Президент • 29 Қараша, 2018

Мемлекет басшысының төрағалығымен халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңес өтті

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жиында Нұрсұлтан Назарбаевқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметінің негізгі қорытындылары, сондай-ақ Елбасының Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде есеп берілді.

Мемлекет басшысының төрағалығымен халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңес өтті

Елбасы қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру Үкіметтің негізгі міндеті саналатынын айтты.

– Мемлекет жыл сайын әлеуметтік саланы қаржыландыру көлемін арттырып, міндеттемелердің бәрін орындап келеді. Биыл осы мақсаттарға 2,6 триллион теңге бөлінді. Бұл былтырмен салыстырғанда 21,3 пайызға көп, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы тұрғындардың тұрмыс сапасы мен табысын арттыруға арналған биылғы Жолдауда ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту үшін шаралар кешені қамтылғанын ерекше атап өтті.

– 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмен жалақы алатын еңбеккерлердің, соның ішінде азаматтық қызметшілердің еңбекақысы 1,5 есе өседі. Сондай-ақ, әкімшілік, көмекші және техникалық қызмет көрсететін қызметкерлердің жалақысы артады. Экономиканың барлық саласындағы төмен жалақы алатын 1,3 миллион жалдамалы жұмысшылардың жалақысы орташа есеппен 30 пайызға көбейеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы әлеуметтік қамсыздандырудың мемлекеттік жүйесіне өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды тарту мақсатымен жыл басынан бері 2,7 миллион адамның 1,8 миллионының мәртебесі жаңартылғанын айтты. Мемлекет басшысы 2019 жылдан бастап Қазақстанның жұмыс істейтін барлық азаматтары үшін Бірыңғай жиынтық төлем енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

– 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрмысы төмен отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгіздік. Соның арқасында биылғы 10 айдың ішінде 103 мыңға жуық отбасы немесе 534 мың адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тиісті ведомство жетекшісіне берілетін шағын несие санын көбейту қажеттігін және олардың халыққа қол жетімділігін арттырудың маңыздылығы туралы айтты.

– Осы жылдың соңына дейін ең төменгі жалақы мөлшерін бір жарым есе өсіретін заңның қабылдануын қамтамасыз ету қажет. Министрлік және әкімдіктер жұмыс берушілердің ең төменгі жалақы мөлшерін арттыруын қамтамасыз ету үшін бақылау орнатып, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде шаралар қабылдауы керек. 1,3 миллион азаматымыздың жалақысы нақты көбеюге тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты берілетін зейнетақы төлемдерін 7 пайызға, сондай-ақ мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар көлемін 5 пайызға арттыру қажет екеніне тоқталды.

Басқосу барысында әлеуметтік сақтандыру мәселелері де талқыланды. Осыған орай, еңбек ету қабілетін жоғалтуына, жұмыстан босап қалуына немесе асыраушысынан айрылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемақының орташа көлемін 30 пайызға арттыруды қамтамасыз ету керектігі айтылды.

Қазақстан Президенті мүгедектер санатына жататын азаматтардың өзін-өзі танытуы және толыққанды интеграциясы үшін жағдай жасау мақсатымен Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде жаңа ұлттық жоспар әзірлеуді тапсырды. Бұл құжат мүгедектіктің алдын алу, кең ауқымдағы инклюзивті білім беруді енгізу, ерекше мұқтаж жандарға арналған барлық әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын бейімдеу жөніндегі шараларды, сондай-ақ, жұмыс берушілер мен бизнестің мүгедектерді жұмыспен қамту ісіне белсенді атсалысуын қамтамасыз ету жөніндегі тетіктерді қамтиды.

Мемлекет басшысы цифрлық экономикаға және 4.0 индустриясына көшуімізге байланысты еңбек ресурстарының сапасына қойылатын талаптардың күшейгеніне назар аударды.

– Сапалы жұмыс орындарын ашу үшін еңбек нарығын дамытудың жаңа тәсілдерін әзірлеу керек. 2025 жылға қарай қосымша 2 миллионға жуық жас маман еңбек нарығына шығады деп болжанып отыр. Жастарымызды тиісті жұмыс орындарымен қамтамасыз ету маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігіне берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.