Отырысты аша отырып, ОСК төрағасы Берік Имашев сайлау комиссияларының жаңа құрамдары 2019 жылдың бірінші тоқсанында қазіргі құрамдардың өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты қалыптасуда екенін атап көрсетті. Комиссиялардың жаңа құрамдарын сайлау бойынша мәслихаттардың сессияларын 2019 жылдың 15 қаңтарына дейін өткізу жоспарланып отыр.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның күшіне енген түзетулеріне сәйкес комиссиялардың құрамдарын қалыптастыру тәртібі реттеліп, қолданыстағы құқықтық кемшіліктер жойылды. Алғаш рет аумақтық сайлау комиссияларының жаңа құрамдарында төрағалар немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ хатшылар өздерінің өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асырады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 10-бабына сәйкес аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды.
Әрбiр саяси партия тиiстi сайлау комиссиясының құрамына бiр кандидатура ұсынуға құқылы. Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партияның мүшелерi болып табылмайтын кандидатураларды ұсынуға құқылы.
Отырыс барысында 2019 жылы сайлау комиссияларының құрамдарын қалыптастыру жөніндегі ұсынымдардың жобасы талқыланды. Пікір алмасу нәтижесі бойынша отырыстың барлық қатысушыларымен келісілген ұсынымдарды Орталық сайлау комиссиясы мақұлдады.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері «Шымкент қаласы аудандарының аумақтық сайлау комиссияларын құру туралы» қаулыны бірауыздан қабылдады.
Аталған қаулымен Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында төрт аудандық аумақтық сайлау комиссиясы құрылды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»