29 Қараша, 2018

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 4831 өтініш келіп түскен

438 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша банктерге 57 миллиард теңгені құрайтын 4831 өтініш келіп түсті. Оның 37 миллиард теңгесі ипотекаға беріліп, 3144 өтініш мақұлданған. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз алаңында кеңінен сөз болды.  

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 4831 өтініш келіп түскен

Жиында сөз алған ипотекалық «Баспана» ұйымының бас­қар­ма төрағасының орынбасары Дархан Байқуатов аталған бағ­дарламаның бүгінгі таңда сұранысқа ие екенін жеткізді. Оның айтуынша, бағдарламада белсенділік танытқан өңірлердің көш басында Астана, Алматы қалалары мен Маңғыстау облысы тұр. Астана қаласында ма­құл­данған несие сомасы 15 мил­лиард теңгеден асады. Бағ­дарламаға қатысушы банктер мыңнан астам астаналықтардың өтінішін мақұлдаған. Бұған дейін өңірлерде «7-20-25» бойынша тұрғын үй тапшылығы сезі­летіндігі айтылған болатын. Бұл мәселені «Баспана» ұйымының басшылығы да растап отыр. 

Аталған ипотекалық бағ­дар­ламаның талаптарына сәйкес тек жаңадан салынған тұрғын үйлер берілуі тиіс. Осы орайда өңірлерде баспаналар саны жетіспейді. Бұл мәселені шешу мақсатында жергілікті атқарушы органдарға 150 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Бөлінген қаражатқа тұрғын үйлер салу үшін кем дегенде 1 жарым, 2 жыл кетеді, деді Д.Байқуатов. Оның айтуынша, бүгінде аталған бағ­дарлама бойынша Халық банк, Центркредит, АТФБанк, Цес­набанк, Bank RBK, Еуразиялық банк, ForteBank несие береді.

Ал «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ департамент директоры Қанат Абдраимов елордада 15 млн теңгенің пәтерін алу үшін табыс мөлшері 160 мың теңге кө­ле­мінде болу қажет екенін айтты.

− Мысалы, Астанада пәтер­дің бағасы 15 млн теңге деп алайық. Демек, азамат ай сайын пәтерге 84 613 мың теңге төлеуі қажет. Енді осы санды екіге көбейтеміз, шамамен 160 мың теңге шығады. Бұл азаматтың ай сайын алатын жалақысы. Енді мұғалімнің жалақысын 60-80 мың теңге деп алайық. Астана қаласындағы орташа жалақы мөлшерін айта алмаймын. Егер азамат пәтер алғысы келіп, бірақ төлем қабілетін растай алмаса, өзге қарыз алушыны көмекке шақыра алады. Туысы болу міндетті емес. Осы табыстың көлемімен өзін баспанамен қамтамасыз етуге болады. Осылайша аталған бағдарламаға қатыса алады», деді ол.

Айта кетерлігі, бағдарлама аясында, бастапқы жарнаны төлеу үшін мемлекеттік қыз­меткерлерге яғни, мұғалімдер мен дәрігерлер және полиция қызметкеріне 1 млн теңге көлемінде субсидия берілмек. Астана қаласы бойынша жыл соңына дейін 100 сертификат беріледі деп жоспарлануда. Келер жылы бұл көрсеткіш 3 мыңға жетпек. Бұған дейін «Баспана» ұйымы Шымкент қаласы әкім­дігімен бірге алғашқы жобаны іске қосқан болатын. Жоба бойынша Шымкент әкімдігі 2 мыңға жуық тұрғынға қолдау көрсету үшін 2 млрд теңге субсидия бөлген еді. Алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлері де бұл ізгі бастаманы жалғастырады деп күтілуде. 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»