Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясатта, әсіресе Орталық Азиядағы көршілес елдермен мәселелерді шешуде ашықтығын әрі шешімділігін ерекше атап өткен жөн. Дипломатия саласындағы жасампаз істері Қазақстан Республикасы Президентінің көрегендігін әйгілейді. Мысалы, Орталық Азия экономикалық достастығы оның жеке бастамасы бойынша құрылып, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың құқықтық негізде іске асуына зор ықпал етті. Аймақтағы үрдісті жіті түсінген Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша бұл мәселелер мемлекет басшылары деңгейінде шешімін тапты.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен Еуразия аумағында ірі саяси форум – Бірінші «Еуразия – 2000» халықаралық саммиті өтті.
Оның бастамасы бойынша 2002 жылы 4 шілдеде Алматыда Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ауғанстан және Қазақстан мемлекет басшыларының қатысуымен азиялық өңірде бейбітшілік пен келісімді сақтау жөнінде саммит өткізілді. Аталған форумның қорытындысы бойынша әлемдік мәндегі тарихи құжат қабылданды. Әлемде бейбітшілікті сақтауға шақырған Алматы форумының шешімі мен әлемдік қоғамдастыққа үндеуі халықаралық ұйымдарда қызу талқыланды. Мұндай ірі саяси форумды өткізу және оның қорытындылары Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік аренадағы беделін нығайтып қана қоймай, арттыра түсті.
Сыртқы саясатта Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейде діндер арасында бейбітшілік пен келісімді сақтауға және нығайтуға ұмтылысы байқалуда. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Астанада әр үш жылда бір рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтіп тұрады. Қазақстан Республикасының Президенті жүргізіп отырған толеранттылық диалогын сақтау саясатының дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Сондай-ақ БҰҰ, Юнеско, ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ сынды халықаралық ұйымдар жиындарында сөйлеген сөздерінде Нұрсұлтан Назарбаев қашанда экономика, халықаралық қауіпсіздік, мәдени-тарихи мұраны сақтау сияқты жаһандық мәселелерді шешуге ұмтылады. Мұның бәрі оның көшбасшылық қасиетінің жарқын дәлелі. Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік деңгейдегі қайраткер.
Асан ОРМУШЕВ,
Кувейт халықаралық университетінің ректоры,
доктор, профессор