Өңірдегі ауыл шаруашылығы дамыған, астықты Федоров ауданы 90 жылдығын атап өтті. Осы мерейлі мерекеге байланысты салтанатты жиында аудан әкімі Тәуба Исабаев өңір тарихын, аға ұрпақтың ерлігі мен еңбегін баяндап берді. 1928 жылы құрылған ауданның бай тарихы бар. Бұл өңір ұжымдастырудың, аштықтың, саяси қуғын-сүргіннің, соғыстың алапат қасіреті мен қиындықтарын бастан кешті. Алғашқы кеңестік шаруашылықтар құрылды, қара топырақты өңірде өткен ғасырдың 50-ші жылдары тың және тыңайған жерлер игерілді.
Елдің әл-ауқаты жақсарды. Аудан Қазақстанның Тәуелсіздігін алған жылдардан кейін де ауыл шаруашылығын дамытуға барынша атсалысып келеді. Мұнда қазір жаңа технологияларды, озық тәжірибелерді пайдаланып, егін және мал шаруашылығын дамытып отырған шаруашылықтар жеткілікті. Федоров ауданының диқандары 11 миллион тонна астық өндірді, биыл да мерекелі жылы олар 500 мың тонна астық жинап, гектар айналымын 16,5 центнерге жеткізді.
Салтанатты жиынға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деген болатын. Федоров ауданының тарихы да ел, өңір тарихының бір бөлшегі. Федоров –облыстағы экономикасы қарқынды дамып отырған ауданның бірі. Жыл сайын ауыл шаруашылығы, өндіріс, өңдеу өнеркәсібі өсіп келеді. Мемлекеттік бағдарламаларжүзеге асып жатыр. Аудан іргетасын қалаған аталар рухына бас иеміз. Осы өңірде туып өскен Кеңес Одағының батыры Георгий Кравцов, Иван Журба, 12 Социиалистік Еңбек Ерлері, академиктер мен мемлекеттік қызмет ардагерлері тек федоровтықтардың ғана емес, еліміздің, ұлтымыздың мақтаныштары.Бүгін де ауданның еңбек торысындай мұғалімдерін, кәсіпкерлерін, диқандар мен малшыларын, спортшылар мен өнер адамдарын мақтаныш тұтамыз» деді Архимед Бегежанұлы.
Федоров ауданында экономика жылдан жылға дамып, адамдардың әл-ауқаты жақсарып келеді. Жақында ғана тәулігіне 50 тонна тазартылған өсімдік майын өндіретін, өнімін экспорттайтын қуатты май зауыты іске қосылды. Аудан көлеміне газ құбыры келді. Осының барлығы да Федоров ауданының гүлдене беретініне кепіл болады.
Салтанатты жиында федоровтықтар Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония әртістері мен аудан өнерпаздарының күшімен қойылған концертті тамашалады.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай