«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткен фестиваль халқымыздың мәдени мұрасын сақтауды, дәстүрлі ән мен ұлттық музыка аспаптарын дәріптеп, оларды ұлттық құндылығымыз ретінде халыққа кеңінен насихаттауды мұрат тұтты. Аймақтық ән фестиваліне Қамыстыға іргелес Денисов, Жітіқара аудандарынан да талантты өнерпаздар қатысты.
Өнер жарысында қазақтың дәстүрлі халық әндерін шырқаған Б. Малышев, А. Елшібаев, Ж. Тұрмағанбет, Т. Ілімжанов, Ә. Ғұбайдуллина, Ә. Қажиева, Д. Қашқымбаев әнге сусаған көрермендерді өнерімен риза етті. Әншілер халық әндерімен қатар қазақ композиторларының кең тараған әндеріне де орын берді. Оларға аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
«Осы фестивальді алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі өткізіп тұрамыз деген ұйғарымға келдік. Халқымыздың бір байлығы – ән өнері. Оны насихаттауда және жас ұрпақтың рухани сусындауы үшін бұл фестиваль осындай шаралардың қажеттігін көрсетті» дейді Қамысты аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлнар Жұмабаева.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай