Қазақстан • 23 Қараша, 2018

Арқалықта «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ашылды

479 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ашылды.

Арқалықта «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ашылды

Жастар мен студенттердің және жалпы жұртшылықтың келуіне арналған кеңсенің қабырғаларына Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған басты мәселелер айқындалып жазылған. Сонымен қатар Торғай-Арқалық өңіріндегі киелі жерлердің картасы ілінген. Оның біразы аймақтық және республикалық маңызы бар тізімдерге енді.

Кабинетке Елбасы мақаласында айтқан әлемдегі озық 100 кітаптың қазақ тіліне аударылған 18 кітабы қойылды. Осы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ашылу салтанатына Арқалық қаласының әкімі Элдар Күзенбаев оның лентасын қиды. Ол жобалық кеңсе тек студенттердің ған емес, жалпы қала жастарының, тұрғындарының жиі бас сұғатын орнына айналса құба-құп екенін айтты.

Ашылғанына көп болмаса да, білім ордасындағы көптеген шараларды осында өткізу үшін оқытушылар мен студенттерден өтініш түскен. Өткізілетін шаралардың тізімі мен кезек кестесі де жасалды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы айтылған мәселелердің барлығы жүзеге асу үшін ең алдымен жастар тарапынан ынталы жұмыстар керек. Үш тұғырлы тілді меңгеру әрбір жас үшін терең рухани байлық ғана емес, ол ертеңгі бәсекеге қабылеттілігін қалыптастырады. Осы кеңседе жастар жүзеге асыратын талай тамаша жобалар, істер дүниеге келеді деп сенеміз» дейді институт ректорының кеңесшісі, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің менеджері Сабыржан Тасмағамбетов.

Жақында институтта «Үш тұғырлы тіл – бәсекеге қабілеттіліктің негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы бүгінгі ұрпақтың бәсекеге қабілетті болу үшін көп тілді білуі, ұлттық кодты сақтау, туған жерге деген патриоттық сезімді тәрбиелеу секілді көптеген өзекті мәселелер қаралды. Институт ректоры Сейітбек Қуанышбаев елдің ертеңі сеніп тапсырылатын бүгінгі жастарға өзінің дүниетанымын қайта құру керектігін, өз халқымыздың рухани құндылықтарын жоғалтпау, аға ұрпақ өкілдерінің тәжірибесінен үлгі алу керектігін айтты. Конференцияда облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің менеджері, «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының директоры Марғұлан Бәкір, О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Зәмзәгүл Қашқынбаева адамгершілік құндылықтарды дамытуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ролі, тілдің, әдебиеттің ұлттық кодты сақтаудағы маңызы тақырыптарында маңызды әңгіме айтты.

Конференция қонақтары «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесіне үлкен баға берді.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Арқалық