Президент • 23 Қараша, 2018

Мұхтар Жұмағазиев: Рухани байлық – мәңгілік

499 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мұхтар Жұмағазиев: Рухани байлық – мәңгілік

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Түркі әлемі­нің бесігі болып, Еуропа мен Азияның көпіріне, Шығыс пен Батыстың қақпасына айнал­ған Ұлы даламыздың жеті қы­рын айқындап берді. «Ұлт тари­хын­дағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» деп аталатын екі бөлімнен тұра­тын толғауы терең, мән-мағы­насы шексіз, тұғыры берік туынды қазақстандықтарды ғана емес, бүкіл түркі халқын, күллі әлем­нің көкірегі ояу, көңілі жа­рық тұлғаларын елең еткізді. 

Тұңғыш Президентіміз – Ел­ба­­сының бұл мақаласы «Бола­­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық ма­қа­ла­сының жалғасы екені айқын көрініп тұр. Бұл жөнінде Елбасы мақаладағы қорытынды сөзін­де де атап өткен. Сондықтан бұл туынды ұлтымыздың, бар­ша қазақстандықтардың ру­ха­ни өмірін жаңғыртудың негізгі тұғыры – ұлт тарихына арнал­ғанын байқаймыз.

Әрине, кез келген ұлттың ана тілі, ғасырлар бойы қалып­тас­­қан салт-дәстүрі және тари­хы сол ұлтты өзгеге таныта­тын, таныстыратын және өзін­дік ерекшеліктерін айқын­дай­тын негізгі белгілері. Демек, атап көр­сетіп отырған ерек­ше­лік­тері­мізді көздің қарашығындай қорғап, сақтап, дамытуымыз қажет. Сонымен қатар қазіргі заманның даму динамика­сын, коммуникациялар қарқы­нын, қарыштап дамыған ақпарат­тық құралдардың әлеуетін, теріс пиғылдағы топтардың кері тартар және деструктизмге құрылған ойлары мен іс-әрекеттерін ес­к­ерер болсақ, біз ұлтымыз­дың ерекшелігін анықтайтын белгілерді сақтап қана қоймай, оларды дәріптеп, насихаттауымыз аса маңызды. Осы орайда ұлтымыздың рухани қазынасының бос тұр­ған бөлшегін Мемлекет басшы­сының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өзі­нің құн­ды­лығымен және маңыз­дылы­ғымен толықтырып тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев осы мақаласы арқылы қазақ ұлты, оның әлемдік өркениетті дамы­туға қосқан үлесі, Ұлы даланы аманат қылып кейінгі ұрпақ­қа қалдырған көне дәуір тарлан­дарының Еуразия кеңістігіндегі ұлттар мен ұлыстар мәдениетін қалыптастырудағы қолтаңбасы жөнінде көптің көңіліндегі сан­даған сауалдарға жауап берді. Біз тілге тиек етіп отырған бағдар­ла­малық мақала түгел түркі хал­­қы мен Ұлы даладан бастау ала­тын ежелден тамырлас ұлыс­тардың да ортақ игілігіне айналары анық.

Сонымен біз сақтардың, ғұн­­дардың, түркі этностық топ­тарының мұрагеріміз. Әри­не, біз ұлтжанды халық екен­ді­гі­­міз­­­­ді көрсете отырып, біз­дің та­­­ри­хымызға көптеген әртүр­­лі ұлт өкілдері еңбек сіңір­­ге­нін біле­міз. Президент ма­қа­ла­сында бұл жөнінде де ай­тылған. Сондықтан ұлттық болмысымызды, кодымызды өзіміз танып қана қоймай, өзгелерге де таныту біздің идеологиямыз болып табылады.

Алдағы мақсатымыз – біз өз та­ри­хымызбен мақтанып қана қой­май, сол тарихтың қыр-сы­рын сараптап, ғылыми негіз­де болашаққа бағдар жасауы­мыз қажет. Біз жаһандану заманы­на, рухани жаңғыру дәуірі­не тереңде жатқан тамырымыз­ды солдырмай енуіміз керек. Осы орайда біздің тарихшы­лары­мыздың, көне әдебиетіміз бен мә­дениетімізді, жазу-сызуымыз­ды зерттеп жүр­ген ғалым­дары­мыздың алдынан жаңа бір із­деністердің шыңы мен шыңы­рауы көрінді, күн тәрті­бінен орын алды.

Қазіргі таңда халқымыз тек қана материалдық тоқшылықпен шек­телуге болмайтындығын түсі­ніп отыр. Ол – уақытша. Ал рухани тоқшылық – мәңгілік. Елба­сының мақаласы да осы қастерлі ұғымды ел санасына сіңіруді көздейді.
Ендігі біздің баршамыздың міндетіміз – Президент айқындап берген басымдықтарды іске асы­руға көп болып, жұды­рық­тай жұмылу. Бұл – біз­дің хал­қымыздың, қазақстан­дықтардың қолынан келеді.

Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ,

Парламент Сенатының депутаты