Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қоғамға үлкен ой салды. Сананы дүр сілкіндіріп, рухты оятатын ойлар мен бастамалар көтерілген екен. Режиссер ретінде маған «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атты бөлімі ерекше әсер етті.
Мақалада «Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек» делінген.
Меніңше, бұл – өте маңызды әрі жауапты іс. Ұрпақ санасына ұлы тұлғаларымызды, тарихымызды сіңіру арқылы отаншыл азаматтар тәрбиелей аламыз. Түркістан облысындағы «Оңтүстікфильм» мекемесі мен «Сақ» киностудиясының да көздегені – осы. Бұған дейін біздің шығармашылық топ әзірлеген фильмдер мен мультфильмдер көрермен тарапынан жоғары бағаланды. Елбасымыздың осы мақаласынан кейін біз шығармашылық ізденісті екі есе арттырып, бұдан да биік мақсаттарды көздейтін боламыз. Даңқты батырларымыз бен ұлт қаһармандарын кино және анимациялық фильм арқылы дәріптеуді жалғастырамыз.
Батырхан ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Оңтүстікфильм» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры