін де Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Бұдан бөлек, қазіргі күнде табысты жұмыс істеп тұрған Еуразиялық экономикалық одақтың бастамашысы да Нұрсұлтан Назарбаев екені белгілі.
Сонымен қатар ол әлемдік қоғамдастықта кең танылып, салмағы артып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін тұрақты өткізу арқылы Астананы шын мәнісіндегі бейбітшіліктің бесігіне айналдырды. Өркениеттер қақтығысы және дінаралық жанжалдар өрістеп тұрған жаһандану жағдайындағы бүгінгі әлемде мұндай алқалы жиын арқылы дін лидерлерінің өзара үнқатысуына жағдай жасау – өте қажет әрі өзекті. Дінбасылардың Астанадағы жиынының уақыт өткен сайын ықпалы артып, кең танылып келеді.
Сонымен қатар 2006 жылы Түркітілдес елдердің парламентаралық ассамблеясын (ТүркПА) құруды да Қазақстан Президенті ұсынған болатын. Нәтижесінде бүгінгі күні ТүркПА іргелі халықаралық институтқа айналып, НАТО, Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясы (ЕКПА), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік ассамблеясы (ЕҚЫҰ ПА) қатарлы беделді халықаралық ұйымдармен әріптестік байланыс орнатты. Бұл түркі дүниесіндегі парламентаралық байланысты жүзеге асырып отырған бірден-бір халықаралық институт болып саналады.
Қазақстан – Орталық Азия мемлекеттері ішінен алғашқы болып, көршілерімен шекара мәселесін түбегейлі шешіп, елдің қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз еткен ел.
Н.Назарбаевтың бастамасымен Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының ынтымақтастық кеңесі құрылып, тұрақты хатшылығы жұмыс істей бастады. Осы ұйымның Қазақстан төрағалығы тұсында Астанада өткен саммитінде Түркі әлемі интеграциясының тұжырымдамасын жасау тапсырылған еді. Бұл құжатты Халықаралық Түркі академиясы сәтті дайындап шықты.
Түркі кеңесіне Қазақстанның төрағалығы кезінде түркі дүниесіндегі ғылым және білім беру мәселелеріне тереңірек мән беріліп, «Ортақ түркі тарихы» оқулығы әзірленді. Ол бүгінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мектептерінің оқу бағдарламасына енгізілуде. Бұдан бөлек Халықаралық Түркі академиясы тоқсаннан астам ғылыми еңбек басып шығарып, түбі бір тарихымыз бен рухани мұраларымызды түгендеуде. Бірнеше мыңдаған жылдық бай мұрамызды қамтыған «Аталар мұрасы» атты үлкен портал іске қосылды. Порталға қырғыз халқына қатысты еңбектердің де енгені біз үшін үлкен қуаныш.
Бұған қоса Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Заманауи Ұлы Жібек жолы» жобасы қолға алынды. Бұл жобаның мақсаты Ұлы Жібек жолында орналасқан өлкелердің байырғы тарихы мен мәдениетін айта жүріп, киелі жерлерді аралап, зиярат қылып, елдеріміздің туризм саласының дамуына серпін беру екен. Меніңше, бұл жобаның біздің елдерімізге берері мол. Оған түркі дүниесінің ғалымдары мен саяхатшылары ғана емес, іскер адамдар да қызығады деп ойлаймын. Атап айтқанда, біздің Қырғызстанның Сүлейментау, Ақ-Бешім, Бурана, Таш-Рабат сияқты тарихи жерлеріне туристердің қызығушылығын арттыру экономикамызға да оң ықпалын тигізер еді.
Биылғы саммитте Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков: «Бұл уақыттың ішінде Қазақстан түркітілдес елдердің беделін арттыруда қарқынды жұмыс жүргізіп, мемлекеттер басшыларының келісімдерін толықтай жүзеге асырды. Біз Қазақстанның атқарған істерін жоғары бағалаймыз» деп еді.
Қазақстан Президенті түркітілдес елдердің ақсақалдар кеңесін құруға да бастамашы болған. Бұл кеңестің құрамына әр түркі елінен мемлекет және қоғам қайраткерлері арасынан бір-бірден өкіл кіреді. Олар мемлекеттер басшыларының саммиттері арасында өзекті мәселелерді талқылайтын болады. Мұны түркі елдеріне дәстүрлі болған ақсақалдар институтының рухани мүмкіншілігін дұрыс пайдалану және өткенімізге көрсетілген құрмет деп білеміз.
Қорыта айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз мемлекетінің ғана емес, бүтін аймақтың және түркі дүниесінің келешегін көре білген данышпан көшбасшы екені даусыз.
Каныбек ИМАНАЛИЕВ,
Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы