Аймақтар • 26 Қараша, 2018

Алматыда Мемлекеттік Күзет сарбаздары ант қабылдады

393 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қай мемлекеттің де тыныштығын қорғауда ішкі қауіпсіздік маңызды рөл атқарады. Әскери өмірдің  айнасына айналған Мемлекеттік күзет қызметі ширек ғасыр бойы ел игілігі мен қоғам қауіпсіздігі жолында табанды қызмет етіп келеді. Осынау қуатты құрылымның қатары биыл да жас сарбаздармен толығып отыр.

Алматыда Мемлекеттік Күзет сарбаздары ант қабылдады

Қыркүйек айында  басталған әскерге шақыру науқаны кезеңінде Мемлекеттік күзет қызметінің  «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктеріне қабылданған 295 жас сарбаз Алматыдағы 0111 Әскери бөлімінде Отан алдында ант қабылдады. Бұл рәсім  әскерилер үшін ерекше жоралғы саналып, сарбаздардың бойындағы патриотизм, Отанға және Президентке адал болу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қатарында адал қызмет атқару тәрізді қасиеттерге баулиды.

Талап бойынша Мемлекеттік күзет қызметінің сапында сапқа тұру үшін үміткерлер сан сынақтан сүрінбей өтуге тиіс. Биылғы науқандағы іріктеу барысында да сарбаздардың зияткерлік қабілетіне, қысылтаяң жағдайдағы батылдығы мен дұрыс шешім қабылдай алу шеберлігіне, тәртібі мен қырағылығына айрықша назар аударылған. Олардың спорттық жетістіктеріне де зор мән беріліпті. Мәселен осы жылы қызмет қатарына шақырылған жас толымдаулардың сапалық мінездемесі жоғары деңгейде екенін айтуға болады. Екі жүзден артық әскери қызметшілердің 17 процентінің жоғарғы білімі бар болса, 67 проценті орта-арнайы білімі туралы дипломмен келген. Жас сарбаздардың арасында 4 спорт шебері, 19 спорт шеберлігіне үміткер бар.

Өте жауапты міндеттерді мінсіз атқару үшін аталған қызметте сарбаздардың  кешенді дене шынықтыру және жауынгерлік даярлығына аса назар аударылады. Олар саптық амалдарды, жауынгерлік қарудан атумашық-дағдысын, сондай-ақ жауынгерлік техниканы құрғақ жерде және суда жүргізуді және тағы басқаларды меңгереді. Спорттық жетістіктері бар жауынгерлердің әртүрлі деңгейдегі, оның ішінде әлемдік дәрежедегі спорттық жарыстарға қатысу мүмкіндігі мол.

– Елбасымыз қазан айындағы Жолдауында әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту туралы айтқан болатын. Отанды, халқын, тілін құрметтеуге тәрбиеленген ұрпақ туған жерін, елін қорғауға қабілетті болады. Елімізге адал қызмет ету және оны қорғау әрбір азаматтың қасиетті  борышы. Бүгін Сіздер Тұңғыш Президент күні қарсаңында Отанға мінсіз қызмет етуге және оны қорғауға әскери ант қабылдадыңыздар.Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан озық елдердің қатарына қосылып, шет мемлекеттермен достастығымыз арта түсті. Сіздер әскери істі жақсы меңгеріп, командирлердің бұйрықтарын бұлжытпай орындап, адал қызмет атқара отырып, Қазақстанның Мәңгілік ел болуына өз үлестеріңізді қосасыздар, – деді салтанатты жиында сарбаздарды құттықтаған Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары- Объектілерді қорғау қызметінің бастығы генерал-лейтенант Мұхтар Аюбаев. 

Әскери ант қабылдау рәсіміне Алматы қаласы Әкімдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ардагерлері, жас сарбаздардың ата-аналары мен туыстары қатысты. Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметкерлері өздерінің шеберліктерін, кәсіпқойлығы мен іс-қимылдарының үйлесімдігін көрсетіп жиылғандарды тәнті етті. Өз кезегінде жас сарбаздар да  қысқа мерзімде алған машық-дағдыларын, соның ішінде қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарын паш етіп, көпшілік алдында салтанатты маршпен жүріп өтті. Сондай-ақ Президенттік үрмелі аспаптар оркестрі мен құрмет қарауыл ротасы плац-концерттің (дефиле) жаңа бағдарламасын көрермен назарына ұсынды.

Отан алдында ант қабылдаған сарбаздар алдағы уақытта ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Астана мен Алматы қалаларындағы әскери бөлімдері бойынша таратылып, әскери мерзім аралығында жүктелген аса жауапты міндеттерді атқаруға кірісетін болады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ