Аймақтар • 29 Қараша, 2018

Ақтөбе облысының экономикасы қарқынды өсуде

648 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының экономикалық өсімі ағымдағы жылдың он айында бес пайызды құрады. Бұл туралы Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.

Ақтөбе облысының экономикасы қарқынды өсуде

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді іске асырудың, жаңа кәсіпорындарды енгізудің, қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және цифрландырудың арқасында барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің қарқынды өсуі қамтамасыз етілді», деп атап өтті өңір басшысы.

Атап айтқанда, өнеркәсіп өсімі 5,7%-ды құрап, жалпы алғанда 1,5 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңір сондай-ақ, экономикаға инвестиция тарту жағынан көш басында тұр. Тартылған инвестиция есептік кезеңде 13,6%-ға немесе 376 млрд. теңгеге өскен.

Облыстың шаруалары 193 млрд. теңгенің өнімін өндірген, өсім 3,6%, қолданыстағы ШОБ субъектілерінің саны 6,4%-ды, яғни 54 мың бірлікті құрады.

Айта кету керек, биыл Ақтөбе облысының билігі «Кедергісіз бизнес» жобасын жүзеге асырып жатыр. Оның нәтижесі ШОБ өндірісінің 31,6%-дық рекордтық өсімі болды.

Осы жылдың екі тоқсаны ішінде 371,5 млрд. теңгеге тауарлар мен өнімдер өндірілді, 2017 жылдың осындай кезеңінде 282,3 млрд. теңгеге өндірілген болатын.

Құрылыста жұмыс көлемі 6,5%-ға өскен, жыл басынан бері шамамен 600 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл қорытындысы бойынша 900 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салу жоспарда бар.

Экономика өсімі мен әлеуметтік тұрақтылық өңірдегі жұмыссыздық деңгейін 4,8% -дан 4,7%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. 18,5 мың жұмыс орны құрылды.

Бердібек Сапарбаев сондай-ақ, Президенттің ең төменгі еңбекақыны көтеру туралы тапсырмасын тиімді орындау үшін облыста экономиканың барлық секторларындағы еңбекақыға қатысты ағымдағы жағдайды сараптайтын арнайы топ құрылғанын айтты.

- Нәтижесінде бүгінде 42 500 теңгеден аз айлық алатын 77 мың адам анықталды. Олардың еңбекақылары 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтерілетін болады. мәселен, білім беру саласында 25 мыңнан астам қызметкердің еңбекақысы орташа алғанда  48,6 мың теңгеге дейін көтеріледі деп күтіліп отыр,-деді сөзін түйіндеген облыс әкімі.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»