«Мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог алаңын орнатудың қажет екенін мен әрбір өз Жолдауымда айтып келемін. Біздің басты мақсатымыз – саналы азаматтар мен мәртебесі жоғары дамыған қоғам құру. Еліміздің тұрақтылығы үшін жұмыла еңбек етсек, барлық міндеттерді жүзеге асырамыз. Өркендеген 30 елдің қатарына кіру мақсаты бәрімізге бірдей. Бұл форум үкіметтік емес ұйымдарға серпін беріп азаматтық қоғамның одан әрі дамуына үлкен жол сілтейді деп сенемін. Бүгінгі басқосуда нақты жұмыстар айтылды. Көтерілген әрбір мәселе мұқият сарапталып, Үкіметпен, Парламентпен және Үкіметтік емес ұйымдармен бірге тиісті бағдарламалар қабылдау қажет», деді Елбасы.
Президент ең алдымен қайырымдылық саласында белсенді қызмет етіп жүрген ұйымдар жұмысына тоқталды.
«Соңғы уақытта көптеген кәсіпкерлер қайырымдылық жұмыстарымен айналысып жатқаны қуантады. Жетімдер үйі, қарттар үйі деген секілді мәселелер мені қатты толғандырады. Қазақстанда жетім балалар үйі болмауы тиіс. Біздің балаларымыз танымайтын мұхиттың арғы жағындағы елге барып, елге бөтен болмауы қажет. Мұсылман дінінде айтылғандай, жетімге қолыңды созсаң, жұмақтан бір-ақ шығасың деген. Өзінің 1 немесе 3 баласы бар адам тағы да бір баланы балалар үйінен асырап алса, ол адам тек қана жақсылыққа ие болады деп санаймын», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Маржан ТІЛЕУБЕК,
«Егемен Қазақстан»