Президент • 29 Қараша, 2018

Құрыш осылай шынықты (Елбасы феномені)

974 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаевтың қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленіп, домнаның көрікшісінен әлемге әйгілі мемлекет қайраткері, сарабдал саясаткер болып шығуы туралы талай мақала, кітаптар жазылды. Әлі де жазыла береді. Бұл тақырып елдің жазушы-журналистерінің, қоғам қайраткерлерінің бірнеше ұрпағының назарын аудартты. Елбасының еңбек жолы, өнегелі өмірі, туған жері мен халқы үшін сіңірген ерен еңбегі талай қатпар-қатпар томдарға арқау болары сөзсіз. Сондағы қалам ұстаған қауымның мақсаты Назарбаев феноменін анықтау болып отыр ғой. Таптық па сол феноменді?  

Құрыш осылай шынықты (Елбасы феномені)

Бұдан үш-төрт жыл бұрын Қарағанды облысында 100 томдық «Сарыарқа кітап­ханасы» сериясы баспадан шыға­рыл­­ғанда соның бір томы қос тіл­де «Ел­ба­сына тұғыр болған Сары­ар­қа» – «Сары­аркинский взлет Елбасы» деп ата­лып (Астана, «Фолиант, 2014 ж., 360 бет, құрастырған А.Жанғожин), болашақ Прези­дентіміздің еңбек және саяси қызметі басталған Сарыарқа өңіріндегі кезеңіне арналған еді.

Бүгінде кітап беттерін ақтара отырып, еңбек жолын құрыш құюшы болып бастаған қарапайым қазақ жігітінің бейнесін сол кездегі әріптестеріміз қалай сомдады екен деген сұрақ туындайды.Ол әлі ешкімге белгісіз қатардағы жұ­мыс­шы. Қаламгерлер арманшыл жан­ның көз­дерінен қандай ұшқын көрді екен? Бола­шағынан қандай үміт күтті, жаңа ғана басталған өмірбаянын, алғашқы жетіст­іктерін қалай баяндады екен? От-жалын­мен арпалысқан горновойдың жұмыс сәттерін қалай суреттепті? Біз тек Нұрсұлтан Әбішұлының Украинада горновойдың мамандығын меңгеріп, Қарағанды металлургия комбинатында қара жұмыс істеген кезеңді ғана аламыз.

Қазақ журналистерінің арасынан жас горновой Нұрсұлтанды қалың оқырманға таныстырып, тұңғыш суреттеме жазған белгілі қаламгер ағамыз, журналист Амантай Сағындықов деп білеміз. Республикалық жастар газеті «Лениншіл жастың» меншікті тілшісі болып жүргенде 1963 жылдың 21 ма­мы­рында әңгіме тақырыбына сай «Суа­рылған болаттай» деген атпен ша­ғын очерк-суреттемесі жарық көрді. Жур­налист әңгімесін қазақ даласына үлкен жаңа­лық болып енген шойын қорытатын домна пешін суреттеп, от-жалынмен арпалысқан жас металлургтің асқақ тұлғасын әспеттеуден бастаған.

«Біз бірінші домна пешінің алып құрылысына кіргенде Нұрсұлтан мың градустық қызуға балқыған шойынды отша көсеп жатыр екен. Астауша бойымен бұлақ суындай аққан шойын жігіттің ырқына көнгісі келмегендей, қарсылық білдіріп, жан-жағына қызыл шоқтарын ат­қылайды. Ол ту сыртынан қызыға ба­қы­­лап тұрған адамдарды аңғаратын емес. От пен жалынға оранып, өз ісіне әб­­ден беріліпті. Ширақ қимылдап, темір кө­­сеу­мен ағып жатқан шойынды әлсін-әл­­сін көсейді. Қызыл от лап етіп көсеу­дің өзіне жармасады, тілімен жалайды.

– Назарбаев осы, – деді смена бас­тығы Александр Кириллович Щербаков сұқ саусағымен нұсқап, – отпен қалай алы­сады, жігітің! Нұрсұлтанның қимы­лына қарап тұрсаң қызық, әлдене­лер еске түсе­ді. Мынау кәдімгі аж­дa­ha­мен алыс­­қан хас батыр бейнелес. Бай­қа­ды­ңыз­дар ма? Солай, өз қол­дары­мен орнат­қан домна ғой бұл. Сондықтан да өздері қо­жа, бар қызық та осылардікі, – деді Алекс­андр Кириллович мақтанышпен. Осы кез­де Нұрсұлтан да смена басты­ғы­­ның қа­сы­на келді. Өткір қой көздері ұш­қын атып тұр. Салмақты да байcалды қарай­ды. Бүкіл денесі болатпен суарыл­ғандай кесек».

Екі жылдан кейін осы автор қаламдас әріптесімен бірге Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бетінде «Өмірбаяннан үзінді» деген мақала жариялайды. Мақала авторлары жас металлургпен қалай танысқандарын баяндап, әңгімені былайша сабақтастырады: «Нұрсұлтан қазір де Қазақстан Магнит­касын­да жемісті еңбек етеді. Оның өмір­баяны қысқа болса да (әрине, болашағы алда ғой) өте қызғылықты. Ол осы Қазақ­стан Магниткасына келгеннен бер­гі елеулі жылдарын, еселі істерін еске сақтау үшін күнделік жүргізеді екен. «Бүгінгі өмір қызық қой, керек жерін сызып қой» дегендей, жас жігіттің сырларына үңілейік, не дейді екен».

Авторлар бұдан соң металлург жігіт­­тің өз өмірінің белесті кезеңдері тура­­лы жазған айшықты жолдарынан қысқаша үзінділер келтіреді. Днепродзер­жинс­кі­дегі күндер, Арқа жерін­дегі алып­қа келу, бірінші домна пеші­нің пай­далануға берілу сәтіндегі жүрек­жар­ды қуанышты сәт, қоғамдық істердің бел ортасында жүрген шағы, 1962 жылы Қазақстан ЛКСМ-ның X съезіне қатысуы, Мәскеу­ге сапар, ВЛКСМ XIV съезіне делегат болуы, 1963 жылы металлургия зауы­ты­ның жолдамасымен жоғары оқу орнына түсуі... жүрегінің алау оты лапыл­даған жі­герлі жастың үнемі ілгеріге ұмтылған ша­ғы сипатталады. Біз осы орайда ма­қала авторларының жас Нұрсұл­тан­ның еселі еңбегіне куә бола отырып, нық сеніммен «әрине, болашағы алда ғой» деп ерекше бөліп айтуларынан журналистердің Нұрсұлтандай өреннің шығар биігі алда екендігіне имандай сенгенін аңдадық. Мақала: «Иә, бүгін­де Нұрсұлтан Магниткада, атап айт­қан­да, өзі еңбек еткен бірінші домнада диспет­чер болып істейді. Әзірше, Назарбаев­тың өмірбаянынан үзінділер ғана беріп отырмыз. Ол келешекте жазыла бермек, жалғаса бермек», деп аяқталады. 

Осыдан 53 жыл бұрын, атап айтқан­да, 1965 жылдың 15 желтоқсанында «Орталық Қазақстан» газетіне қара­ған­дылық журналистер Амантай Сағын­дықов пен Амангелді Ахметәлімов металлург жігіт туралы осылай жазған. Өмірден озған осы ағаларымыз кезін­де рес­пуб­ликаға танылды. Еңбек жолын облыстық газеттен бастаған А.Са­ғын­­дықов кейін «Лениншіл жас», «Со­циа­­листік Қазақстан» газеттерінде мен­­шікті тілші қызметтерін атқарды, ал А.Ах­метәлімов Қазақ телеграф агент­тігі­нің директорлығына дейінгі жолдан өтті.

Жазушы-журналист Болат Бодаубаев та болашақ Елбасының Қазақстан Магнит­касында жұмыс істеген жылдарын­да рес­пуб­ликалық «Лениншіл жас» газетінің Қа­ра­ғанды облысындағы тілшісі ретінде үш рет кездесіп, оның өмір жолы туралы жылы очерк-суреттемелер жазған қазақ­тың белгілі қалам­гері. Жастар газе­ті­нің 1966 жылы 17 шіл­де­дегі санында әжеп­тәуір тәжірибе жи­нап қалған жас метал­лургтің қарбалас жұ­мыс сәті «Бая­н­ды мұрат жолында» деген репортаж тұр­ғы­сындағы жазбасында былай суреттеледі: 

«Диспетчер бөлмесіндегі толып жат­қан телефон аппараттары қолды-аяққа тұрмай, бірінен соң біреуі кезек шырыл­дайды. Екі пеште қандай құ­бы­лыстар болып жатқаны оған бес сау­сақтай мәлім. Аглофабрикадан келген шикізат бункерге тиеліп, қазанға түсіп, асты­нан ыстық ауамен қыздырыла бас­тағаннан бастап, руданың ішіндегі кокс жанып, балқу процесі жүріп, шойынның құрамы шлактан тазарып, летканың аузы ашылғанға дейін небәрі үш-ақ сағат мер­зім өтеді екен. Осы уақытта диспетчерге сан қайтара телефон соғылады.

– Алло, Нұрсұлтан!

– Иә, тыңдап тұрмын.

– Екінші пешке жылдамырақ слесарьды жіберші. Электропушка істемей қалды. 

Бұл ешқашан абыржымайтын мастер Геннадий Долгихтың даусы. Соның артынша екінші телефон безек қағады.

– Алло, алло, диспетчер?

– Иә.

– Мартенге үш шөміш ыстық шо­йын керек.

– Береміз, – дейді Нұрсұлтан. Сонан соң бірінші пештің газовщигі Виктор Боевтың рапортын тыңдайды:

– Бес шөміш шойын, үш шөміш шлак ағыздық...    

Нұрсұлтан енді қолма-қол темір жол цехының кезекшісі Рая Гуревичпен жалғасады.

– Алло, Рая, үш шөміш шойынды мартенге жібер, екі шөмішті құю машиналарына жөнелт!

Диспетчер бөлмесі қат-қабат ақ­пар­лар жиналатын, бұйрықтар тарай­тын жауынгерлік штаб іспеттес. Нұрсұлтан жас болғанмен өз жұмысын жақсы а­тқа­ра­ды. Цех бастығы, завод басшы­лары­ның аузынан ол туралы: «Бес минутсыз инженер. Алғыр жігіт! Болашағы жар­қын жас», деген жылы лебіздерді жиі естуге болады...». 

Осы автор республикалық «Социа­лис­тік Қазақстан» газетінде 1968 жылы 28 тамызда жарияланған «Үш кездесу» деген мақаласында Нұрсұлтанмен әр кездескен сайын емін-еркін әңгімелесіп, оның алдына білгір металлург маман болу сияқты мақсат қойып, сонысын табандылықпен жүзеге асырып келе жатқанын баяндайды. Ең алғаш 1962 жылы металлургия зауытына барғанда ол «басына киіз қалпақ, үстіне арнаулы костюм киген» горновой еді. «Горновой шойын мен шлакты тынымсыз атқылап жатқан апандай пеш аранына тайсалмастан жақындап барады. Оның қолы басқару пультіне тиісімен-ақ от ұшқындар салют болып шашырап, айналаны жауып кетеді», деп отты маман­дықты суреттеп те қояды. Сол алғ­ашқы кездесуде Нұрсұлтан өзінің кеш­кі институтта оқып жүргенін айтқан еді. 

Арада төрт жыл өткенде, 1966 жылы екінші рет кездескенде ол домна пеш­терінің диспетчері қызметіне жоғары­латылыпты. Және жоғарыдағы үзіндіден көргендеріңіздей, бұл қызметтің жауап­кершілігі де үлкен... Магнитка цехтарында үшінші рет кездескенде: 

– Институт қалай болды? – деп сұрайды тілші Нұрсұлтаннан.

– Биыл бітіріп, инженер-металлург деген диплом алдым, – деген жауап алады. Сол кезде ол қызмет баспалдағымен тағы да өсіп, домна пешінде газовщик қызметін атқарады екен.

Сол жылы облыстық газеттегі Метал­лург күніне арналған бетте («Талаптыға нұр жауар», 21 шілде 1968 ж.) газеттің арнаулы тілшісі Риза Ахметов те домна цехынан репортаж жазған екен. Нұр­сұлтан­дардың от-жалынды ауыздық­таған көрінісін суреттеуді ол кісі де теріс көрмепті: «Ай айналып, жылдар өтіп жатты. Нұрсұлтан шебер горновойшы атанды. Міне, кезекті смена. Барлық аппарат қалтқысыз жұмыс істеп түр. Пеш алдындағы кішкене шынылы тесікке бармақтың басындай көк шыныны тақай түсіп үңілген Нұрсұлтан аға газовщикке ым қаққандай болды.

– Қазір Нұрсұлтан, – деген газовщик температураны жоғарылату үшін бір кнопканы басып қалып еді, сарытап пеш шоғы көгілдірлене берді. Температура 1900 градусқа жетті.

– Уақыт болды. Шлак ағызыңдар! – деген смена мастерінің бұйрығы естілуі мұң екен, ышқына, аспанға атқан көк жалынды көпіршіген шлак таудан аққан бұлақтай жөңкіле жөнелді. Міне, енді пеш шүмегі де ағытылды. Астауша бойын қуалай аққан шойын да рельс үстінде тұрған үлкен қазанға сарқырай құйыла жөнелді.

... Жұмыс та аяқталды. Сол күні аға горновойшы Нұрсұлтан Назарбаев, Төлеген Адам-Юсупов, Амангелді Жақыпов есімі завод «Молниясына» ілікті. Өйткені олар бұл күні жаңа рекорд жасаған еді...».

Бұл кезде Нұрсұлтан бұрынғыдай албырт жас емес, нені болсын салмақты оймен топшылайтын, дәл басатын мосқал жігіт. Өзінің Магнитка, Теміртау туралы жүрекжарды ойларын газет тілшісіне былай ағытқан екен:

– Еңбекте бірінші бет ашқандықтан ба, әлде Отан игілігіне тұңғыш рет Қазақ­стан шойынынан шашу шашқандықтан ба, өзім алматылық бола тұрсам да, Те­мір­­­тау қаласы маған өте ыстық. Жас қала­­­да отау тіктік. Жас нәресте де дүние­ге осы Теміртауда келді. Балалы­ғым Ала­­тау­­дың баурайында өтсе де, өмір жо­лым­­ның нағыз тәтті шырыны осы Темір­­тау­да бас­талды. Маған Қазақ­стан қара метал­лур­гия­сының алыбы атанған Маг­нит­­ка­ның ыстық көріне­тіндігі де сондықтан.

Ізденімпаз журналист «Егемен Қазақ­­стан­ның» он сегіз жылдай меншік­ті тілшісі қызметін атқарған Айқын Несіп­бай келтірген мына дерек те көңіл аударарлық. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев­тың көмекшісі болған Бөпе­жан Аяпбергенов «Қаныш аға осындай еді...» деген естелік кітабында ғалым­ның 1961 жылы Теміртауға ат басын бұрғанын жазады. Сонда домна пеші маңайында тұңғыш академия прези­денті мен болашақ тұңғыш Президенті­міз кездесіп, Қаныш аға: «Мына комбинат – Қазақ елінің байлығы. Бұған ие болу үшін мұнда қазақ жастары көп болуы керек. Сендер комбинатқа қазақ жастарын шақырыңдар. Сөйте-сөйте еліміздің солтүстігіне қандастарымызды көбейтейік», деп аманат етеді. 

Бұл аманатты өзі қазақ жастары арасынан алғашқылардың бірі болып металлург атанған Нұрсұлтан Назарбаев комсомол, партия қызметінде жүргенде де, кейін Үкімет басшысы, Президент болғанда да бір сәт ұмытқан емес. 

Кітап беттерін ақтара отырып, Нұрсұл­танмен бірге Украина, Ресей жерін­де қазақ үшін таңсық металлург маман­дығын меңгерген қаракөз жастардың өмір­дің әр саласында еңбектен өз ба­қыт­тарын тапқанының куәсі боласыз. Олар тыңға түрен салды. Жүрек қалау­ларымен, жастық жалынмен отты маман­дық игерді. Құрыш құю, болат балқыту, прокат созудың қыр-сырын үйренді. Еліне, халқына қажет мамандық деп білді. Магнитканың ыстық цехтары оларды құрыштай шыңдады, болаттай суарды.

«Теміртау мен үшін – алтын бесік. Магнитканың тарихы, оның адам­дарының тағдыры менің тағдырыммен ажыратылмас. Егер менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашан Президент болмас едім», деп жазды Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ағынан жарыла. Бұдан артық теңеу сірә да табылмас.

Қайрат ӘБІЛДА, 

«Егемен Қазақстан»,

Аман ЖАНҒОЖИН,

ардагер журналист,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

ҚАРАҒАНДЫ