Президент • 30 Қараша, 2018

Ерлан Бекхожин: Елдің бәрін тәнті еткен ерек тұлға

1109 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бізге сұхбат беруші Ерлан Бекхожин – есім-сойы елге белгілі жұлдызды журналистердің бірі. Қазақ қауымына қадірлі текті әулеттің түлегі. Ақпарат саласындағы жемісті жұмысы үшін алған атақ-марапаттары жетіп артылады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Президент сыйлығының лауреаты. «Құрмет» орденінің иегері. Кәсіби бәйгелерде қанжығасына байлаған кәделі жүлделері қаншама.

Ерлан Бекхожин: Елдің бәрін тәнті еткен ерек тұлға

Республикалық «Қа­зақ­стан», «Ха­бар», ха­­­лық­­­аралық «Мир» те­ле­­­­­­­ком­­­­­па­ния­ларын­дағы та­­лай­ларды тамсандырған тал­­да­­малы ха­­бар­­ларды те­реңнен тербей жүр­гі­­зуі, Ватиканға барып Рим Папасының қолын алуы, арнайы де­ле­гация құрамында Израиль Премьер-министрі Ицхак Рабинидің жер­леу рәсіміне қатысып, сол арада қаздай тізіліп қатар тұрған АҚШ-тың әр жыл­дардағы  Джеральд Форд, Джимми Картер, Рональд Рейган, Джордж Буш, Билл Клин­тон се­кіл­ді бес бірдей Президен­тін көруі кәнігі тележурналист өмірін­дегі орны бөлек оқиғалар. Сондай-ақ соныға соқпақ салып, баспасөз кеңіс­тігіне келіп қосылған «Айқын» және «Литер» газеттерін оқырманның руха­ни олжасына айналдырғанын ауызға ал­масақ арымызға сын.

Жер жүзінің жетпістен астам елін ара­ла­ған елгезек әріптесіміздің көрген-білгені де, көңілге түйгені де көп бол­ған­дық­тан әріден қозғап айтар әңгімесі де аз емес. Бірақ ол бүгін өз шы­ғ­ар­­­­ма­шылығындағы өзгеше өріс – Елбасы­ның шетелдерге ресми сапарлары ба­ры­сында байқаған пайымдаулары, тұғыры биік осынау тұлға туралы деректі фильмдер түсір­генде көкейіне түй­ген­дері, жеке кездесулері кезінде есінде ерекше сақталып қалған сәулелі сәттер төңірегінде тағылымды ой тол­ғайды.

«Сіздерге Құдай парасатты Президент берген»

Сенесіз бе, әрбір қазақстандықтың мерейін тасытып, мәртебесін өсірер бұл сөзге бүгінде құлағымыз әбден үйренген сыңайлы. Екі күннің бірінде естиміз. Әсіресе әлемдік дәрежедегі әйдік жиындардың биік мінберінен ай­тыл­ғанда кеудемізді мақтаныш кер­ней­ді. Ұлтымыздың ұлықтауға лайық кө­реген көшбасшысы болғанына іштей шү­кіршілік етеміз.

Осындайда ойға оралады. Іл­ге­рі­де «Мир» телекомпаниясының Қа­зақ­стан­дағы филиалын басқарып тұрған кезімде Ду­шанбеде өткен директорлар кеңесіне қа­тыс­тым. Сонда бір тәжік маған «Егер біз­де сіздердікіндей Президентіміз бол­са, ала­қаны­мызға салып аялар едік» деді мұң­айып. Сосын сәл үнсіз қалды да үзілген сөзін қайта жалғады. «Сіздер соғыстың не екенін білмейсіздер. Оның бетін аулақ қылсын!» Сонда барып әлгі әріптесімнің жан-дүниесін күйзелткен ауыр күрсіністің астарында қандай зіл жатқанын аңғардым. Бейбітшілік пен тұрақтылық берекелі тірліктің  тұтқасы екенін түсіндім. Бақыт ордасындай Отаны­мыз­дағы салтанат құрған ты­ныш­тық Президентіміздің сарабдал сая­са­тының арқасында орнағанын баға­лау қа­жет­тігін ұқтым. Жуырда жұмыс бабымен Киевке бардым. Днепр бойындағы бұл әсем қалада баяғыда бала күнімде болған едім. Балғын шақтың әдемі әсерлері жадымда жиі жаңғырады. Араға жылдар салып келгенімде Украина астанасының бұрынғы ажар-көркін көре алмадым. Елдің дамуын тежеген дағдарыстың айқын көрінісі емей немене бұл?!

Алтыбақан алауыздықтың аяғы қай­да апа­рып соғатыны атам заманнан белгілі. Сондық­тан тату-тәтті қарым-қа­тынасқа негізделген қоғам құрудың ма­ңызы қашанда зор. 

Астын сызып атап өтерлік тағы бір жайт, Елбасының сыртқы сапарларында онымен кездесуге, сөйлесуге, бірге су­рет­ке түсуге ұмты­лу­шылардың қарасы мол­ды­ғын талай байқадым. Абырой-бе­­де­лінің биіктігін айтып жеткізе ал­май­мын. Америкада азуын айға  білеген ал­пауыт компаниялар жетекшілерінің, ас­там мінезді миллиардерлердің Нұрсұлтан Әбішұлымен жылыұшырай жүз­дес­кен­дерін, сөйлеген сөздерін сілтідей тынып тың­да­ғандарын көріп еріксіз таңдай қақтым. Егер қызығушылық танытпаса олардың кез келгені орнынан тұрып кетіп қалар еді.

Жа­­қында Брю­­с­сель­де­гі АСЕМ сам­ми­­тін­­де де ең ірі еу­ро­па­­лық компания­­лар­дың басшы­лары Назарбаев­­тың нағыз саясат серкесі ретіндегі рейтингісінің жоғары­­лығына көз жеткіздік. Қоз­ғал­­ған та­­­қырып­­тардың тамырын тап бас­уы, қо­­йыл­ған сұ­рақ­тар­ға сұңғы­лалықпен жа­уап қайтаруы жиналғандарды қатты сүй­сінт­ті. Мұндай мойындауларға бойымыз үйренгелі қашан. Әйтсе де әрқилы жаһандық жиындарда жалпы адамзат­қа ортақ ауқымды проблемаларды қозғап, ордалы ой қорытатын Нұрағаңның баға­лы баста­­ма­ларына бірауыздан қолдау білдірген жақсы-жайсаңдардың жылы лебіздерін есті­генде төбеміз көкке екі-ақ елі жет­пей­тінін несіне жасырайық.

Тарихтағы тұлғаның рөлі туралы ой­ла­ғанда менің көз алдыма ылғи өзіміздің Елбасының жарқын бейнесі тұрады. «Сіздерге Құдай парасатты Президент бер­ген» деп еді бірде бізге ТМД-лық қалам­да­сы­мыз қызы­ға әрі қыз­ға­на қарап. 

«Осы сен қайда жүрсің, елге қайтпайсың ба?»

Тәуелсіздігіміз аяғын тәй-тәй басқан тоқсаныншы жылдардың басы-тұғын. Онда радиода қызмет істейтінмін. Шетелдік сапардан оралған Президентті қарсы алуға Алматы әуежайына кел­ген­біз. Сол уақытта ұшақтан түскен Мем­лекет басшысына журналистердің  жан-жақтан сауал жаудыратын салты бола­тын. Қалыптасқан дәстүр бойынша алғашқы кезекті телевизия өкілдері алатын. Мен сол стереотипті бұзғым келді де, тұсымыздан өтіп бара жатқан Нұрсұлтан Әбішұлына дауыстап сұрақ қоюға оқталдым. Алайда аты-жөнін айтқанымша ол алысқа ұзап үлгерді. Үлкен тол­қу үстінде үнім шық­пай қал­­­ға­­нын сез­дім. Соны­­мен көкейімді тескен сауалым көмейімде қа­лып қойды. Елбасымен ең алғашқы кез­де­су­ім осы­лай­ша сәт­сіз­деу аяқталды.

Кейінірек тағы бір «қызық» жағдайға тап болдым. Телевидениеде шығарушы редактор міндетін атқарып жүргенімде қолыма Нұрсұлтан Назарбаев пен Борис Ельциннің Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы мәйекті мәселеге байла­ныс­ты телефон арқылы сөйлесу мәтіні тиді. Шұ­ғыл шешім қабылдап, әңгіменің қыс­қар­тылған нұсқасын кешкі алтыда­ғы «Жаңалықтарға» ұсынып, толық нұсқасын сағат тоғыздағы «Шарайнаға»  бергенді жөн санадым. Өзімше «қулық» жасап, көгілдір экран көрермендерінің екі көзін төрт қылып түнгі хабарды күттірмек болған түрім ғой. Соның алғаш­­қы­сын үйіне қайтар жолда авто­кө­лік ішінде көрген Нұрсұлтан Әбішұлы тиісті адамдардан телефонмен тілдесу­ді кімнің «күзегенін» сұрап бі­ліп­ті. Менің фамилиямды Президент бірін­ші рет сірә, сол жолы естіген болар. Сәл кейіні­рек, Мәскеудегі Бірінші арнада жұмыс істеп жүргенімде іссапармен Алматы­ға ат басын бұрдым. Әлдебір баспасөз мәслихатында Президент мені көріп  қалып, «Осы, сен қайда жүрсің, елге қайт­пайсың ба? Астанаға неге көшпейсің?» дегенінде үлкен кісінің өзімсінген қамқорлығына бөленгендей бөлекше күйге енгенім есімде.

«Жаңаша бағдарламалар жасайтын бол»

Президенттің Телерадиокешенін басқару жөніндегі ұсынысын біл­дір­ген­де Нұрсұлтан Әбішұлы «Жаңаша бағ­дар­ла­малар жа­сайтын бол» де­ген ті­ле­­гін қоса жет­кізді. Он­ың айтуын­­ша, Мемлекет басшы­сының бел­гілі бір елдерге сапары­ның тек ресми хроникасы тізбектеліп қана қоймай, сол елдер жайында тарихи, жағрапиялық, танымдық тұрғыдан тар­­­тымды материалдар берілсе теле­­көрермендер үшін әлдеқайда қыз­ғы­лықты болады екен. Содан сол игі идеяны жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Ұзақ уақыт бойы республиканың теле­арна­ла­рында жоғары сұранысқа ие болып келе жатқан «Әлемге көзқарас» атты деректі фильмдер легі осылайша пайда болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Бұл фильмдер отандық деректі кино өндірісінде ойып отырып өз орнын алғаны анық.

Кейде Президенттің қатысуымен өтетін протоколдық іс-шаралар кезінде де жүрекке жылылық ұялататын өз­геше оқиғалардың куәсіне айналып жата­тыны­м­ыз бар. Әлі есімде, Францияда, Елисей са­рай­ын­дағы қабылдауда француз оркестрі танымал қазақ ән-әуендерін құйқыл­­жыта жөнелді. Музыканттар Абай­дың «Көзімнің қарасын» ойнағанда Ел­басымыз ерекше елтіп, әдемі қоңыр да­уы­сы­мен қосыла кетті. Керемет көрі­ніс­ті түсіртіп алмақ ниетімен жан-жағыма қарасам, жақын маңда бірде-бір камера болсашы. Басқа амалдың жоқтығынан ұялы телефонымның бейне­жазба тетігін қосуға тура келді. Сол кеш­те­гі эксклюзивті түсірілім сөй­тіп кино­кадр­ға кірді. Мұндай мерей­лі ме­зет­тер тегінде аз болмайды. Қал-қа­дерімізше сондай қайталанбас сәттерді қалт жі­бер­меу­­­ге тырысамыз. Шығармашылық топтың әртүрлі деңгейдегі келіссөздер үдері­сінің қысқа қайырым үзіктерімен шектел­мей, кадр сыртындағы көзайым көрініс­терді де қамтып қалуын ұдайы  назарда ұстаймыз.

Кезекті кез­­­де­­­­­су­­­лер­­­дің бі­­­рін­де Прези­де­нт осы те­ле­­­жо­ба­­ға қа­­­­тысты өзі­нің көз­­­қа­ра­­сын біл­діре оты­рып «Жа­рай­сыз­дар, сіздер елі­міз­дің тари­­хын жа­зып жатырсыздар» деді мақ­тауы­­мыз­ды асы­рып. Іле-шала «тарихты жазып жатқан Сізсіз, Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз тек соны таспаға таңбалаушылармыз» дедім мен де көңілдегі көрікті ойымды ірікпестен.

«Ерлан, үйге барған соң сөйлесеміз...»

Бірнеше жылдан бері Президенттің Телерадиокешеніне жетекшілік етіп келемін. Аталмыш құрылымның басты міндеті – ел Президентінің сан қилы қызметін саралап көрсетуге өзіндік үлес қосу.

Мен Елбасы­ның елу­­ге тар­­­та сапар­ла­рын­да қа­­­зақ­­­­стандық жур­на­­лис­тер қатарында болдым. Дүние жүзінің небір дүлдүл қайраткерлері оны қалай құр­мет­тейтінін көзіммен көрдім. Сон­да­ғы байқағаным, ұлтымыздың ұлы перзенті, салиқалы саясат сардары Нұрсұлтан Назарбаевтың көсемдік көре­ген­­­дігі, адами асыл қа­сиет­тері ай­на­­л­асындағы адамдарды магниттей тартып тұрады. Асқан ақыл-ой арнасын адам­зат­тық игі идеяларды жүзеге асыр­у­ға бұ­ра біледі. Соған қарамастан өзін өте қа­ра­пайым ұстайды. Халыққа түсінік­ті тілде сөйлейді.  Тығырықтан шығу жол­дарын тез табады. Ұтымды ұсы­ныс­­тармен елді елең еткізеді. Баста­ған шаруа­сын баянды етпей тын­байды. Ұлы мұрат­тар­ға ұмтылады. Бұл жа­сам­­паз­дықтың белгісі.

Ал  енді әзілге ұсталығы өз ал­ды­­на бір төбе. Бірде Орталық Азия мем­ле­кет­тері басшыларының бейресми басқосуы­нан кейін ол баспасөз орта­лы­ғын­да мәлімдеме жасады. Сөзінің соңында әдеттегідей «қоятын сауал­дары­ңыз болса, жауап беруге әзірмін» деді. Содан мен «Московский ком­со­молец­тің» тілшісі Аркадий Дубковтың микрофон сұрап отырғанын білдірмекке қолымды көтеріп әлгі әріптесім жақты нұс­қа­май­мын ба. Соны байқаған Президент мені сұр­ақ қойғысы келіп отыр деп ойласа керек. «Ерлан, сенімен үйге барған соң сөйлесеміз» деп зал­да­ғы­ларды ду күлдірді.

Мен Президенттен аспанда да ин­тервью алдым. Ұшақ бортындағы ка­би­нетіне кіргенімде неге екенін біл­мей­мін, ептеп сасқалақтап қалдым. Мық­ты­ның мысы басса керек. Отыр дегендей ишаратпен қарсы алдындағы креслоны көрсетті. Отыруға ыңғайланып әлгі орындықты жылжытсам, қатып қалған­дай орны­нан қозғалмайды. Қаттырақ тарта баста­дым. Тапжылмайды. Бәрін үнсіз бақы­лап отырған Нұрсұлтан Әбішұлы әбден әбігерленген маған қарап: «Ақы­рын, қазынаның мүлкін сын­ды­ра­сың. Анау тетік тұрған жоқ па, соны бас­саң болды», деп жылы жымиғанда маң­­дайым­­нан тер бұрқ ете қалды. 

«Назарбаевпен басты мәселе туралы»

Біздің телерадиокешен түсірген фильмдердің бәрін талдасақ талайға сілтеуіміз мүмкін. Мен солардың ішінен басқалармен салыстырғанда мойны озықтау сияқты көрінетін бір-екеуіне тоқтала кетейін. Мәселен, «Үлкен сая­сат­­тағы галстуксіз кездесулер» дейтін туын­ды­мыз бұрынғылардан бөлектеу формат­та қойылды. Режиссерлеріміз  тың із­­ден­іс­терге барып, әлемдік лидер­лер­дің бей­ресми өмірін бейне­лей­тін киноархив ма­териалдарын ақтарды. Солар­дың арасынан  бұрын-соңды көрсе­тіл­меген тосындау сюжеттерді ірікте­ді. Елбасымыздың галстуксіз кездесулерінен сыр шертетін ғажайып кадрлар таңдалып алынды. Міне, Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин тау-тасты кезіп жүр, әне Елбасы қасына ҚХР-дың экс-төрағасы Ху Цзиньтаоны отырғызып алып электро­кар­мен құйғытып келеді. Нұрағаның Дмитрий Медведевпен бірге  балық аула­ған көрінісі тіпті қыз­ық. АҚШ-тың бұрын­ғы Президенті Билл Клинтон мен қазақ үйдің ішінде емін-еркін сұхбат құрып отырған Президентіміздің бет-әлпетінде қона­ғын қоше­меттеген дала перзенті­нің даналық белгісі қылаң береді. Біз бұл арқылы мемлекет басшы­лары арасын­дағы достық пен сыйластық саясаттың сірес­кен мұзын ерітуге оң әсерін тигі­зе­тінін айтқымыз келді. 

Ал көзі қарақаты көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Назарбаевпен басты мәселе туралы» атты фильмді айрықша атап өткеніміз абзал. Мұнда бұған дейін­гі сұхбаттардың бірде-бірінде айтыл­маған сырлар ақтарылды. Өзекті әң­гіме өрбіді. Айтылмаған ақиқат қалмағандай.

Президент бұл фильмде өзі жайында, заман жайында кеңінен көсіліп толғады. Қазақстанның кешегісі мен болашағы хақында ағынан жарылды. Көгілдір экран ал­дын­дағы кө­рермендер толғауы тоқсан тіршіліктің то­лып жатқан са­уал­­да­рына жан-жақты жа­у­ап алды. Сұхбат ба­ры­сын­да өткен-кет­кенді ес­ке салатын мұ­ра­ғат­­тық тас­па­лар ұсынылды. Меніңше, ел­дің бәрін тәнті еткен ерек тұлға туралы бас­ты фильм­дерді түсіретін уақыт әлі алда.

Талғат БАТЫРХАН,

«Егемен Қазақстан»