Алдымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және осыған ілеспе «кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары туралы қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді. Бұлар туралы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров баяндады. Сондай-ақ «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау» және Қазақстан мен Беларусь Республикалары үкіметтерінің арасындағы өнеркәсіптің қорғаныс салалары ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларына қорытынды әзірлеу жөніндегі хабарламаны Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман баяндап, қорытынды әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңның жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер жөнінде баяндап, олармен келісуді ұсынды. Бұл ұсынысты Мәжіліс бірауыздан мақұлдады.
Жалпы отырыста қаралған «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы жөнінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндама жасады. Ол алдымен табиғи монополиялардың бүгінгі жай-күйімен таныстырды. Соның ішінде табиғи монополиялармен жасалған жұмыс нәтижесінде жылу, су жеткізу және электр қуатымен жабдықтау салаларындағы 32 монополист тарифтерді 20,3 млрд теңгеге төмендету туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Ал ұсынылып отырған заң жобасы бойынша министр инвестиция тарту, операциялық шығындарды төмендетуге ынталандыру, субъектілер қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыру көзделетінін атап өтті.
Баяндама аяқталған соң депутаттар оған бірнеше сұрақтарын берді. Соның ішінде табиғи монополистердің мемлекеттік органдарға жыл сайын берілетін есептері, бұқаралық тыңдаулар мәселесіне қатысты көптеген сұрақтар болды. Мәселен, бұқаралық тыңдаулар жасалғанымен оның шешімін орындату жөнінде заңнамалық тетіктер заң жобасында қарастырылмағаны сыналды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық табиғи монополиялардың таза пайданы негізгі активтерді жаңғыртуға жұмсамайтынын сынағанын еске алды. Осыған байланысты Спикер Ұлттық экономика министрлігі монополиялардың таза пайданы тек тұтынуға жұмсамай, өндіріске де тиімді пайдалануын қадағалау функциясын алғаны жөн деген пікірін білдірді. Сонымен қатар ол заң жобасында «бұқаралық тыңдаулар» негізінен хабарландырулар беру мерзімін белгілеуге байланысты ғана айтылатынына назар
аударып, оның нәтижелері туралы ештеңе айтылмағанын атап, осы тұрғыдан тарифтерді белгілеуде оның ескертпелерін ұмытпай, жобаны жетілдіре түсу керектігін ескертті.
Заң жобасы туралы қосымша баяндама жасаған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Меруерт Қазбекова құжат табиғи монополиялар туралы заңнаманы жетілдіруді, олардың қызметінің тиімділігін арттыруды, әкімшілік кедергілерді қысқартуды және уәкілетті орган мен табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын көздейтінін айтты. Сонымен бірге заң жобасы тариф белгілеу тетіктерінің және инвестициялық міндеттемелерді орындау мониторингінің ашық болуын арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі түзетулер енгізетінін жеткізді. Қысқа талқылаудан кейін заң жобасы толық мақұлданды.
Күн тәртібі бойынша қаралған мәселе-
лердің арасында көбірек сұрақ тудырған заң жобасы «Қазақстан мен халықаралық Қайта Құру және даму банкі арасындағы №8156-КZ Қарыз туралы келісімге (Шығыс-Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасы (Алматы-Қорғас учаскесі): Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі (ОАӨЭЫ 1b) түзетулерге қатысты Қазақстан мен халықаралық Қайта Құру және даму банкі арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы» құжат болды. Заң жобасы туралы баяндаманы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жасап, бұл құжат 2018 жылдың 23 мамырында Астана қаласында жасалған келісім-хатты ратификациялауға бағытталғанын жеткізді. Қарыз туралы келісімге енгізілетін түзетулер «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің 297 шақырымдық «Балқаш-Бурылбайтал» учаскесін қосуды көздейтіндігі айтылды. Біршама талқылаудан кейін заң жобасы мақұлданды.
Сондай-ақ жалпы отырыста «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да талқыланып, мақұлданды. Бұл келісім одаққа мүше елдер арасында ЕАЭО шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысын қамтамасыз етуді көздеп, 2017 жылдың 7 қарашасында Мәскеу қаласында жасалған.
Жалпы отырыста үш заң жобасы екінші оқылымда қаралып, бас комитеттердің ұсынысымен тұтастай мақұлданды. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң депутаттар орталық атқару органдарына өздерінің сауалдарын жолдады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»