Қазақстан • 23 Қараша, 2018

Петропавл ботаникалық бағында агава гүл жарды

582 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл ботаникалық бағында  агава өсімдігі 1912 жылдан бері өседі.   

Петропавл ботаникалық бағында агава гүл жарды

Осында ет комбинаты құрылысын жүргізуге Санкт-Петербургтен арнайы жіберілген әскери инженер, полковник  Ильхам Курапов  көк гүлді екі агаваны өзімен бірге ала келіпті. Қазір мұнда екі мыңға жуық тропикалық, сутропикалық  ағаштар мен өсімдіктерді кезіктіруге болады. Олардың арасында  лала гүлді тұқымдас мексикалық, америкалық агаваның орны бөлек.

Жуырда  қала жұртшылығы тосын оқиғаның куәсі болды. Биіктігі  тоғыз метрге жететін  агава  гүл жарып,  хош иісі мұрын қытықтады.

«Оның ерекшелігі сол, жүз жылда бір рет гүлдейді. Жартыға сырға жылға жуық баптап келсем де, мұндай ғажайып сәтті бірінші рет кездестіріп отырмын. Қазақстанда декоративті мақсатта ғана өсірілсе, Мексикада күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылады. Жапырағынан  мата жасап, сабағынан арқан, жіп еседі.Тікенін ине ретінде пайдаланады. Эфир, спирт  майын, сабын, текила  өндіреді. Медицинаға да жаратады», дейді бас агроном Равиль Рязапов.

Қауызына  жеміс шырыны мен көмірсутегін жинап, әбден қоректеніп алғаннан кейін гүл шашады екен. Бұл процесс кемі  жүз жылға  созылатын көрінеді. Былтырлары жұртшылық  Солтүстік Американың  субтропиктік аймағында кездесетін бір ғасырлық тарихы бар агава тұқымдас юкки өсімдігінің бүршік жарғанын қызықтаған болатын.

Бақ қызметкерлерінің айтуларынша, агава құрғақ ауаға төзімді, соншалық күтімді қажет етпейді. Осы қасиеттер себеп пе екен, теріскейге тез жерсініп кеткен. Мамандардың есебі бойынша агаваның әдемі де әсем кейпі жаңа жылға дейін созылып, сосын жапырақтары біртіндеп өмір сүруын тоқтата бастайды. Келесі бүршік жаруын  бір ғасырға жуық күтуге тура келеді.  

Мұнда өсетін өсімдіктердің әрқайсысының өзіндік  ерекшелігі мен  биологиялық сипаттамасы  бар.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы